• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Ақпан, 2024

Сырдың сын-қатеріне әзірлік

177 рет
көрсетілді

Былтыр осы уақытта Сырдария өзенінен облыс аумағына 551 текше метр су келіп тұрса, биылғы көлем одан әлдеқайда аз – небәрі 180 текше метр. Бірақ ауа райы қысқа күнде қырық құбылып тұрған қазіргідей сәтте дарияға сенім жоқ. Сондықтан да қыстың көктемге ұласар сәтінде кездесіп қалар осындай оқыс оқиғаларға аймақтағы төтенше жағдай мамандары, қала мен аудан әкімдіктері тас-түйін дайын отырады.

Сырдағы әзірлікті көруге жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда су торабына барып, өзендегі су дең­гейін бақылады. Биылғы қыс жылы болып, арнада өткен желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде ғана мұз ұстаса бастаған. Кейіннен өзеннің оңтүстік бөлігі ерігенмен, солтүстік жағы әлі сіресіп жатыр.

Осы күні Арал, Қазалы, Қармақ­шы, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласы маңында мұз толықтай ұстасып тұр. Шиелі ауданының Жөлек елді мекені тұсын­да да мұз бар. Жаңақорған аума­ғын­дағы өзен беті әлдеқашан еріген.

Су басу қаупі бар аумақтар күш-құралдары жеткілікті мекемелерге бекітілген, осы күні 364 арнайы техника және 1 102 адам дайын тұр. Су тасқынына қарсы жасақталған ма­териалдық-техникалық қорда 117,9 тонна жанар-жағармай, 139 902 дана қап және басқа да материалдар бар. Айтқан жерден аулақ, бірақ тасқын қаупі туындай қалса халықты көшіру пункттері де дайын тұр. Облыс аумағында 59 эвакуациялық жинақтау және 69 эвакуациялық қабылдау орны бар. Жергілікті атқарушы орган­дар мен су шаруашылығы маман­дары тәу­лік бойы кезекшілік ұйым­дасты­рады.

Төтенше жағдайлар министрі Қызылорда облысында қауіпсіздік шаралары барлық талапқа сай үйлес­тірілгенін атап өтті. Облысқа сапары барысында сала басшысы жер­гілік­ті өрт сөндіру бөлімдерін аралап, Төтенше жағдайлар министрлігі аумақ­тық бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыру барысы­мен танысты. «2021-2023 жылдар­ға арналған ТЖМ аумақтық бөлімше­лері мен ведом­стволық бағыныс­ты мемлекеттік меке­мелерін материал­дық-техникалық жарақтан­дыру туралы» жол картасы аясында об­лыстық төтенше жағдайлар депар­­таментіне 2021-2023 жылдар ара­лығында облыс бюджетінен 664,5 млн теңге қаржы бөлініп, оған 74 мате­риал­дық-техникалық құрал-жаб­дық, өзге де қа­жетті құралдар алынды. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет қаражаты есебінен лизингпен 14 өрт сөндіру ав­томобилін сатып алуға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасалған. Бұл техникалар алдағы сәуір айында жеткізіледі.

Сала мамандары осыған дейін Арал ауданы Қамыстыбас көліндегі суда құтқару стансасы ғимаратының сани­тарлық және өртке қарсы нор­маларға сәйкес еместігін талай мәрте кө­терген болатын. Ғимаратта сүңгуір­лерді даярлау және тәулік бойы кезек­шілік атқаруға жағдай жасалма­ғандығы былай тұрсын, арнайы техника мен жабдықтарды сақтауға арналған үй-жай болмаған еді.

Осыдан екі жыл бұрын жергілікті бюджеттен 54,3 млн теңге бөлі­ніп, құтқарушыларға арналған құрас­тырмалы-жиналмалы модульді үй сатып алынды.

 

Қызылорда