Кітап – ақылды қуаттандыратын, рухани азық болатын құрал. Жетістікке жеткен кез келген адамнан сұрасаңыз, қай-қайсысы болсын алдымен кітап оқуға кеңес береді. Көп оқу арқылы таным көкжиегі кеңейіп, тіл байлығы жақсаратыны мәлім. Өкінішке қарай, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы әсерінен қоғамда тұрақты кітап оқырмандарының үлесі айтарлықтай азайған. Соның салдарынан өз ойын толық жеткізе алмайтын, тілі шорқақ, ойталқыда тосырқап қалатын жастар көбейді. Тіпті аға буын өкілдері арасында да осы мәселе жиі кездесіп жатады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласындағы Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырды. Мемлекет басшысы «Балалар үшін смартфонның кітапты алмастыруына рұқсат етуге болмайды. Бүгінде еліміздің мектеп кітапханаларында 130 миллион кітап бар. Алайда олардың арасында көркем әдебиеттің үлесі 40 миллион ғана. Бұл – еліміз үшін өте төмен көрсеткіш», деп өзекті мәселені көтерген еді. Осы түйткілдің шешімін тапқан Астана қаласының Білім басқармасы «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасын әзірлеген еді. Бүгінде бұл бастама елорданың барлық білім беру ұйымында жүргізіліп жатыр. Оқушылар әр ауысымның алдында сабақ басталмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқуға арнайды. Жылдың соңына дейін олар отандық әдебиет пен әлем әдебиетінің ең озық әрі таңдаулы шығармаларымен танысады. Әр ай сайын кітаптың тақырыптары ауысып отырады. Мәселен, балалар қараша айында ұлттық мүддені қалыптастыру, туған жер, мемлекетшілдік, ел тарихын құрметтеу тақырыбындағы кітаптар оқыса, желтоқсан айында азаматтық болмысты қалыптастыратын шығармаларды оқыған. Қаңтар айында отбасылық құндылықтар, ата-анаға деген махаббат, адамгершілік мінез-құлық нормаларына тәрбиелейтін шығармалар болса, ақпан айында саламатты өмір салтын ұстану, жан мен тән тазалығының сақталуы, қоршаған ортаға қамқорлық таныту тақырыбындағы кітаптарды оқып жатыр.
– Жоба жапон тәжірибесінен алынды. Іссапармен Жапонияға барғанымызда «8 минуттық кітап оқу» бағдарламасымен таныстық. Аталған бағдарламаны зерттей келе, сабақтың алдында кітап оқу – академиялық көрсеткіштерді жақсартуға және оқуға деген қызығушылықты арттыруға көмектесетінін білдік. Сонымен қатар Ұлыбритания астанасы Лондон қаласындағы мектептерде де балалардың сауаттылығын қалыптастыруға 6 минуттық кітап оқу жүзеге асырылады екен. Бұл тәжірибе біздің білім беру жүйесіне де қажет деп санап, оқу жылының 2-тоқсанынан бастап Астана қаласы бойынша білім беру ұйымдарына енгіздік. Бұл тәжірибені педагогикалық зерттеулер қолдайды. Жоба артықшылығы кітапханашылар, сынып жетекшілері мен пән мұғалімдерінің бірлескен жұмысы нығайды. Басталғанына 4 ай болған жоба бүгінде жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Соның ішінде оқушылардың бір-бірімен ана тілінде сөйлесуі, көркем әдебиетке деген қызығушылықтарының артуы көңіл қуантады. Сондай-ақ сабаққа кешігіп келу мәселесі бірте-бірте азайып келеді, – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» басшысы Сындар Дауешова.
Расында, бұндай тағылымды жобалардың арқасында келешекте оқушылардың сөйлеу мәдениеті дамып, ойын еркін жеткізетін болады. Білім беру ұйымдары аталған бастаманы ерекше қабылдап, жоба енгізілген сәттен бастап бірден іске кіріскен. Сондай білім ордасының бірі – Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейі. Ұстаздардың айтуынша, әуелгіде оқушылар бұл өзгеріске үйрене алмаған. Қағаз кітап оқудан бас тартып, электронды кітаптарды оқуды ұсынған екен.
– Бастапқыда аталған жобаны іске асыру оқушылар үшін қиын болды. Бұған дейін смартфонға әбден үйренген балалар қағаз кітапты оқуды қиынсынды. Шығармалардың аудионұсқаларын тауып, тыңдай салуды да ұсынды. Дегенмен кітапханашылар мен ұстаздар қауымы оқушыларды оқуға ынталандыруға көптеген жұмыс жүргізді. Әр қабатқа кітап сөрелерін қойып, оқыған шығарманы баланың санасына тереңірек сіңіру мақсатында талдауға арналған түрлі іс-шара ұйымдастырдық. Нәтижесі көңіл қуантады. Бүгінде берілген тақырыптарға байланысты шығармаларды пән мұғалімдері кітапханашылармен ақылдаса ұсынады, – дейді Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейінің директоры Зәуреш Әділбекова.
Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятатын жоба жыл соңына дейін жалғасын табады. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деп әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, кітап біздің серігімізге айналуға тиіс. Әлемдік деңгейде тәжірибесі бар жоба тек елордамызда ғана емес, еліміздің барша білім беру ұйымдарында жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Еркеназ ҚОРДАБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті