Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы 2024 жылғы ақпандағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығы кәсіби қатысушыларының кезекті сауалнамасының нәтижелерін ұсынды. Зерттеуде қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының, банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдар өкілдерінің, талдау және қазынашылық бөлімшелері қызметкерлерінің пікірі зерделенді.
Таяп келе жатқан салық кезең қарсаңында қаржы нарығы сарапшыларының ұлттық валюта бағамына қатысты қысқамерзімді күтулері біршама жақсарыпты. Наурыз айының басында доллар мен теңге бағамы бір доллар үшін 455,0 теңге (1 ай бұрын 457,4 теңге) белгісінде болжанады. Дегенмен алдағы уақытта мұнай бағасының құбылуы, базалық мөлшерлеменің төмендеуіне байланысты теңге құралдарының тартымдылығының азаюы, сондай-ақ импорт пен сыртқы борыш бойынша төлемдердің өсуі аясында ұлттық валютаның бір доллар үшін 478,3 теңгеге дейін әлсіреуі байқалуы мүмкін.
Ал мұнай бағасы бойынша күту бір жылдан кейін нашарлап, қаңтар айындағы 85,4 долларға қарсы барреліне 83,9 долларды құрапты.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылардың 83 пайызы келесі отырыста базалық пайыздық мөлшерлеме төмендейді деп күтсе, соның ішінде 67 пайызы нақтылы 25 базалық тармаққа, яғни 15,25-тен 15,0 пайызға дейін төмендейді деп күтіп отырғанын мәлімдеген.
«Сыртқы жағдайлардың жақсаруы және елде жүргізіліп жатқан инфляцияға қарсы саясат сарапшылардың инфляциялық күтуінің айтарлықтай жақсаруына ықпал етті. 12 ай өткеннен кейін жылдық 12,5 пайыз базалық мөлшерлемемен инфляция 8,8 пайызды (1 ай бұрын 9,7 пайыз) құрауы мүмкін», делінеді қауымдастық ақпаратында.