• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сенат 16 Ақпан, 2024

Теміржол саласын реформалау нақтыланды

103 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев­тың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, депутаттар жайылымдар және оларды тиімді пайдалану туралы заңды қарады. Сон­дай-ақ отырыста Көлік министр­інің сенаторлардың депутаттық сауалына ауызша жауабы тыңдалды және Сенат депутаттарын Палатаның тұрақты комитеттерінің құрамына сайлау мәселесі қаралды.

Ауылды алаңдатқан мәселе

«Қазақстан Республикасы Парла­ментi­нiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» заңның 17-бабына сәйкес бұған дейін екі сенатор Палатаның бір тұрақты комитетінен екіншісіне ауысу туралы өтініш білдірген еді. Осыған орай Сенаттың қаулысымен және оның Регламентi белгiлеген тәртiппен Айнұр Арғынбекова Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің құрамына, ал Жанна Асанова Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамына мүше болып сайланды.

Сондай-ақ отырыс барысында «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне жайылымдарды пай­далану мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Бұл құжат жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді.

Бір топ Парламент депутаты баста­машы болған осы заң арқылы қол­даныстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа нормалар жайылымдардың жетіспеушілігіне қатысты ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған проблемаларды шешуге ықпал етпек. Сол мақсатпен жайылымдардың тозуы мен шөлейттенуіне, аталған жерлердің сулануына қарсы күрес шараларын күшейту ұсынылды. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдардың жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыреттерін кеңейту көзделіп отыр.

Атап айтқанда, заңда мал жаю үшін қажетті ауыл шаруашылығы жануар­лары­ның санының жүктеме нормасын 20 па­йыздан 50 пайызға дейін ұлғайту арқы­лы жайылымдарды пайдаланбау кри­терийі күшейтіледі. Халықтың қажет­тілігіне арналған жайылымдарды ауыл ша­руашылығы алқаптарының басқа түр­леріне ауыстыруға да тыйым салынады.

Сонымен қатар Орман кодексіне орман және табиғат қорғау мекемелерін жыл сайын әкімдіктерге мал жаюға және шөп шабуға рұқсат етілген жайылымдар мен орман қоры туралы ақпарат беруге міндеттейтін түзету енгізілді.

 

Бағдарламалық құжат қабылданады

Сонымен бірге отырыста депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін Сенат­қа тиісті министрді шақыру тәжіри­бесі жалғасын тапты. Бұл жолы сена­тор­лардың алдына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі ту­ралы толық баяндау үшін Көлік ми­нистрі Марат Қарабаев келді. Тал­қылауға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, Ұлттық экономика министрлігінің және «Қазақстан темір жолының» өкілдері де қатысты.

Палата төрағасы теміржол саласын және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. М.Әшімбаев Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» компаниясының қызметін жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар бергенін де еске салды. Сондықтан депу­таттық сауалда көтерілген түйткіл­дерді шешу үшін барлық мүдделі тарап кешенді жұмыс жүргізуі қажет. «Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Пре­зидент бірінші жартыжылдықта теміржол саласындағы өзекті мәселе­лерді шешу жолдарын қамтитын Бағдарламалық құжат қабылдауды тапсырды. Сол құжатта бүгін сенаторлар көтерген мәселелердің де шешу жолдары көрсетіледі деп сенеміз. Бұл бағытта Сенат өз тарапынан заңнамалық және сараптамалық көмек көрсетуге дайын», деді Сенат спикері.

Сондай-ақ Сенат төрағасы нарыққа жеке компанияларды тарту қажеттігі туралы ойымен бөлісті. Мұндай ұсыныс сенаторлардың «Қазақстан темір жолы» АҚ қызметі туралы депутаттық сауалына Көлік министрі Марат Қарабаевтың берген жауабына байланысты айтылды.

Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда жұмыс көлемі мен жүктеме артып отырғанын атап өтті. Сондықтан ҚТЖ-ның бүгінгі жұмыс көлемінің өзі жеткіліксіз екені байқалып отыр. Осыған байланысты бұл іске үшінші тарапты – жеке компанияларды тарту қажеттілігі туындап отыр. Магистралдық теміржол желілерін жаңғырту және саланың басқа да өзекті мәселелерін шешу үшін инвес­тиция салу қажет.

«Қазір «Қазақстан темір жолы» компаниясындағы түйткілдерге қарап, инвестиция салуды жалғастыру керек екенін көріп отырмыз. Вагондар мен локомотивтерді сатып алуға, магистралдық теміржол желілерін жаңғыртуға инвестиция қажет. Кей жерде тасымалдау көлемі көбейіп, ҚТЖ үлгермей қалып жатыр. Әрине, компания ауқымды жұмыс атқарып келеді. Локомотивтер сатып алынып, вагондар жаңартылды. Алайда соның өзі жеткіліксіз болып отыр. Яғни егер ресурс жетпесе, компания бәрін жаңартып үлгермесе, онда қосымша күш тарту керек деген сөз. Негізгі мән де осы. Қосымша күш деген – жеке сектор, жеке компаниялар. Бұл туралы не айтасыздар? Әзірге көріп-естіп отырғанымыздай, бәрі мемлекеттік болады. Тіпті жаңа екі компанияға да мемлекет қатыспақ. Сондықтан салаға жеке компанияларды тарту жөніндегі стратегия қандай?», деді Мәулен Әшімбаев Көлік министрі Марат Қарабаевтың жауабын тыңдай келіп.

Сенат төрағасы магистралдық темір­жол желілері саласын реформалау бо­йынша екі сатылы тәсілге назар ауда­рып, ол саланы жаңғырту қарқынын ке­шеуіл­детуге әкелуі мүмкін екенін айтты.

Министр өз кезегінде реформалаудың екі сатылы тәсілі өзгерістер қарқынын талдайтын тестілеудің бір түрі екенін атап өтті. Марат Қарабаев жеке компанияларды тартуға қатысты Палата төраға­сының ұсынысына қолдау білді­ріп, осындай өзара іс-қимыл көзделіп отырғанын нақтылады.

 

Үй-жайды қайта жобалаудағы түйткіл

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Жанна Асанова тұрғын үйлер мен коммерциялық жайларды қайта жоспарлау бақылаусыз кеткенін, бұл үрдіс, әсіресе, сейсмикалық аймақтарда жиі байқалатынын айтып, одан туындайтын қатерлерге Үкіметтің назарын аударды.

Алматы аумағындағы таяуда болған жер сілкінісі еліміздегі тұрғын үй құры­лысының сапасы туралы жұртшы­лықты ойландырып тастады. Депутат меншік иесі өз мекенін қолайлы ету үшін үй-жайды қайта жобалауға жиі баратынын атап өтті. Алайда ол жұмыс архитектуралық нормаларды мұқият сақтауды талап етеді. Әсіресе ғимараттың негізгі тірегі болатын қабырғасы немесе қасбетінің өзгеруіне қатысты ережелер қатаң сақталуға тиіс. Құрылыстың тұтас­тығы мен тұрақтылығына нұқсан келсе, ғимарат құлап қалуы ықтимал. Сонымен қатар кейбір қайта жобалау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылады және коммуналдық жүйелерді пайдалану мүмкіндігі нашарлайтын болады.

«Қолданыстағы заңнама көпқабат­ты үйлердегі пәтерлер мен үй-жайлар­дың иелеріне есік ауыстыру немесе бөл­мелерді біріктіру барысында негіз­гі қабырғалардың тұтастығын бұзуға тыйым салады. Бірақ көп жыл бойы коммерциялық құрылыс саласында мемлекеттік бақылау азайғаны және жоспарлы тексеруге әлі де тыйым салынғаны баршаға белгілі. Сонымен қатар көптеген ғимарат пен тұрғын үйдің иелері салынған сәттен бастап үйді қайта жобалауды бастайды және заңдастырады. Тиісінше құжаттар рәсімделеді, ал бастапқы нормативтік құжаттар кейбір заңның мұрағатында жатқаны белгілі. Үйдің негізгі қабыр­ғасының тұтастығы бұзылған жағдайда тұрғындардың өздері сараптама жүргізуі керек, бірақ егер ол үй бірнеше рет қайта сатылған болса, онда қайта жобаланғанының заңсыздығын дәлелдеу мүмкін емес», деді Ж.Асанова.

Депутат қазірдің өзінде салынған ғимараттар мен тұрғын үйлердің заңсыз қайта жобаланғанын анықтау, сондай-ақ әлсіз құрылыстарды бағалау үшін тиісті министрліктер мен мекемелердің кешенді талдау жүргізуі керектігін айтты. Заңсыз қайта жобалауды анықтау және жолын кесу үшін сейсмикалық қауіпті аймақтарда жұмыс топтарын құру керек. Құжаттардың нормаларға сәйкестігі мен қайта жоспарлауға рұқсаттың негіз­де­месі тексерілуі қажет. Сондай-ақ заң­сыз қайта жоспарлағаны үшін жазаны қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаң­дату және құрылыс нормалары мен ережелерін сақтау мәселесінде, оның ішінде тұрақты тексеру жүргізуде ба­қы­лау­шы органдардың рөлін күшейту керек.

 

Қараусыз тарихи ескерткіштер көп

Сенатор Дархан Қыдырәлі еліміздегі бірқатар рухани ескерткіш тиісті дең­гей­де қорғалмағанын, тіпті кейбірі жеке­меншікке берілгенін айтты. Ол мәдени жәдігерлерден айырылып қалмау үшін тиісті заңнаманы қатаңдатуды, инфрақұрылымды дамытуды және бұл бағытта ЮНЕСКО-мен жүйелі жұмыс жүргізуді ұсынды.

Елімізде ұлттың рухани бағдарына айналған және халыққа қорған болған көптеген киелі орын бар. «Кешен­дер­дің көбі жойылған, енді бірі бастапқы кел­бетінен қатты ауытқыған, тарихи орын­дарды қалауынша өзгерткен. Сол сияқ­ты сансыз бабтар мекені Сайрамда қастер­лі орындар қараусыз жатыр. VIII-IX ға­сырдан қалған көне қорымның бір шетін базар басып барады. Бағзы Исфиджабтан жеткен Ибраһим ата, Қарашаш ана, Қызыр хазірет сияқты тарихи-рухани нысандарды сақтау қажет. Сондықтан көне Сайрам мен Созақтағы рухани ескерткіштерді сақтау ісін Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайына тапсыруды ұсынамыз», деді сенатор.

Дархан Қыдырәлі еліміздегі рухани ескерткіштерді қорғауға ерекше назар аудару қажеттігін және олар біздің мұрамыз бен тарихымыз екенін атап өтті. «Ұлттың иммунитетін қалыптастыратын рухани орындар тағылым мектебі болуы керек. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қалқанымыз – діңгекті дәстүр мен рухани бұлақ көздері зерделене бастаса, деструктивті теріс ағымдардың жолын жабуға септеседі. Тарихи кешендерді ұлттық бренд ретінде ЮНЕСКО-ға ұсыну ісін жүйелеп, жеделдету қажет. Мемлекет басшысы 2019 жылы елімізді рухани-этнографиялық туризмнің орталығына айналдыруды тапсырғаны белгілі. Сондықтан киелі мекендерді мемлекет қарауына алу, заңды қатайту, инфрақұрылымды дамыту қажет деп ойлаймын», деді депутат.

Сонымен бірге отырыста сенатор Сұлтан Дүйсембинов Үкіметті өн­діріс нысандарында санитарлық-қорғау аймақтарын қалыптастыруға қатысты мәселелерді шешуге ықпал етуге шақырса, Әлішер Сатвалдиев «TikTok» әлеуметтік желісі балалар мен жасөспірімдердің санасына кері әсе­рін тигізіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сенатор бұл саланы реттеуге арналған бірқатар шара ұсынды.