Венада Словенияның төрағалығымен 17 достас ел тобының екінші кездесуі өтті. Бұлар – өңірлік топтарға кірмейтін, тиісінше Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басқарушы органдарына сайлау құқығынан айырылған елдер.
Қазақстан СІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) Басқарушылар кеңесінің наурыз айындағы сессиясының алдында өтті.
Достас елдер тобының негізгі міндеті – өңірлік топтарға кірмейтін және тиісінше агенттіктің басшылық органдарына сайлау құқығынан айырылған АЭХА-ға мүше мемлекеттерді тиісті өңірлік топтарға кіргізу. Топтың мандаты 2023 жылғы қыркүйекте Қазақстанның бастамасымен ұсынылған және басым көпшілік дауыспен қабылданған АЭХА Бас конференциясының қарарымен бекітілді.
Іс-шараға АҚШ, РФ, ҚХР, Канада, Ұлыбритания, Еуропалық одақ елдері, Аустралия, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея, Кувейт, Әзербайжан, Оңтүстік Африка және басқа да мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты. Қатысушылар Қазақстан, Израиль, Непал, Бахрейн, Орталық Азия және Азия – Тынық мұхиты өңірінің елдерін қоса алғанда 17 мүше мемлекетті тиісті өңірлік топтарға әділ және жылдам кіргізудің ықтимал критерийлері мен қағидаттарын талқылады.
Өз сөзінде Қазақстанның Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді мүше мемлекеттердің өңірлік топтардағы мүшелігін ілгерілетумен айналысатын 8 өңірлік топтың әрқайсысында бейтарап елдердің арасынан «фасилитаторларды» тағайындау туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс Достас елдер тобының арасында кең қолдау тапты.
Дипломатиялық миссиялардың басшылары өз сөзінде Қазақстан мен Словенияға АЭХА-да егемендік теңдікті қалпына келтіру мәселесін белсенді ілгерілеткені үшін алғыс айтты. Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы белсенді қызметі, оның ішінде Аустралиямен бірлесе отырып, биыл 20–24 мамырда АЭХА-ның Ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференциясына (ICONS-2024) төрағалық ету бойынша миссиясы ерекше аталып өтті.