• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Ақпан, 2024

Чемпиондар Пусанда анықталады

105 рет
көрсетілді

16-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяда үстел теннисінен командалық әлем чем­пионатының жалауы желбірейді. Осы бәсекелер барысында Олимпия ойындарының лицензиялары сарапқа салынатындықтан төрткүл дүниенің мықтылары Пусанда бақ сынауға бел буды.

Спорттың бұл түрінен әлемдік дода сонау 1926 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашқы жарыс Лондондағы «Мемориэл Холл» аренасында өтті. Бұл бәсекелерде ең көп жүлде алған – Қытай құрамасы. Ерлер мен әйелдердің қоса есептегенде Қытай елінің өкілдері 407 мәрте (145 алтын+103 күміс+159 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Екінші және үшінші орынды Мажарстан (68+58.5+75.5) мен Жапония (48+36+73) өзара бөлісіп тұр. Төртінші және бесінші орындарда – Чехия (28+34.5+59) мен Румыния (16.5+10.5+19). Аталған жарыста барлығы 20 мемлекеттің ғана әнұраны шырқалып, 32 елдің туы көкте желбіреді.

Үстел теннисінен бәсекелестіктің күш­тілігі соншалық кезінде 15 республиканың басын біріктірген КСРО спортшыларының небәрі 14 жүлдені олжалауға күш-жігері жетті. Оның үшеуі – алтын, төртеуі – күміс және жетеуі – қола. Ал ел спортшылары туралы айтпай-ақ қойсақ та болады. 30 жылдан аса уақыт аралығында жерлестеріміз бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмады. Жалпы, кеңес одағы тарағаннан кейін бұрынғы «бауырлас» республикалар арасынан тек Беларусьтің үстел теннисшілері ғана әлем чемпионатында табысты өнер көрсетті. Олар үш жүлде алды. Өзгелердің қоржыны – бос.

Алғашқы кездері ұйымдастырылған дүниежүзілік додаларда фавориттер алмасып тұрды. Ерлер жайында айтар болсақ, алғашқы 30 жылда бірқатар елдің өкілдері жеңіс тұғырының ең биік сатысына алма-кезек көтерілді. Жекелеген сайыста мажарстандық Викто Барна бес рет (1930, 1932-1935 жылдары) бас жүлдені олжалады. Аустриялық Рихард Бергман төрт мәрте (1937, 1939, 1948, 1950) теңдессіз деп танылды. ХХ ғасырдың елуінші жылдарының аяғында Қытай спортшылары жұлқынып шықты. 1959 жылы Жун Готуань өз командасының қоржынына алғашқы алтынды салды. Чжуан Цзэдун 1961, 1963 және 1965 жылдары қатарынан үш рет чемпион атанды. Содан кейін Қытай елінен бөлек, Швеция, Франция және Аустрияның қолы жүйрік жігіттері алдыңғы лектен көрінді. Ал 2005 жылдан бері 10 жарыстың жалауы желбіресе, соның барлығында да Қытайдың үстел теннисшілерінің мерейі үстем болды.

Әйелдердің жағдайы да шамамен солай. Алғашқы бес жарысты мажарстандық Мария Меднянски (1926-1931) ұтты. Анна Шипош (1932-1933) екі рет, Гизелла Фаркаш (1947-1949) үш рет шашасына шаң жұқтырмады. Чехословакиялық Мария Кеттнерова (1933, 1935), америкалық Рут Ааронс (1936, 1937) және аустриялық Гертруда Притци (1937, 1938) қос жарыстың жеңімпазы атанды. Елуінші жылдардың алғашқы жартысында Анджелика Розяну атой салды. Румынияның мақтанышы бес мәрте (1950-1955) дара шықты. Қытай қыздары алғашқы алтынға 1961 жылы қол жеткізді. Ал 1995 жылдан бастап олар да чемпиондық тәжді ешкімге бермеді. Аталған елдің бұрымдылары қата­рынан 15 жарыста қарсылас шақ келтірген жоқ.

Кейінгі әлем чемпионаты 2023 жылы ОАР-дың Дурбан қаласында ұйымдастырылды. Ерлер бәсекесінде барлық төрт жүлдені де Қытай құрамасы олжалады: Фань Чжэньдун – алтын, Ван Чуцинь – күміс және Лян Цзин­кунь мен Ма Лун – қола. Әйелдер сайы­сында Сунь Инша бас жүлде алса, Чэнь Мэн күміспен күптелді. Чэнь Синтун мен жапо­ниялық Хина Хаята қолаға қол созды.

Ал командалық жарыс жайында айтар болсақ, күні бүгінге дейін Қытай қарсы­лас шыдатпай жүр. Мәселен, бұл елдің ерлер құрамасы 2001 жылдан бері ұйымдас­тырылған соңғы 10 додада дара шықты. Барлығы 22 жарыста жеңімпаз атанды. Мажарстан 10 мәрте және Чехословакия алты рет бас жүлдені олжалады. Бұл мемле­кеттердің өрендері ХХ ғасырдың алғашқы жартысында атой салды. 1954-1969 жылдар аралығында жапондар жеті дүркін әлем чемпионы атанса, 1973-2000 жылдары шведтердің алты рет асығы алшысынан түсті. АҚШ (1937) пен Англияның (1953) үстел теннисшілері бір-бір реттен топ жарды.

Қытайдың әйелдер құрамасының көр­сеткіші одан да жақсы. 1965-2023 жылдар аралығында 28 мәрте жалауы желбіреген жарыстың 23-інде Қытай елінің арулары алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Жапония – 8 (1957-1962 жылдар аралығы), Румыния – 5 (1950-1956), Чехословакия – 3 (1935, 1936, 1938), АҚШ (1937, 1949), Германия (1933, 1939), Оңтүстік Корея (1973, 1993) – 2 және КСРО (1969) мен Сингапур (2010) 1 реттен теңдессіз деп танылды.

Кейінгі жылдары үстел теннисі Қазақ­станда қарқынды дамып келеді. Оған дәлел – жерлестеріміздің түрлі халықаралық жарыста жүлде алуы. Әлемдік рейтингтегі жағдайымыз да жаман емес. Ерлер арасында Кирилл Герасименко 47-орынды иеленіп тұр. Бұл – келмеске кеткен КСРО құрамындағы мемлекеттер арасындағы ең үздік көрсеткіш. Жас дарын Алан Құрманғалиев 210-орынды еншілеген. Айдос Кенжеғұлов 276-орынға тұрақтаса, Санжар Жұбанов 280-сатыға жайғасты. Ал әйелдердің жағдайы аса мәз емес. Еліміздің ең үздік ойыншылары мынадай орындарға табан тіреді: Сарбиноз Мірқадырова – 206, Зәуреш Ақашева – 232, Анастасия Лаврова – 248 және Ангелина Романовская – 327.

Соңғы даярлығын Қазақстанның үстел теннисшілері Алматыда пысықтады. Олар Әзербайжан құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Спортшыларды Елмира Әлиева, Дмитрий Переверзев, Евгений Тимченко және Дмитрий Левенко сынды мамандар баптады. Ал команданың серкелері шетелде даярланды. Атап айтсақ, Кирилл Герасименко мен Анастасия Лаврова Германияда және Алан Кұрманғалиев Қытайда жаттықты.