Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту және экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Германияға жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында сала басшысы екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдетуге бағытталған бірқатар кездесулер өткізеді. Ерекше назар GP GünterPapenburg AG бақылау кеңесінің мүшесі Манфред Грундкемен және Германия экономикасының Шығыс комитетінің басқарушы директоры Майкл Хармспен кездесуге аударылады. Кездесулерде өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланады.
Бұдан басқа, Министр өнеркәсіпті дамыту саласындағы пікір және тәжірибемен алмасу алаңына айналатын Германия экономикасының Шығыс комитетінің мүше компанияларының өкілдерімен өтетін дөңгелек үстелге қатысады. Сондай-ақ «Zierbus» және «Fronius International» жетекші компанияларымен екіжақты кездесулер жоспарланған. Оның мақсаты – жоғары технологиялар мен жабдықтар өндірісі саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылау.
Сонымен қатар сапардың басты оқиғасы министрдің Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланатын үкіметаралық жұмыс тобының отырысына қатысуы болмақ.
Бұл сапар Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы серіктестіктің маңыздылығы мен тереңдігін көрсетіп, өнеркәсіптік саласындағы бірлескен инвестициялар мен жобалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.