Ашық сайлау – стратегиялық мәні айрықша міндеттің бірі. 2023 жыл сайлау жүйесіне елеулі өзгеріс әкелген жыл ретінде тарих қойнауына енетіні анық. Жыл басында Парламент Сенатының сайлауы өтті, наурыз айында Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын таңдадық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «сайлауды ашық әрі әділ өткізу дәстүрі жалғасады» деп сайлау үдерісінің саяси салмағы артатынын айрықша атап өтті.
Сайлау үдерісіне енген тағы бір өзгешелік – әкімдерді тікелей сайлау. Тұрғындардың жергілікті атқарушы билік басшысын таңдауға қатысуы олардың ертеңгі күнге деген сенімін оятып, қоғамның ашықтыққа қадам басқанын айқындай түседі. Басқа да өңірлер секілді Қызылорда облысында да ауыл және кент әкімдерін таңдаудан басталған науқан аудан әкімдерін тікелей сайлаумен жалғасты. Пилоттық сайлау Сырдария және Шиелі ауданында заң аясында және ашықтық қағидаты негізінде ұйымдастырылдды.
Сайланған әкімнің бірі – Қазалы ауданындағы Қарашеңгел ауылдық округін басқаратын Шоқан Қожантаев есімді азамат. Қызылордадағы «Болашақ» университетін бітірген ол еңбек жолын жергілікті телеарнадан бастаған. Біраз жыл камера арқалап, өңірге қатысты талай дүниені таспалады. Кейін де сол телеарнада еңбек етті.
Кейінгі 15-20 жылда жайлы тіршілік іздеп, ауылдан қалаға ағылған жұрттың қарасы қалың. Бұл құбылысты біреулер қазір жоспарсыз урбанизацияға жатқызып жүр. Ал Шоқан урбандалудың осы шартына қарсы келіп, қаладағы жайлы қызметін тастап елге кетті. Кейіннен ауыл әкімдігіне жұмысқа тұрды. Қызметте сатылап көтерілген тиянақты жігіттің талабын тұрғындар да қолдап, 2021 жылы ауыл әкімі етіп сайлады.
– «Ел сенімін қайткенде ақтауым керек» деген ойдың өзі-ақ адамға тыным бермейді. Сайлауалды бағдарламаңды орындаймын деп басқа шаруаны жиып қоятын кезіміз көп. Әкім болу таңғы 9-да барып, кешке кеңсені жауып, үйге қайтып кететін жұмыс емес. Біреу сенер, біреу сенбес, кейде түскі асқа шығатын да уақыт таппай қаласың, – дейді ол.
Қазалымен іргелес Арал ауданында Жаңақұрылыс атты ауыл бар. Кезінде осы ауылды басқарып, бүгінде сондағы ардагерлер кеңесіне жетекшілік жасайтын Сердалы Шалбаев үнемі ел тұрмысына қатысты мәселелерді көтеріп келеді. Ақсақалдың айтуынша, сайланған әкім елдің мұң-мұқтажын әуелгі орынға қояды. Бірақ ауылды басқаратын азаматтарды таңдауда ел арасына жік түспеуін де ойлаған жөн.
– Қазіргі әкіміміз Елнұр Елшекен деген жас жігіт. Бұған дейін де шаруа қожалығын басқарып, ауылдың кем-кетігіне көмек көрсетіп тұратын. Сол жәрдемін әлі жалғастырып келеді. Ауыл адамдарының азын-аулақ бақша өнімдерін егіп алуы үшін жерін жыртып, жағдайын жасады. Ондай талабына қуанып отырамыз. Ең батысы, ел тіршілігін біледі, мұң-мұқтажынан хабардар, – дейді ақсақалы.
Президент пәрменімен былтыр жыл басында сайлау комиссиялары кәсіби негізде тұрақты жұмыс істеуге көшкені белгілі. Нәтижесінде, қазір 31 комиссия мүшесі тұрақты жұмыс атқарып, бұрынғы жылдармен салыстырғанда кадрлар құрамы 1,7 есеге өсті. Биылдан бастап облыс, қала, аудандық сайлау комиссиялары мен учаскелік комиссия мүшелерінің құрамы жаңадан жасақталды. Былтыр облыста 38 ауыл және кент әкімі сайланса, осы жылы 25 ауыл және кент әкімдерінің өкілеттілік мерзімі аяқталып тұр. Алда Арал ауданында – 3, Қазалыда – 5, Қармақшы ауданында – 7, Жалағаш ауданында – 1, Сырдария ауданында – 2, Шиелі ауданында – 6, Жаңақорған ауданында 1 әкімді тұрғындар таңдайды.
Азаматтық жауапкершілік сайлаудан бастау алатыны анық. Бұл ретте Қызылорда өңіріндегі тұрғындардың сайлауға қатысу деңгейі жоғары. Әсіресе сайлауға отбасымен бірге бару дәстүрі қарқын алды. Мұның бәрі де – елдегі сайлау жүйесінің орнықты әрі үйлесімді дамуының көрінісі.
Қызылорда