Кентау қаласындағы дүкендердің сөресі тағы бір кірсабын түрімен толықты. Кенді шаһардың жас кәсіпкері Аружан Мырзатаеваның бұл іспен айналысқанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан Кентау және қалаға қарасты ауыл тұрғындарын отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Биыл жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін 2,5 пайызбен несие беріле бастады. 35 жасқа дейінгі жастарға арналған несие бағдарламасына бизнес идеясын ұсынғандар қатарында Аружан да болды. Қазір оның шағын цехы бір күнде орта есеппен 300 дана кірсабын шығарады. Айтуынша, бұл өнімге деген сұраныс өте жоғары. Өсімдік майлары мен қолдану кезінде оның тұтынушылық қасиеттерін жақсартатын жоғары сапалы арнайы қоспалардан дайындалатындықтан, кірсабын табиғи және экологиялық таза өнім саналады.
– Кәсіпті 5 миллион теңге қаржымен бастадым. Бұл ақшаға Тараздан май ерітетін пеш, қазан, еріген май құятын ыдыс, сабын кесетін құрал және штамптық аппарат сынды қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Шағын цехқа қажетті ғимаратты өз ауламыздан аштық. Қазір цехты жалға алуға мүмкіндік болмай тұр. Келешекте кір сабынның түрлерін көбейткен кезде бұдан да үлкен зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, цех толық екі аптада ашылды. Кірсабын шығару және оны сату жыл мезгіліне қарамайды. Бұл – әр үйде күнделікті қолданылатын, тұрмыс-тіршілікке қажетті дүние. Кірсабынның құрамы өте оңай. Шикізаттың барлығы қолжетімді. Арнайы станокты өзге өңірден алдырттым. Өнімнің өзіндік құны 80-150 теңге аралығында. Сабынның құны оның салмағына, яғни грамына байланысты. Бізде 100, 150, 200, 250, 300 грамдық кір сабындар бар. Бағасы да әртүрлі. Қала тұрғындарына қолайлы бағада сатып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.
Бағасы тиімді, химиялық қоспадан ада жергілікті өнімді алдымен ағайын-туыстары алған. Күніне 300-ге дейін сабын шығарып отырған кәсіп иесіне басқа да дүкендерден ұсыныстар түсіп жатыр. Сұраныс артқан кезде сабынның көлемі мың данаға дейін ұлғаяды. Іскер ару әр сабынды 150-250 теңге аралығында саудалап, тұрақты табысын қалыптастырды. Бүгінде ол екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Кірсабын шығару туралы идея өткен жылы келіп, содан бері ойымнан шықпай қойды. Алғашында үйде тек бала тәрбиесімен ғана отырмай, табыс тапсам деген ой маза бермей жүрді. Осылайша, іздене бастадым. Интернеттен қандай тауарға сұраныстың бар екендігін қарап, кірсабын шығару идеясына тоқтадым. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біздің қаламызда тұрмыстық сабын шығаратын цехтар санаулы. Екіншіден, тендерлерге қатысып жүргенімде кірсабынды аймақ мекемелері көрші облыстардан алдыртатынын көрдім, – дейді жас кәсіпкер.
Кәсіпорын алдағы уақытта өндірістік қуатты айына 10 мың сабынға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Елімізде кірсабын аппаратын жасайтын екі шебер бар екен. Бақтарына қарай соның бірі Тараз қаласында тұратын болып шықты. Қазір ерлі-зайыптылар сол ұстаның қолынан шыққан шағын аппаратпен өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Өндіріске қажетті шикізат Шымкент пен Алматы қалаларынан тасымалдайды. Ал Аружанның күйеуі сабын қайнатудың қыр-сырын меңгеріп, қазір кәсіпорынның технологі қызметін атқарып жүр.
Үш баланың анасы кәсіпті кезең-кезеңімен жасап жүр. Келесі қадам – шикізат жеткізуді жолға қою. Өндіріске қажетті негізгі шикізат – өсімдік және мал майы. Отбасылық бизнесте бір өзі есепші, кеңсе менеджері және PR-менеджер қызметін қатар атқарады. Ата кәсіпті жаңаша түлетіп, істің көзін тапқан Аружанның ойға алған жоспары көп.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы,
Кентау қаласы