Елімізде жас қыздарға арналған «Tech girls» бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мәлімдеді. Жобаға 16 мен 25 жас аралығындағы қыз-келіншектер қатыса алады.
Бағдарлама ұлттық комиссияның, «Astana Hub» халықаралық технопаркі және «Techno Women» қауымдастығының бастамасымен жүзеге асып жатыр. Мұндағы мақсат – қыздардың цифрлық білімін арттыру, кодсыз және төмен кодты бағдарламалау негіздерін үйрету және қыздарды STEM-ге тартуға ықпал ету.
– Қазақстан цифрландыру саласында қарқынды дамып келеді. Бізде оффтек, финтек секторлары өте жақсы дамыған, индустрияларда цифрландыру дамып келеді. Екі айға созылатын «Tech Girls» бағдарламасы елдің барлық аймағын қамтиды. 3 мыңнан астам қыз-келіншек IT-бағыттар бойынша тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Білім беру барысында вебинарлар, воркшоптар, тікелей эфирлер, сондай-ақ «Techno Women» және «Astana Hub» сарапшылары мен тәлімгерлерімен сессиялар қарастырылған. Мысалы, «No Code School» лендингтер, сайттар, мобильді қосымшалар, чат-боттар және маркетплейстер құру негіздерін үйретеді. «Low Code» бағдарламалаудың минималды дағдылары бар қосымшаларды әзірлегісі келетіндерге жарамды, ал «Beta Career» курсы беделді IT-компанияларда мансаптық консалтинг және кәсіби бағдарламалау саласындағы тәжірибелі мамандардан әңгімелесуден сәтті өту үшін қажетті білім мен дағдыларды ұсынады. Осылайша, қыздардың ақпараттық технологиялар саласындағы әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді, – деді «Astana Hub» басқарушы директоры Дания Ахметова.
Мұндай бағдарламалардың маңыздылығын 2023 жылы іске қосылған «IT-Aiel» бағдарламасының табысты тәжірибесі дәлелдей түскен. Соның арқасында еліміздің 17 өңірінен 2 мыңнан астам жұмыссыз әйел ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға тегін оқу мүмкіндігіне ие болған. Бір жағынан бұл жобалар – таланттарды дамытуға ғана емес, Қазақстанның цифрлық экономикасының болашағына инвестиция.
– Былтыр «IT-Aiel» жобасы сәтті жүзеге асырылған еді. Онда 18 жастан асқан жұмысқа орналаспаған 2 675 әйел қатысуға өтінім беріп, «No Code School», «Freelance School», сондай-ақ негізгі компьютерлік сауат курстарын оқыды. Өтініштердің басым бөлігі 847-і Астана қаласынан және Ақмола облысынан келіп түскен, Алматы қаласы және Алматы облысы – 468, Орал қаласы және Батыс Қазақстан облысы – 275, Атырау қаласы және Атырау облысы 179 өтініш. Қатысушылардың орташа жасы 32-де болды. Бағдарлама қорытындысымен мыңнан астам адам оқуды аяқтап, өз жобаларын, ІТ өнімдерін, сайт немесе қосымша құруды растайтын сертификат алды. «IT-Aiel» жобасын өткізу тәжірибесі бізге әйелдер үшін бір-бірін қолдап, бизнес-идеялармен, тәжірибе алмасатын ортаның қалыптасуы қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Биыл біз ол жобаны жаңаша жаңғыртып, жалғастырамыз деп шештік. Өйткені былтыр бізге жас студент қыздар да, ұзақ уақыт декретте отырған әйелдер де өтінім берді. Ол – екі түрлі аудитория. Сондықтан жобаны «Tech girls» және «Techno aiel» деп екіге бөлдік. Нәтижесінде, бұл жобалар IT-кадрларды даярлауға айтарлықтай үлес қосады, ІТ сияқты перспективалы, барынша инклюзивті және қомақты ақы төленетін салаға қосылатын қыздар мен әйелдер саны артады, – деді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Алина Әбдірахманова.
Жас ұрпақты IT саласында табысты мансапқа қажетті дағдылармен қамтамасыз ететін «Tech Girls» жобасына өтінімдер биыл 7 ақпанда басталды. Құжаттар 1 наурызға дейін қабылданады.