• RUB:
    5.03
  • USD:
    488.26
  • EUR:
    530.54
Басты сайтқа өту
Халық 14 Ақпан, 2024

Қандасқа қолдау қандай деңгейде?

242 рет
көрсетілді

Былтыр «Отандастар» форумының ашылуында Мемлекет басшысы «Қай мемле­кетте мекен етсе де, қазақтың бір ғана Отаны бар – ол Қазақстан. Сон­дық­тан біз шетелде тұратын қандастарымызды қолдауға қашанда мән береміз. Олардың тарихи Отанына қоныс аударуына толық жағдай жасалған» деді.

Кейінгі жылдары шетелдегі қазақтар­мен байланыс орнатып, олардың атамекенге оралуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет саясатының игілігін кө­ріп, туған жерге оралған отандастар бү­гін­де ел демографиясы мен экономи­ка­сының дамуына үлес қосып келеді.

Атамекенді аңсап келген ағайынның мәселесін Президент үнемі назарға алып, бұл бағыттағы тапсырмаларды Үкімет пен Президент Әкімшілігіне шешуді жүктеп келеді. Нәтижесі де жаман емес. Қазір оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Еліміз егемендік алған күннен бастап этностық қазақтардың тарихи отанына оралуын ынталандыруға көңіл бөлінген.

Кейінгі 33 жылда 1 млн 129,6 мың адам Отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл ел халқының 5,6%-ын құрайды. Алғашқы он жылдың өзінде 500 мыңға жуық этностық қазақ атамекеніне көшіп келген. Осы­ның өзі шеттегі қазақтардың негізгі бөлігі ел тәуелсіздігінің ал­ғаш­қы жылдарында-ақ елге орал­ғанын айғақтайды.

Дегенмен кейінгі жылда­ры елге оралып жатқан жат жұрт­тағы ағайынның көбі тұ­рақ­ты тұру үшін елдің оңтүстік-ба­тыс өңірлерін, астана мен респуб­ли­калық маңызы бар қалаларды таң­дайды. Дені халық аз қоныстанған өзге өңірлерге баруға ниетті емес.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі Кө­ші-қон комитетінің төрағасы Ас­қарбек Ертаевтың айтуынша, қандастардың 34%-ы – Алматы, 15,3%-ы – Маңғыстау, 9,6%-ы – Түркістан облысы, 7%-ы – Астана, 6,2%-ы – Шым­кент қаласы, сон­дай-ақ 5,9%-ы – Жамбыл об­­лысы және 5,2%-ы Алматы қа­ласына қоныстандырылған. Бұл көрсеткіштер былтырғы жыл­­дың қорытындысымен 21 325 эт­ностық қазақты құрайды. Былтыр жыл басынан Қазақстан­ға келген қандастардың жартысы, яғни 50,3 пайызы – Өз­бек­стан, 21,5 пайызы – Қытай, 10,2 пайызы – Моңғолия, 9,2 пайы­зы – Түрікменстан, 6,8 пайы­зы – Ресей және 2 пайызы басқа ел­дерден келген. Оның ішін­де ең­бекке қабілетті жастағы қоныс ауда­рушылардың саны 60,2 пайыз­ды құраса, балалар – 30,9 және зейнеткерлер 8,9 пайыз­ды құрап отыр. Ал еңбекке қа­бі­летті жастағы қандастардың іші­нен 15,3%-ның білім деңгейі жо­ғары болса, 32,4%-ы орта кәсі­би білімді, 44,3%-ы жалпы орта бі­лімді, қалған 8,3%-да білімі жоқ.

Комитет берген мәліметке сүйенсек, жалпы алғанда, қандас­тардың кейінгі 5 жылдағы орташа жылдық саны 18 мың адамды құраған екен. Сондықтан былтыр 13 тамызға дейін ел аумағында тұрғылықты жерін таңдауды негізінен қандастар өз қалауы бойынша дербес айқындады. Осылай деген Асқарбек Марат­ұлы: «Демографиялық және эко­но­микалық үрдістерді еске­ре отырып, қандастарды қоныс­тан­дыру саясатын реформалау және ішкі көші-қонды рет­теу мақсатында 2023-2027 жыл­дарға арналған көші-қон саяса­тының тұжырымдамасы бекітіл­ген. Бұл құжат еңбек күші артық және еңбек күші тапшы өңірлер ара­сын­дағы демографиялық тең­герім­сіздікті теңестіру мақса­тын­да отан­дастарымыздың және қан­дас­тардың ішкі ұтқырлы­ғын ынталандыруға бағыттал­ған. Қазір қандастарды қоныстан­дыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр», дейді.

Біріншіден, Қазақстанда сұ­ранысқа ие кәсіптері бар адам­дардың өз бетінше жұмыс та­буға мүмкіндігі бар болса, онда қандас мәртебесін алған эт­нос­тық қазақ қоныс ауда­ру үшін кез келген өңірге жібері­леді. Екін­шіден, қоныс­танушы осы елде тұратын жақын туыста­ры­ның тұрғылықты жері бойынша өңірлерге қоныстана алады. Бұл үшін отбасы мүшелерімен немесе жақын туыстарымен туыстығын растайтын құжат талап етіледі. Үшіншіден, демог­рафиялық даму қажеттілігі бар агломерациялар, ауылдық елді мекендер және даму әлеуеті бар қалаларға жіберіледі. Бұл бойынша қандастар елдің кез келген аймағында қоныстануға мүмкіндігі бар. Мысалы, Алма­ты агломерациясында – 99, Ас­танада – 46, Шымкентте – 113, Ақтөбеде – 22, Қарағандыда 31 елді мекен кіреді. Ал Ұлт­тық эко­номика министрінің бұй­ры­ғына сәйкес, қоныстануға 18 мо­но­қала ұсынылған. Сондай-ақ қоныстану үшін 42 шағын қала мен 6 293 ауылдық елді ме­кен бар. Төртіншіден, жоғары оқу орындарында оқитындар оқу орны орналасқан жерге қоныс­тан­дырылады. Бесіншісі, сұра­ныс­қа ие кәсiбі және жақын туыстары болмаған жағдайда этностық қазақтар мемлекеттiк қолдау шараларын ала отырып, Үкiмет айқындаған өңiрлерге жiберiледi. Мұндай аймақтарға Ақмола, Аты­рау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Пав­ло­дар, Солтүстік Қазақстан облыс­тары және Абай облысы кіреді. Ал солтүстік өңірлерге қоныс­танған қандастарға мемлекет тарапынан материалдық қолдау шаралары беріледі.

«Қазір материалдық көмек белгіленген өңірге көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне бір мезгілде 70 АЕК мөлшерінде немесе 258,4 мың теңге беріледі. Ал тұрғын үйді жалдауға және жалға алуға ай сайын 20-дан 30 АЕК-ке дейін немесе 73,8-110,7 мың теңге аралығында қар­­жы ұсынылады. Сондай-ақ қан­дастардың үй-жай мәселесін түбегейлі шешу мақсатында былтырдан бастап тұрғын үй сатып алуға 50% мөлшерінде, бірақ 4,2 млн теңгеден аспайтын сомада қаржылай көмек алу құқығымен экономикалық мобильділік сертификаты енгі­зіл­ді. Былтыр тұрғын үймен қам­тамасыз ету үшін 5,4 млрд теңгеге 1 290 экономикалық мо­бильділік сертификаты беріл­ді. Жалпы, былтыр 8 903 адам немесе 2 558 отбасы еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстанды. Еңбекке қабілетті жастағы 4 158 адамның 3 079-ы тұрақты жұ­мыс орнына орналастырылып, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Бизнесті бастау үшін 35 адам грант алды», дей­ді Асқар­бек Ертаев. Сондай-ақ ол биыл да Үкімет 9 433 адам­ды көшіру жоспарлап отырға­нын жеткізді. Солтүстік өңір­лер­ге көшті ынталантыру мақса­тында ортаға бейімдеу мен ин­теграциялаудың жаңа алгорит­мі іске асырылмақ. Қазір бұл алгоритм Шығыс Қазақстан және Павлодар облыс­тарында қанатқақты режімде іске қо­сыл­ған. Оған сәйкес, отбасын, оның ішінде балаларды қол­дауға жан-жақты көмек ұсы­ны­луға тиіс. Ең маңыздысы, қыз­мет көрсетудің жоспарлы мерзім­дері цифрлық форматта жүрсе, алғашқы үш жыл тоқсан сайын, ал келесі төртінші және бесінші жылдар жартыжылдық негізде жүзеге асырылады екен. Сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай және Абай облыс­тарында қандастар мен қоныс аударушыларды ақпараттық, аудармалық, білім беру және басқа да бейімдеу қызметтерімен қамтамасыз ету үшін бейімдеу және интеграциялау орталықтары құрылды. Ал былтыр жыл аяғында іс­ке қо­сылған «eQonaq-Kutty Meken» мо­бильді қосымшасы эт­ностық қазақтардың қандас мәр­тебесін алуға өтініш беру үде­рісін жеңілдетуге арналып отыр. Министрлік тарапынан қосымшаның қандас мәрте­бе­сін алу кезінде туындаған қиын­­дықтарына байланысты күнделікті мониторинг жүр­гізеді. Мәселен, қазірдің өзінде 124 өтініш берушіде осындай қиындық анықталса, бұл бойынша тексеріс жүргізіліп, 73 өтініш беруші қандас мәртебесін алды және 11 өтініші қаралып жатыр. Комитет өкілінің ай­туын­ша, қалған өтініш беру­шілерге де жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қандас мәртебесін алу үшін қажетті консуль­та­тивтік және практикалық көмек көрсетіліп жатыр. «16 адам қан­дас мәртебесін алуға өті­ніш берген. Сондай-ақ 2 өті­ніш беруші бұған дейін қан­дас мәртебесін алып, мерзімін ұзарт­қан. Сондықтан оларға қан­дас мәртебесін қайта алуға жәр­дем­десу мүмкін емес. Айта кету керек, қандастарды қабыл­дау­дың жаңа механизмін ен­гізгенге дейін елімізге 15 мың қандас келген, ал жаңа жүйе­мен келгендердің саны 6 200 адамға жетті. Оның 2 927-сі сол­­түстік өңірлерге, 7-еуі аг­ло­ме­­рация ай­мақ­тарына қоныс­танса, 3241-і от­басымен бірігу мақ­сатында келген және 25-і жұмысқа орналасу мақсатында қандас мәртебесін алды», дейді Асқарбек Ертаев.

Мемлекет қолдауының арқа­сында бүгінде тарихи отанына оралғысы келетіндердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл орай­да қандастардың көшін жеңіл­­детіп, атамекенде өсіп-өнуі­­не мүмкіндік жасалғаны дұрыс-ақ. Өкінішке қарай, қан­дас мәрте­бе­сін алудағы кей қиын­дық Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Қытай­дағы этнос­тық қазақ­тар үшін әлі өзекті болып тұр. «Елге ел қосылса – құт» демекші, тағ­дыр­­дың түрлі сына­ғында тарыдай шашылған қандастар құт мекенге оралып жатса, нұр үстіне нұр.