• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Дін 13 Ақпан, 2024

«Ақсақалдарды мешіттен емес, мейрамханадан жиі көреміз». Имам дін саласындағы түйткілді айтты

406 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan»  газеті  «Елдік құндылықтар: дін, діл, дәстүр» тақырыбында  ұйымдастырған  дөңгелек үстелде ҚМДБ Діни уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров дінді дәстүрден алшақ ұғындыруға болмайтынын айтты. Мемлекеттің ұстыны саналатын дәстүрді дін арқылы дәріптеу қалай жүзеге асып келеді? Мүфтият уағыз-насихатты қаншалықты өз дәргейінде жүргізе алып жатқанын Батыржан Мансұровтан сұрадық.

– «Қол ұстасып Құдайға, ғылым мен дін бірге бар» деп Мұқағали Мақатаев жырлаған асыл дінімізді өз биігінде дәріптеуде ұлттық құндылықтарға қаншалықты қайырыла алып  жүрміз?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған шақтан бастап негізгі ұстанған бағыты – қоғаммен тығыз қатынас орнатып, ұлттық құндылық аясында асыл дінімізді  насихаттау.  Ата-бабамыздың ұстанған жолын, мұраға қалған дініміздің өркен жайып, тамырын тереңге бойлату үшін игілікті іс, ауқымды жобалар іске асырылып келеді.  Мүфтият биылғы  жылды «Ислам және  дәстүр құндылығына» арнап, осы өрісте бірнеше іс-шараны қолға алмақ. Алғашқы шаруа ер Тұранның бесігі саналған киелі Түркістан қаласында іске асты. Дін мен дәстүр қатар өрілген түсінік екені дәріптелген конференцияға зиялы қауым, дін өкілдері, жастар буыны қатысып, ислам әлемі мен дәстүр құндылығын қабыстырған келелі ой айтылды.

– Діни түрлі ағымдардың  дендеп енуі қоғамды жікке бөліп, жан-жаққа тартуына әсерін тигізіп отыр. Дәстүрімізді көмескілеп, діннің түрлі саласын сыналап енгізуге де ұмтылатындар жоқ емес.

– Тәуелсіздігімізді жариялаған елең-алаң шақта есігімізді де айқара ашып тастадық. Ертеректе намаз оқимын деген мүмінге көпшіліктің көзқарасы да, ықыласы да алабөтен өзгеше еді. Жайнамазын  беріп, төрін ұсынып құрметін көрсететін. Қазір түрлі ағымның әсері шығар, намаз оқитын жаннан қай мәсхабты ұстанасың, бағытың қандай деп үрке қарайтын күйге түстік. Мұның барлығы да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шеттен  діни білім алуға барған  азаматтардың сіңіріп келген ілім-білімін жұртқа әркім өз бағытымен  жеткізуінің жемісі деуге болады. Дінді дәстүрден  алшақтата дәріптеуге де осы әсер етті. Діни  білім алуға   аттанған жастардың кейбірі мұсылман елдеріндегі оқу орындарында тек оқып қана қойған жоқ, сол мемлекеттің салт-дәстүрін, ұлттық құндылығын да сіңіріп әкеп, қазақ қоғамына дінмен қатар ұғындыруға тырысты. Дәстүрді, ұлттық құндылықты әр адам бойына әкенің қаны, ананың сүтімен сіңіргенде ғана жаһандық жұтылуға төтеп беретін иммунитет қалыптасады. Ал біздің діни білім іздеген жастарымыз Иранда, Түркияда, Өзбекстанда, Сауд Арабиясында, Мысырда, Пәкістанда ілімін жетілдірумен қоса сол елдердің тұрмыс-салтын, дәстүрін де көрді, көріп қана қойған жоқ санасына құйып алды. Елге келген соң әркім өзінің білім алған діни мектептерінің ақидасы бойынша жастарға насихат айтуға көшті. Діни сауаты жоғары болғанымен де өзіміздің ұлттық  дәстүрімізден ажырап қалған олардың санасында жат елдің құндылығы жаңғырып тұрды.

– Таяқтың екі ұшы болатыны секілді тоқсаныншы жылдардағы тоқырау  тек экономикамызды ғана тұралатқан жоқ,  рухани-мәдени өрісімізге де ауыр соққы болып тигені шындық. Егер сол жастарымыз салт-дәстүрімізді, ұлттық менталитетімізді  жадына  тоқып барса, мүмкін өзге елдің  әдет-ғұрпына бұлай құлай кетпес пе еді?

– Солай болып отыр. Дінді балталасаң да біздің ата-бабамыздың салт-дәстүрінен ажырата алмайсың. Обал мен сауапты ата-бабамыз түрлі хадистегі аяттан мысал келтіріп айтпаса да  күнделікті тұрмысында қолданып келеді. Нан қиқымын шашпауды, жерге түссе баспауды үлкендер обал, ысырап болады деп үйретті. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадисінде де нанды баспауға  байланысты аят  бар. «Нанға құрмет көр­сетіңіз. Өйткені ол Алла Тағала тара­пынан аспанның берекеті болып бізге түскен. Ал кімде-кім жердегі нан қиқымын алып жейтін болса, оның күнәсі кешіріледі», дейді.

Дінді қорқыныш ұясы етіп көрсету әсте дұрыс емес. Керісінше дәстүрімізбен қабыстыра дәріптеп, жастардың бойына сіңіру керек. Өз басым мешіт жамағаты алдында, көпшілікпен кездесудегі уағыз-насихат айтқанда Абайдың, Шәкәрімнің жырларынан мысал келтіріп, әдебиеттің өзге де алыптарының  шығармаларынан, Алаш қайраткерлерінің өнегесінен үзінді оқып, асыл дініміздің ұлттық салт-дәстүрімізбен біте қайнасып жатқанын мүмкіндігім жеткенше айтамын.

– Қоғамның қозғаушы күші жастар кімге еліктеуі керек?

– Әрине зиялыға. Бірақ біздің зиялы деп жүрген алдыңғы топ, аға буынның діни  танымы терең деп айта аламыз ба? Біз зиялы деп танитын азаматтардың басым көпшілігі кешегі кеңестік идеологияны бойына сіңіріп өсті. Кеңестік мектепте сусындаған  аға буын өкілдерінің көпшілігі бес парызды қалай дұрыс өтеп, ұстану керектігін тереңдей білмейді. Тәуелсіздікпен тұспа-тұс дінімізді дәріптеуге еркіндік берілді. Басқа да құндылықтар бой көрсетті. Рас, қазіргі қазақ қоғамында жастар өзіне қарап бой түзеп, үлгі тұтып жүретін зиялы тұлғалар керек.

Атырауда облыстың бас имамы қызметін алты жыл атқардым. Ауыл, ауданын аралап, діни ахуал ушыққан кезде облыс әкіміне айтып жүріп ақсақалдар алқасын құрғыздым, жергілікті ақсақалдар институтының жұмысын  жандандырып ұйқысынан оятып алдық.  Мешітке ақсақалдарды жастарға үлгі болып отырса деп жалынғандай шақырушы едік. Ал ас өткен жерде, тойда  қарияларымызды көп көреміз. 

Қайбір жылы Түркиядан делегат келді. Ішінде дін өкілі, әкім лауазымындағы тұлға да бар. Жұма намазға келген жастарымыздың шоғырын көріп қуанды Бірақ солардың арасында қариялардың тым сирек отырғанын байқап таңғалды. Қария  жасына жеткен  кісілердің дені кешегі  кеңестік идеологиямен сусындап өскендігінің бір көрінісі осындайда айқындала түседі.

– Ата-бабамыз ұстанған асыл дінімізді дамытып, өрісін кеңейту үшін қандай қарекет жасаған жөн?

– Дінді мемлекеттік саясаттан бөлек деп шетқақпайлауға болмайды.  Керісінше, дінді реттеуге мемлекет мүдделі болып ықпал етуі қажет. Түбіміз бір туысқан  Түркия елінде имамдар шаруашылық жұмыспен емес, руханиятты нығайту жолында тек ағартушылық қызметті арқалайды. Мемлекет еңбекақымен қамтамасыз еткен соң садақаға көз сатып алаңдамайды. Ал біздің елде имамдар мешітке қалталы азамат келсе, Алла үйінің тесілген төбесін, аршылған сылағын айтып көмектесуін өтінеді. Уағыз-насихат жүргізумен қатар шаруашылыққа да бас ауыртады. ҚМДБ төрағасы,  бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да баяндамасында білімге баса назар аударып, отандық діни  институтты нығайтуға басымдық берілетінін айтты. Жергілікті дін кәсіби біліктілігі де артып келеді, магистратура,  PhD бітірген кадрлар саны артқанына қуанамыз. 30 жылдың ішінде жоғары білімді дін қызметкерлерінің қатары енді 75 пайызға жетті. Іс ілгері басып келеді. «Жиғанымды алсаң да, иманымды алма, Құдай» деген елдің ұрпағымыз, иман ахуалымыз ешқашан әлсіремеуі керек.