• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құқық 14 Ақпан, 2024

Зорлықты тыятын заңнама жетілдіріледі

99 рет
көрсетілді

Жыл сайын елімізде 300-ге жуық адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады. Оның ішінде шамамен 80 әйел жанжалқой күйеуінің қолынан қаза табады екен. Құзырлы органдарға күніне 300-дей адамнан тұрмыстық қоқан-лоқыға байланысты көмек сұраған қоңырау түседі. Бұның бәрі бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған проблеманың таралу ауқымын аңғартса керек.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде аталған келеңсіздіктердің жай-жапсары мен себептері және шешу жолдары кеңінен талқыға салынды. Іс-шараға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Президенті жанындағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері қатысты.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ренат Зулхаиров өткен жылы Президенттің тапсырма­сымен тұрмыстық зорлық-зомбы­лық жасағандарға берілетін жаза қатаң­датылғанын тағы да қайталап айтты. 1 шілдеден бастап Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерге арнайы өзгеріс­тер енгізілді. Сол уақыттан бері, яғни 2023 жылдың екінші жартысында елі­мізде осы сипаттағы 50 мыңнан астам іс қаралған. «Олардың 64 пайызына әкімшілік іс қозғалды. Қамауға алын­ғандар саны 2 есе өсіп, 13 мың адамды құрады. 27 мыңнан астам ерлі-зайыпты сот кезінде татуласты» деді ІІМ өкілі.

Оның айтуынша, Ішкі істер ми­нистрлігі тұрмыстық зорлық-зом­бы­лыққа ұшыраған отбасылармен про­филактикалық жұмыстарды жандан­дырған. «Былтыр полицияға 100 мыңнан астам өтініш және тұрмыстық жанжалдар туралы хабарлама келіп түсті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 15 мың фактісін ішкі істер органдары қызметкерлерінің өздері анықтады. Барлық тіркелген факт бойынша кінәлі адамдар заңда көз­делген жауапкершілікке тартылды. Отбасылық зорлық-зомбылық жа­­­са­ған әр азамат заңда мұндай әре­кет үшін бес тәуліктен бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік көзделгенін білуі керек», деді ол.

Ренат Зулхаиров әрбір отбасылық жанжал бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталану тәуекеліне бағалау жүргізілетінін айтты. Осы мақсатта өткен жылы тамыз айынан бері 18,5 мыңнан астам отбасыға сауалнама жүргізіліп, 884 шаңырақта құқыққа қайшы әрекеттердің қайталану ықтималдығы жоғары екені анықталған. «Зорлыққа ұшыраған адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция инспекторлары 87 мыңнан астам қорғау ұйғарымын шығарды. Полицияның мінездемесі бойынша соттар құқық бұзушыға қатысты 15 мыңнан астам айрықша талап, соның ішінде алкогольді ішімдіктерді тұтынуға тыйым салу талабын бекітті. Мұндай азаматтар күшейтілген полиция бақы­лауына алынады», деді ол.

Дөңгелек үстелде сөз алған Сенат депутаты Жанна Асанова қоғамда осы тақылеттес түйткілдер көп екенін, оның бәрін заңмен, жазамен толыққанды шешу мүмкін еместігін, ең алдымен адамдардың санасын өзгерту қажеттігін атап етті. «Бұл өте ауқымды әрі күрделі проблема. Адамның санасын өзгерту үшін қоғамдағы барлық институтты жұмылдыру керек. Атап айтқанда, балабақша тәрбиесінен бастап отбасы институты, т.б. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Алматы облысының Қарасай ауданында 14 жастағы қыздың бірнеше жыл бойы зорланғаны жайында ақпаратты естіген шығарсыздар. Ол кейінгі уақытта есірткі қолдана бастаған. Әлеуметтік желідегі адамдардың пікір­леріне зер салсам, көбі «Ол қыз нашақор екен, бәріне өзі кінәлі» деген сөздерді жазып жатыр. Зорлыққа ұшыраған адамға қатысты осындай қатынастың болуы қынжылтады», деді депутат.

Оның айтуынша, адам баласы әртүрлі жағдайда өзін-өзі қорғай алмайтын халде болуы мүмкін. Мәселен, нашақорлық, алкоголизм, психикалық ауытқулар, т.б. «Осындай жағдайдағы жанды ұрып-соғып, жәбір-жапа көрсетіп, зорлауға бола ма? Бұл адамның өзі нашақор болған екен деп, оған қатысты жасалған қылмысты ақтауға тырысу емес пе? Мұның бәрі бүгінгі адам санасының өзгергенін және онымен жұмыс істеу керек екенін аңғартады», деді сенатор.

Ол әрбір азаматтың құқығы жынысы мен жасына қарамай Конституциямен қорғалатынын еске салды. Елімізде саламатты қоғам құруға барлық жағдай жасалған, бірақ әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, адамдардың жеке проблемалары осындай оқиғаларға әкеп соқтырады. «Ал біз қолдағы барлық құрал мен өкілеттікті пайдаланып, қалыптасқан мәселеге араласып, оны түзету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Мен біздің өскелең ұрпақтың үлкен әлеуетін көріп отырмын, өйткені жастардың санасы сәл өзгеше. Егер жастар қазір саламатты өмір салтын белсенді түрде насихаттайтын болса, болашақта жағдайды түзетуге мүмкіндігіміз бар. Қазіргі оқиғалар – кейінгі онжылдықта назардан тыс қалып отырған проблемалардың салдары», деп сөзін түйіндеді спикер. Сондай-ақ ол кейбір елде қылмыстық жолмен жазаланатын, ал бізде тіпті заңмен реттелмеген «сталкинг» әрекеттері үшін жауапкершілік мәселесін қозғады.

Мәжіліс депутаты Наталья Де­ментьева­ның айтуынша, былтырдан бері депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­қа қатысты заңнамаға бірқатар түзету енгізуге мұрындық болған. Құжатқа Президент қол қойды. Алайда іс жүзінде түбегейлі өзгерістер әлі де енгізілмей келеді. «Ең алдымен түзетулер туралы айтар болсақ, біз татуласу мәселесін назарға алдық. Сот кезінде бір рет қана татуласуға болады, екінші рет оған рұқсат етілмейді деген өзгерісті енгіздік. Екіншіден, істі тіркеуде өтініш беруден анықтау қағидасына көштік. Зорлыққа ұшыраған адамдардың өзі көбіне-көп түрлі жағдайларға байланысты арыз жаза бермейді. Сондықтан ендігі жерде ол өзі арыз жазбаса да, көршісі, басқа да сол оқиғаға куәгерлер хабар берсе, полиция қызметкері бірден келіп хаттама толтыра береді», деді депутат. Сондай-ақ Н.Дементьева қамауға алу жазасы туралы да айтты. Былтырдан бері қамау мерзімі 15 күннен 25 күнге дейін ұзартылды.

«Сондай-ақ тұрмыстық қылмыс пен тұрмыстық кикілжіңнің арасында айырмашылық бар екенін айтқым келеді. Кикілжің кезінде екі жақ та отбасы институтын сақтауға тырысады. Жанжалдан кейін бәрібір қайта татуласуға күш салады. Біз осы нәрсені назардан шығармауымыз керек. Ал қылмыс болса, мәселен ұрып-соғу, денсаулыққа ауыр зиян келтіру секілді әрекеттер болса, ол әкімшілік істен қылмыстық іске өтеді. Біз отбасы инс­титутын денсаулыққа, өмірге қауіп төндірмеген жағдайда ғана сақтауды қолдаймыз. Сондықтан тұрмыстық кикілжіңді шешуге барымызды салуымыз керек. Өйткені отбасы құндылығы бәрінен жоғары. Ал егер жанжалқойлар шектен шығып, ауыр жағдайларға душар етіп жатса, қылмыстық іс қозғалып, әділ жазасын алады», деді ол.

Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңнамаға түзетулер енгізу осымен аяқталған жоқ. Депутаттар әлі де оны тереңнен зерделеп, қоғам талқысына салады. Өйткені ел ішінде зорлық-зомбылық статистикасы көңіл көншітпей отырғанда, қол қусырып отыра беруге болмайды.