«Egemen Qazaqstan» газетінің биылғы 22 қаңтардағы санында керекулік тілші Мұрат Қапанұлының «Қаныштың әкесі Имантай хақында» деген мақаласы басылды. Мақаланы оқыған соң, еріксіз қолыма қалам алуға тура келді. Себебі Қаныштың әкесі Имантайдың өлімі мақалада жазылған ақпараттан басқаша.
Имантай ақсақалдың өлімі туралы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының «Бұқар жырау жаршысы» газетінде Е.А.Бөкетов атындағы университетінің оқытушысы Ернар Кейкінің көлемді мақаласы 2021 жылы 13 қараша жарияланған. Ол «Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантайдың өлімінде неге бірізділік жоқ?» деп аталады.
Бұл мақалада айтылған едәуір дерек тіпті шындыққа жанаспайды. Аттарын атамай-ақ қояйын, іштерінде өзім сыйлайтын академиктер, ғылым докторлары, профессорлар да бар.
Ал енді Имантай ақсақалдың өлімі туралы естіген, дәлелді білгендерімді айтсам: 1928 жылы Сәтбай әулетінің үлкені Имантайдың мал-мүлкі тәркіленді. Кім білсін, әлде Имекең қарсылық жасады ма, ол кісіні тұтқындап, Баянауыл түрмесіне алып кетеді.
Енді аздап шегініс жасасам: менің әкем Жұмаш Шәдетов Сәтбай әулетімен көршілес ағайын екен. Кеңес үкіметі келгенде кедей, пысық әкем большевиктер партиясына кандидат болады. Бұл 1928 жыл еді. Кейін партия, совет, шаруашылық жұмыстарын атқарған.
Алғаш кеңес өкіметіндегі жұмысы (1928 жыл) Сарқамыс болыстық «Қосшысын» басқарады. Имантай ақсақалды Баянауылға түрмеге әкеткенін естіген әкем ертеңінде Баянауылдағы түрмеге барса, түрмедегілер түнде Имекең қайтыс болғанын айтады. Әкем Жұмаш атарба тауып, Имантайдың мәйітін елдегі қыстауы Айрыққа апарады. Ағайын-туыстары жиналып жерлейді.
Баянауылдық белгілі тарихшы, ғалым Мақсат Алпысбес: «1991 жылы Баянауылдағы Қаныш Сәтбаев музейінің директоры болған Төлеутай Әбжанұлы Әбілдиннің айтуынша, 1928 жылы Имантайды Баянауылдың НКВД-сына әкеп, қинап, ұрып-соғып, босатып жібергенде, Сабындыкөлдің маңайында кетіп бара жатып, сол соққыдан қайтыс болды деп айтып отыратын», дейді.
Бөпежан Аяпбергенов пен жазушы Қалмұқан Исабаевтың 1999 жылы «Өлке» баспасынан шыққан «Қаныш аға осындай еді» атты кітабында Имантай ақсақалдың өлімінің шын ақиқаты айтылған.
Бөпежан Аяпбергенов – Қаныш Имантайұлының көмекшісі, 20 жыл тиянақты серігі болған. Бөпежан Байбалаұлы – тарихи тұлғаларға халық атынан қызмет көрсетудің үлгісі.
Бөпежан Аяпбергенов – Бұқар жырау Қалқаманұлының жетінші ұрпағы. Жиырма жыл Қанекеңнің шетелге сапарларында, ел ішіндегі іссапарында жанында болып, інісіндей адалдықпен қызмет еткен адам.
Осы кітаптың 47-бетінен үзінді келтірсем: «Баянауыл өңірінде алғашқы ірі байлар ретінде 1928 жылы Сәтбай мен Шорман ұрпағы тәркіленді. Ол кезде әулет үлкені Имантай болатын. Тегі тәркілеу кезінде қарсылық көрсетіп, белсенділермен сөз таластырды ма екен, милиция дереу тұтқындап, Баянауыл түрмесіне алып келіп қамайды. Жұмаш деген ауыл жігіті ертеңінде ас-ауқат алып келгенде, оған Имантайдың өткен түнде қайтыс болып кеткенін хабарлайды».
Хабарды төбесіне жай түскендей тыңдаған Жұмаш қораға шығарып тастаған Имантай денесін арбаға салып алып, Айрыққа әкеліп, ауыл-ел болып жыласып-сықтасып жерлейді.
Сол кездегі әулет үлкені дүниеден осылай өткен екен. Бұл оқиға Бөкеңнің (Бөпежанның) дәл осы уақытта түрмеде отырған Оразбай деген ағасының көз алдында өтеді.
«Қаныш аға осындай еді» кітабының 99-бетінде Имантай ақсалдың өлімі туралы айтылады. Ел азаматы Жұмаш Шәдетұлының Имекең мәйітін Баянауыл түрмесінен туыстары Айрыққа әкеліп, ел жиналып жерлегені нақты жазылған.
Міне, қайғылы оқиғаның шындығы осы. Әрине, бәріне большевиктік төңкеріс пен соның саяси зардаптары кінәлі екені түсінікті. Бірақ тұлға танушылардан Қанекең әкесі қазасын сан саққа жүгіртпей, осы Б.Аяпбергенов нұсқасында жазуды сұрар едік.
1958 жылы жаз айында Қаныш Сәтбаев арнайы келіп, ата-анасының аруағы алдындағы борышын өтеді. Қордайдың табиғи тасынан ескерткіш белгі қойып, рухтарына құран бағышталды.
Қайтарында Үлгі ауылында тұратын туысы әрі құрдасы Жұмаш Шәдетовтің үйіне соғып, 1950 жылы Қазақ КСР Жоғары кеңесіне депутаттыққа кандидат болғанда сайлаушылардың аманаты орайында ағаш егіп, парк ашу ісін көріп, ризашылық білдіреді.
Бұл Қаныш ағаның елге ақыры келуі еді.
Жеңіс ШӘДЕТОВ,
еңбек ардагері
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы,
Үміткер ауылы