• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Ақпан, 2024

Қазақстан – инвестициялық тартымды ел

227 рет
көрсетілді

Мемлекет жақын арада жаңа ин­вес­тициялық кезеңді бас­тауға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев солай деді. Мем­ле­кет басшысының айтуынша, негізгі капиталға салын­ған инвес­ти­ция­ның ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) шақ­қан­дағы үлесі аза­йып бара жатыр. Мұның соңы эко­номикаға жеткілікті деңгейде қаражат құя ал­мауға әке­ле­ді. Сал­да­рынан ал­да­ғы жылдары елдің даму қар­қы­нын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін деген қауіпті де айтты Пре­зидент.

«Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі меке­ме­лердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бас­тысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еліміздің инвестициялық тартым­ды­лығы туралы айтқанда қос көзқарас иықтасып қалады. Иә, біз расында инвестиция тарту тұрғысынан тәуір елміз. Орталық Азиядағы көшбасшымыз. Ал екінші қырын сарапшылар сәл кейінірек тарқатып береді.

Былтыр жаһандық тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) айналымы шамамен 1,37 трлн доллар болып, 2022 жылмен салыстырғанда 3 пайызға артқан. Рецессия қорқынышының басылуы қаржы нарықтарындағы жақсы нәтижеге себеп болыпты. Дегенмен жалпы өсім негізінен бірнеше еуропалық инвестиция алушы елдердегі ағынның жоғарылауымен байланысты болған. Әйтпесе, жаһандық ТШИ ағыны 18 пайызға төмендеген. Әлемде ТШИ ағынының қысқаруына қарамастан, Қазақстан көрсеткіштері өсім көрсетті.

2022 жылдың қорытындысы бо­йынша, елімізге тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 17,7 пайызға өсіп, соңғы онжылдықтағы рекордтық мәнге – 28 млрд долларға жетті. Тікелей шетелдік инвестицияның ең көп ағыны дәстүрлі түрде тау-кен өнеркәсібіне тиесілі болды. 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл салаға 8,6 млрд доллар құйылған. Сондай-ақ айтарлықтай көлем өңдеу өнеркәсібінде (3,9 млрд доллар), сауда секторында (3,8 млрд доллар), көлік және қойма өнеркәсібінде (854,9 млн доллар), қаржы және сақтандыру қызметінде (725,3 млн доллар), құрылыс секторында (412,7 млн доллар) байқалады. Ақпарат және коммуникация саласына келген инвестиция – 319,3 млн доллар.

Инвестор елдер бойынша Қазақстанға ең көп ТШИ ағыны Нидерландтан (4,6 млрд доллар), АҚШ-тан (3,1 млрд доллар), Швейцариядан (1,9 млрд доллар), Ресейден (1,8 млрд доллар),  Қытайдан (1,4 млрд доллар) келіпті. Көшбасшылар қатарында Оңтүстік Корея, Бельгия, Франция, Германия және Ұлыбритания елдері де бар.

Өңірлер бөлінісінде шетелдік инвестицияны иелену бойынша Алматы қаласы алда тұр. Мегаполиске 6 млрд доллар ТШИ келіп түскен. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,6 пайызға өсім бар. Атырау облысына – 5,5 млрд доллар (-26,2 пайыз), Шығыс Қазақстан облысына – 1,6 млрд доллар (-25,1 пайыз), Астана қаласына – 1,2 млрд доллар (+52,3 пайыз), БҚО-ға – 880,1 млн доллар (+4,4 пайыз) қаражат келген.

Еліміздің жоғары инвестициялық тартым­дылығын халықаралық даму инс­титут­тары растайды. Еуразиялық даму банкінің (ЕДБ) «ЕАДБ өзара инвес­тицияларының мониторингі – 2023» есебінде Қазақстан өзара ТШИ көлемі бойынша Еуразия аймағындағы инвес­тиция үшін ең тартымды ел екені атап өтілген. Еуразия аймағындағы өзара ТШИ алушы ретінде Қазақстанның үлесі 2017 жылғы 21,7 пайыздан 2023 жылы 27,2 пайызға дейін өскен, бұл аймақтағы ең жоғары көрсеткіш саналады. Одан кейін Өзбекстан (19,8 пайыз үлес), Беларусь (12 пайыз), Ресей (9,8 пайыз), Әзербайжан (8,7 пайыз), Армения (6,8 пайыз), Грузия (6,1 пайыз) және Украина (3,7 пайыз) тұр.

Тағы бір айта кетерлігі – теңізге шығу жолы жоқ 32 дамушы елде ТШИ 6 пайызға артқан, олардың арасында да ең үлкен көлем бізге тиесілі. Сонымен қатар Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі және Орталық Азияның 15 елі арасында 61 пайыз үлеспен ТШИ таза ағыны бойынша жетекші орынға шықты.

Әрине, ТШИ ағынының көбеюі тектен-тек бола салған жетістік емес. Бұл орайда инвестициялық тартымдылықты қолдау бойынша көптеген шара қолға алынды. 2023 жылғы 5 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел экономикасына инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Сонымен бірге Президент Үкімет алдына 2029 жылға қарай экономиканың көлемін 450 млрд долларға, яғни екі есе ұлғайту жөнінде ауқымды міндет қойды. Инвестицияларды тарту – Қазақстан экономикасының өсуінің негізгі факторы. Еліміз 2029 жылға қарай кем дегенде 150 млрд доллар болатын шетелдік инвестиция тартуды көздеп отыр.

Тікелей шетелдік инвестиция жаңа кәсіпорындарды құруға және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге ықпал ету арқылы өндірісті арттыруға көмектеседі. Бұл ұлттық табыстың өсуіне және эко­но­микалық белсенділіктің жақсаруына әсер етеді.

Өркениет және шығыс тілдері ұлттық институтының вице-президенті Жюльен Веркейдің айтуынша, Қазақстанның барлық әлемдік компаниялар үшін өңірдің негізгі алаңына айналу мүм­кіндігі бар.

«Бір-бірін қолдауға тиіс екі феномен бар. Әлемдік капитализмнің клас­си­­калық феномені – бұл жеке сектор, ол нақты өңірге инвестициялау мүддесін туғызады. Осы құбылыстың жанында сүйемелдеуге, жеңілдетуге бағытталған институционалдық типті дамыту бар. Бұл жағдайда өңірді біле бермейтін инвестор үшін Қазақстан плацдарм бола алар еді. Отыз жыл бойы бұл ел негізгі шетелдік инвестицияны жинағандықтан, инвесторлар да мұнда өздерін қауіпсіз сезінеді. Сондықтан әуелі осында салайық дейді. Бүкіл өңір­де солай. Инвестицияны әуелі өзін­де шоғырландырып, сосын барып көр­шілеріне тарату тәжірибесі әр кез бар», дейді сарапшы.

Экономист Арман Бейсембаевтың айтуын­ша, алдыңғы жылдары пандемияға байланысты шектеулер болып, әлем экономикасы құлдырағандықтан, былтырғы инвестициялық ағынның артуын заңды құбылыс деп қарау керек.

«Осы уақыт аралығында өзгерген геосаяси ахуалды да ескерейік. Қытай экономикасының көтерілуі, РФ-ға қарсы бағытталған халықаралық санкциялар, ЕО-ның жаңа энергия көздерін және оларды жеткізу маршруттарын іздеуі. Осы факторлардың арқасында қазақстандық мұнайды жаңа өткізу нарықтарында сату мүмкіндігі пайда болды. Осының бәрі инвестицияның көбеюіне әсер етті. Алайда инвестициялардың сапалық мазмұнына мән берсек, оптимистік көңіл күйге себеп жоқ. ТШИ құрылымында шикізаттық сектордың және оны тасымалдау мен сату үшін инфрақұрылымдық жобалардың үлесі басым. Тіпті отыз жыл бойы негізгі инвесторлардың тізімі де өзгермеді. Шындығына келсек, шетелдік инвесторларды Қазақстанда шикізаттан басқа ешнәрсе қызықтырмайды. Әрине, қазба байлықты сату жаман нәрсе емес. Алайда біз сол шикізат экспортына байланған күйде қалып қоймауымыз керек», дейді сарапшы.