• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Жоба 15 Ақпан, 2024

Виртуалды мұғалім

195 рет
көрсетілді

Ақтөбелік математика пәнінің мұғалімі Жасұлан Қайдасов оқушыларға арналған ақылды қосымша ойлап тапты. Жоба Алматы облысында өткен «Педагогикалық идеялар фестивалінде» үздік атанып, ғалымдардың жоғары бағасын алды.

Жас маман «Заңғар ұстаз» атты жобасын бір айда жасап шығарған. Ақылды қосымша барлық пән бо­йынша берілген тапсырманы орындауға көмектеседі. Артықшылығы сол – оны тәуліктің кез келген уақытында қолданып, виртуалды мұғалімге сұрақ қоюға болады. Ол сіздің сауалыңызға әп-сәтте-ақ жауап береді.

– Бұл қосымша – мектептегі сынып менедж­ментін қалыптастырудағы мұғалімнің виртуалды көмекшісі. Оқушылардың қойған сұрақтарына ақылды бот толықтай жауап береді. Білім алушы­ларға тапсырмаларды уақтылы еске салып отырады және олармен кері байланыс жасайды. Соның арқасында балалардың математика секілді күрделі пәнге қызығушылығы артқанын байқадым, – деді жоба авторы.

Қазіргі уақытта бұл қосымша тексерістен өтіп жатыр. Сол себепті әзірше тек 24 оқушы сынақ ретінде қолданып жүр. Оқу жылының соңына дейін оң нәтиже көрсетсе, облыс мектептеріне енгізуге болады. Жас маман ол үшін арнайы семинар өткізуге де дайын.

– Біз оқушылардың сұра­ныстарына жауап бере алатын педагогтердің жаңа буыны пайда болғанына қуаныштымыз. Жасұланның балаларға цифрлық сауаттылық тұрғысынан үйретері мол. Ол балалардың ғылымға, білімге деген ұмтылысын оятты. Сонымен қатар қазіргі заман азаматының құндылықтарын дарытып, өзіміздің ұлттық біре­гейлігімізді сақтауға тырысады,– дейді әріптесі Салтанат Ахметова.

Мемлекет басшысы  Республикалық педагогтер съезінде: «Балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет. 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйе­лер алмастырады», деген болатын. Расымен, қазір еңбек нарығы өте жылдам өзгеріп, көптеген салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Бұл үдеріс жылдан-жылға қарқын ала беретіні сөзсіз. Сондықтан азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек.

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті