• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Кино 19 Ақпан, 2024

«Қазақфильмнің» жаңа бағыты

194 рет
көрсетілді

Есімін мәңгілік мұра етіп иеленген, тоқсан жылдық тарихы бар «Қазақ­фильм» киностудиясы ұлттық кино өнерінің қалып­тасып-дамуына айрықша ықпал еткен аса дарынды суреткер, режиссер Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойы­на айрық­ша маңыз берді. Қазақ киносының қара шаңырағы «Қазақфильм» ұлы режиссердің есімін тектен-тек иеленген жоқ. Киностудия – Аймановтың туындысы, шығармашылығы, еңбегі, шәкірттеріне, ізбасарларына, көрермендеріне қалдырған аманаты. Режиссердің ұрпағына қалдырған мұрасына қиянат жасамай, ілгері өркендету – бүгінгі киногерлер қауымының парызы.

Кино саласының майталмандары қатысқан ұлы режиссердің есімін ұлықтау салтанатының аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудия­сы жаңа маусымын ашты. «Қазақ­фильм» киностудиясының пре­зи­денті Азамат Сатыбалды: «Әлемде Қағба біреу болса, Қа­зақ­станда кино өнерінің жал­ғыз-ақ қара шаңырағы бар, ол – біздің студия, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы. Біздің мақсатымыз – мерейтойды бірге атап өту. Екіншіден, режиссердің туған күніне орайластыра, жыл сайын 15–17 ақпан аралығын маусымашар дәстүрі етіп қалыптастыру. Бұл күні көрермендерге бір жыл аясында түсірілетін фильмдер мен жобаларды таныстыру басты мақсатымыз болмақ. Бүгін бас­тау алған «кино маусымашары» жобалардың прокаттағы кезеңдік өзгерістерін ғана көрсетіп қой­май­ды, кинөндірістегі жыл бойы күткен, маңызды туындыла­ры көрермен назарына ұсынылатын жаңа кезеңнің басталуын білді­реді. Алдағы маусым киноиндус­трия үшін Қазақстанның кинематография өнерін өрістетудегі бағыттарын, жаңа есімдер мен креативті тәсілдерді анықтайтын есеп беру кезеңі болмақ. Еліміз­дің маңдайына бұйырған жал­ғыз киностудияның алдағы өркен­деуіне қолдау көрсетіп отыр­ған Мәдениет және ақпарат министр­лі­гіне алғысымызды білдіреміз», деді.

А.Сатыбалды «Кinopark Kino­plexx» секілді үлкен кино же­ліле­рімен келісімшарт жасалып, мемо­рандумға қол қойылға­нын жеткізді. Биылдан бас­тап кино­сүйер қауым әр жаңа мау­сымда «Қазақфильмнің» ескі фор­мат­­тағы таңдаулы фильмдерін «Кi­nopark»-тің кинотеатрларынан төмендетілген бағамен тамаша­лау мүмкіндігіне ие болады. Сон­дай-ақ «Қазақфильмнен» шы­ға­тын фильмдердің барлығын «Кinopark Kinoplexx» желілері қол­дап, жарнамасыз арнайы көрсетеді. Бұл – үлкен қадам.

Кино – идеялар тоғысатын алаң. Киностудия басшысы өзін­дік ойы, көзқарасы бар, өз сөзін көркем әрі кәсіби түрде жет­кізе алатын талантты жастарды ки­ностудия төңірегіне көбірек топ­тастырып жатқанын айтты.

Қазақстанның кино тарихында аттары алтын әріппен жазылған Ш.Айманов, М.Бегалин, С.Қо­жықов, А.Қарсақбаев сын­ды ше­берлердің жолын қуып, киностудия жұмысын әрі қарай дамыту үшін жаңа басшылық қолынан келген барлық мүмкіндіктен аянып қалғысы жоқ. Осы орай­да олар жаңа бағытты іске қос­пақ. Бұл жұмыстың шеңбе­рінде өткен жарты жылдың ішінде бірнеше ресми кездесу өт­кізіліп, көптеген се­рік­тес­пен шығармашылық қа­рым-қатынастар түзілген. Мау­сым­ашарда «Қазақфильм» тоғыз туындысын таныстырды. Оның бесеуі – мемлекеттің бір тиынынсыз түсірілген коммерциялық фильм­дер, қалған төртеуі Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген. Режис­серлер жаңа жобаларын экшн, драма, фэнтези, детектив сияқты түрлі жанрда қаузаған.

Бұл «Қазақфильм» үшін жаңа бағыт, жаңа мүмкіндіктер кезеңі болмақ. Осы жаңалықтарды хабардар етіп, биыл түсірілетін жобаларды таныстыру үшін сахна төріне киностудия басшысының орынбасары Айдар Омаров ша­қырылды. Пиктчингтен өткен, өн­діріс кезеңіндегі «Болмаған ба­лалық шақ», «Мама», «Зейін», «Жабайы», «Сказ о розовым зай­це-2» фильмдерінің әрқайсысы туралы қысқаша ақпар беріліп, жанр­лық табиғатына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жобалар Мәдениет және ақпарат министр­лігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

Мысалы, биыл түсірілетін жо­балардың ішіндегі «Капитан Байтасов» фильмінің жанры – экшн, драма. Фильм осыдан он жыл бұрынғы Тараз қаласында болған оқиғаның шындығына негізделген. Полиция капитаны Ғазиз Байтасов өз басын қатерге тіге отырып, ажал аузында тұрған қаланың мыңдаған тұрғынының өміріне араша түсіп, террористің шабуылынан сақтап қалады. Полиция капитанының өмірі мен мінезі оның абырой мен парыз­ды бәрінен биік қоятын ішкі істер орнын­дағы қызметі мен отбасына қарым-қатынасы арқылы ашылады.

«Мама» драмасы ана мен бала арасындағы махаббатты, зая кеткен уақыт пен өмірдің қатыгездігі туралы баяндайды. Фильм – атыс-шабыс жанрында. Кейіпкердің бала кезінде басынан өткен қиын жағдайы оның түрмеге түсуіне әкеп соғады. Абақтыда отырып та ол жалғыз қалған анасын есінен шығармайды. Түрмеден шыға сала Тимур анасына асығады. Бірақ жалғыз ұлының күйігі жанына ауыр таңба салған анасы деменцияға шалдығып, ұлын танымайды. Тимур анасын алып кеткісі келгенімен, бас дәрігер оны үй-күйі жоқ, жұмысы жоқ бұрынғы қылмыскерге беруден бас тартады. Күзетшілердің қар­сылығына қарамастан түнде мылтықпен қаруланған Тимур анасын Қарттар үйінен алып кетеді. Анасының арманын орындау мақсатында Тимурдың басынан кешкен оқиғасы көрерменнің жүрегін елжіретпей қоймайды...

Шытырман оқиғаға құрылған «Зейін» балалар фильмінің қа­тарын толықтырмақ. Бұл оқиға 6 жастағы кішкентай Зейіннің хикаясын тарқатады. Кішкентай данышпан жасына қарамастан өмірдің ағы мен қарасын айыра біледі. Қатарластарына қара­ғанда ерекше ақылды бала су шығаратын жаңа құрылғы ойлап табады. Бұл құрылғы әлемдегі су тасқыны мәселесін шешеді. Алайда Зейіннің ата-анасы, ауылдас­тары, бұл құрылғыны ойын­шық көріп, сенімсіздік танытады. Балаға атасы мен досы ғана  қолдау көрсетеді, атасының оң батасын алған Зейін құрылғыны қалаға апарып, бәріне таныстыруды жөн көреді. Нәтижесінде, Зейін мен оның шытырман оқи­ғасы жас көрерменді қызықты сапарға бірге аттандырады.

Белгілі ақын Ақберен Елге­зектің «Болмаған балалық шақ» повесі – бүгінгі оқырманның кең сұранысына ие қызықты шығар­малардың бірі. Драма театр­ла­рында табысты жүріп жатқан пьеса енді кинорежиссерлерді де қызықтырып, фэнтези жанрымен көрерменге ұсынылмақ. Мәңгілікке жалғыз қалу қорқы­нышы баурап алған, сол қорқы­­ныштың әсерімен анасын құт­қару үшін үлкен сапарға шық­қан баланың оқиғасы көрер­мен­нің көңілін бірден баурайды. Жас­өспірімдер мен балалар бас­ты кейіпкер Ақоштың қанатты қиял әлеміне қызығушылықпен атта­нады. Киноның алғашқы кадр­­ларынан бастап-ақ жана­шыр­­­лықпен қамтылған күрделі дра­­малық сұрақтарға жауап іздеп, кейіп­кердің соңынан еріп отырады.

Таныстырылған фильмдер арасында «Соңғы парыз» деректі драмасы еріксіз назар аударды. «Осындай күн болған» және «Осын­дай түн болған» атты екі бө­лімнен тұратын «Соңғы парыз» деректі фильмі белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай түсірілген. Жазушының өзі жиі көрінетін деректі фильм «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парыз» шы­ғар­маларының басты кейіп­керлері арқылы оның Отаны мен туған аулына махаббаты мен сезімі, мұңы, арманы көрініс табады. Еламан мен Жәдігер секілді кейіпкерлер негізінде қарапайым балықшылардың өмірі, тағдыры, қуанышы мен қасіретін бейнелейді.

Ақ тарелкаға фильмнің аты мен режиссердің есімін жазып, бүкіл түсіру тобы қолдарын қойып, сәттілік үшін сындыратын ки­нодағы дәстүрдің орны ерекше. Сахнада ыдыс сындыру мүмкін болмағандықтан, А.Ома­ров фильм атауы жазылған ақ тарелканы естелік үшін фильм режиссерлеріне сыйға тартты.

Әрбір туындысы қазақ кино­сының классикасына айналған Ш.Аймановтың туған күнінде ұйымдастырылған алғашқы кино маусымының ашылуы сыр­қат халдегі осы саланы сауық­тыруға жанашырлық танытып, отандық киноиндустрияны одан әрі дамытуға тілектестік біл­діріп келген әр буындағы сала мамандарының басын қосты. Бұл – Қазақстан киносының ұлт­тық мәдени мұраларды сақтау, жаңашылдық енгізу, дәстүрлі киноның шекарасын кеңейту арқылы белсенді дами алатын қабілетін көрсететін шақ.

 

АЛМАТЫ