• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 15 Ақпан, 2024

«Хат қоржын»

83 рет
көрсетілді

Елордада Кәрім Мыңбаев көшесі болса...

Топонимикалық алқаның қабылдаған шешіміне сәйкес елорда әкімінің өкімімен еліміздің бас қаласындағы N59 мектеп-лицейге академик Кәрім Мыңбаевтың аты берілді. Сондай-ақ бұрын нөмірмен ғана белгіленіп жүрген біраз мектеп енді қазақтың біртуар ұлдары – зар-заман кезеңінің айтулы ақыны Дулат Бабатайұлының, қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың, ІІ дүниежүзілік соғыстың батырлары Қасым Қайсенов пен Рақымжан Қошқарбаевтың, Ленинмен сөзжарысқа түсіп, Қазақ елі шекарасын белгілеп берген Әлімхан Ермековтің, алашшыл қайраткер Жүсіпбек Аймауытұлының, мемлекет қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Барлыбек Сырттанұлының, сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің есімдерімен аталатын болды.

 Білім ошақтарына тарихи тұлғалардың атын беру – оларды жай ғана ұлықтау емес. Біз мұны оқу-тәрбие, мәдени іс-шаралар арқылы олардың елге сіңірген еңбектерін насихаттау деп түсінеміз. Мәселен, Кәрім Мыңбаев исі қазақтан шыққан алғашқы академик екенін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың баршасы біледі деп ойлаймын. Қазақстан КСРО құрамындағы автономия болып тұрғанда еліміздің алғашқы үкіметінің (КирЦИК) мүшесі, алғашқы халық комиссарларының (министрлерінің) бірі туған ағасы Тұрысбек Мыңбайдың халық жауы деген жала жабылып, ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) құрбаны болып кеткенде, академик Николай Вавиловтың докторантурасында оқып жүрген жас жігіт Кәрім де ІІ дүниежүзілік соғыстан сырт қалмады. Қан майданнан Мыңбайдың бес ұлының үшеуі елге аман-есен оралды. Екеуінің сүйегі майдан даласында қалды.

Бауыржан батырдың санаулы достарының бірегейі болған докторант майор Кәрім Мыңбаев ғылымға қосқан зор үлесі үшін Жоғарғы бас қолбасшының бұйрығымен Ленинград майданынан елге қайтарылған. Соғыс өрті өршіп тұрғанда, Қазақстанда ғылым академиясы құрылмаған кезде ол Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының мүшесі болып сайланды. Қазақтан шыққан алғашқы академик дейтініміз сондықтан.

Ғалымның еңбегі ескерусіз қалмақ емес. К.Мыңбаевтың атына Алматыда көше берілген. Алматы облысының Жамбыл ауданында ғылыми зерттеу институты бар болса, сол ғылыми қалашық Мыңбаев ауылы деп аталады. Дегенмен өзі оқыған байырғы Ақмолада, қазіргі Астанада бір көше ғалымның атына сұранып-ақ тұр.

 

Нұрхан ХАМЗЕҰЛЫ,

елорда тұрғыны

 

АСТАНА

 

 

Қазақ айтысы қашанда биікте

Қарасөзден қаймақ қалқыған көркемсөз майталмандары көне заманнан-ақ бірінен-бірі оза шапты. Ал халық ауыз әдебиеті әр салада, әртүрлі жанрда дамыды. Тұрмыс-салт жырларынан бастау алып, эпосқа жалғасқан фольклордың жанрлық өрісі осылайша кеңейе берді. Жалпы, халық ауыз әдебиетін қалыптастырудағы үлкен сатылардың бірі – айтыс өнері. Айтыстың ерекшелігі сол, заман ағымына қарай ақындар түрліше жырлады. ХІХ-ХХ ғасырларда бай мен кедейлікті шенеп, теңдік пен тәуелсіздікті аңсаған ақындарымыздың арманы асқақ еді. Ал тәуелсіздіктен кейін қоғамда болып жатқан жайттарды, әсіресе әділетсіздікті аямай сынады. Осы орайда егемендікке қол жеткізіп, еңсемізді тіктеген шақта қазақ айтысын Еуропаға апарған айтулы ақын Жүрсін Ерманның еңбегі ерен. Соның ұлы жемісі сол, кеше ғана тәуелсіздік алып, қолымыз аузымызға жеткен заманда ұмытылып бара жатқан көне өнеріміз қайта түледі.

Ол Біржан мен Сара айтысын жаңа нұсқада қалыптастырып, үлкен айтыс мектебінің қабырғасын қалады. Жер-жерді аралап, қара өлеңнің мәйегінен нәр алған от ауызды, орақ тілді шын дүлдүлдерді іздестіріп, бір шаңырақ астына жинады. Әсіресе жырақта қалған шалғай облыс, аудан, ауылдан дарындыларды іздеп тапты. Атап айтар болсақ, кешегі Манап Көкенов атамыз бастаған, Надежда Лушникова апамыз қостаған, сондай-ақ өзіндік талантын бағаламай, күйбең тірлікпен қазан-ошақтың басында қалып қойған от ауызды, орақ тілді керемет ақын апамыз марқұм Тәушен Әбуованың таланты талайды таңдай қаққызғаны әлі есімізде. Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Шорабек Айдаров, Есенқұл Жақыпбеков, Айтақын Бұлғақов, Қонысбай Әбілов, Аманжол Әлтаев, Серік Қалиев, одан бергі жастар легі – Дәулеткерей Кәпұлы, Бекарыс Шойбеков, Мэлс Қосымбаев, Айнұр Тұрсынбаева, Оразалы Досбосынов, Ринат Зайытов, Балғынбек Имаш, Сара Тоқтамысова бастаған дүлдүлдер шоғырының өзі бір төбе емес пе?

Үлкен буын ақындардың айтысы қарапайым болды. Бір-біріне деген құрметі мен сыйластығын әзіл-қалжыңмен ұтқыр жеткізді. Олардың айтыс өнерінде өзіндік үйлесімді әуені мен ерекше айтысу әдісі бар еді. Мәселен, Шорабек Айдаров қоңыр дауысымен әуенді созып бастаса, Айтақын аяғымен жер тарпып, «хайлайлым-хайлымға» салды. Қонысбай ағамыздың «ай-ай-ай» деген тартымды дауыс ырғағына салуы өзіне қандай жарасымды еді!

Жүрсін Ерман тек ұйымдастырып қана қоймай, әр ақынның сөз саптауы мен ұйқасына да көп көңіл бөлді. Себебі додаға түскен әрбір ақын елдің алдында асқақ көрінуге тиіс. Мысалы, жас болса да қатарынан оза шауып, айтыс өнерінің үздік үлгісін көрсеткен орақ тілді Оразалының айтысында ағамыз қазылар алқасына шешімді қайта қарауды ұсынды. Әрбір айтыскерге жаны ашып, әділдік іздеді. Әрине, байқау, бәйге болған жерде тартыс болатыны айдан анық. Соның арқасында шын жүйріктер дараланады. Мемлекет тарапынан берілетін марапаттар, сонымен қатар айтыс өнерінің қадыр-қасиетін бағалаған қазақ зиялыларының демеушілік етуі де ұлттық өнерімізді алға сүйреді. Осының бәрі қазақ айтысын дамытудағы келелі қадамдар еді.

Бала күнімізден айтыс десе, алыс ауыл болса да ерінбей барып көретінбіз. Қазақтың ұлттық өнерін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қадір тұтатын. Қазір де Үкімет тарапынан үздіксіз қолдау көрсетіліп келеді. Дегенмен бұрынғыдай жарқырап шығып, жарылыс жасаған жүйріктер қатары сирек. Дарындылар тасада қалып жатыр. Қазақ айтысы өлмесін десек, өнерге таласы бар жастарды көбірек тарта берейік.

 

Гүлнәр ШЕГЕНОВА,

С.Сейфуллин атындағы

орталық кітапхананың әдіскері

 

Жетісу облысы