Қайбір жылдары білім ошақтарына мыңдаған мұғалім жетіспейді деген ақпарат жиі тарап жататын. Енді, міне, білім ордасын басқаратын директор табу мұңға айнала бастаған секілді. Жамбыл облысында елуден аса мектеп басшысыз отыр.
Жалпы алғанда, білім саласында түйткіл аз емес. Мектептерді күрделі жөндеуден өткізудің өзі кейде мұңға айналып кеткендей көрінеді. Қағаздан бас алмайтын ұстаздың жайы кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Енді міне, білім ордаларына директор тағайындау да мәселеге айналып барады. Неге?
Кейбір педагогтің айтуынша, директор болу – тиімсіз. Жауапкершіліктің жүгі ауыр. Мектептің бүкіл жұмысы үшін басшы жауап береді. Ал жоғары санатты ұстаздың жалақысы мектеп басшысынан жоғары екен-мыс. Бәлкім осының да әсері бар ма екен?
Ауыл мектептері мен қала мектептері арасындағы білім сапасында алшақтық бар екені талай рет айтылып жүр. Әйтсе де, алтын бесік ауылдардағы білім ордаларының біразы әлі күнге директорға жарымай отырғанын айтпай кетуге болмас. Біршама уақыт бұрын өңірдің 59 мектебі басшысыз отырғаны туралы ақпарат тарады. Кадрлық резерв есебінен 7 білім ордасына басшы тағайындалды деген мәлімет те бар. Сонда өңірдің 52 мектебі әлі күнге директорға жарымай отыр деуге болады. Дерекке сенсек, кейбір мектептер айлап, жылдап басшысыз отыр екен.
Директоры жоқ мектептері көп аудандардың көшін Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Тұрар Рысқұлов, Жуалы аудандары және Тараз қаласы бастап тұр. Керек дерекке жүгінсек, облыс орталығынан 100 шақырым қашықта жатқан Тұрар Рысқұлов ауданының жеті мектебі басшысыз отыр екен. Әрине, бұл мәселе кімді де болсын толғандыратыны анық. Аудандағы проблеманы әлеуметтік желі қолданушылары ашып жазғаннан кейін білім бөліміне біз де қайырылдық.
Жоғарыдағы мәліметке қарап-ақ Тұрар Рысқұлов ауданындағы мектептердің он пайыздан астамы басшысыз отырғанын байқауға болады. Расында, директорсыз қалған білім ордаларында білім сапасы қандай? Жалпы, ауданда ҰБТ қорытындысы бойынша екілік алған білім ордалары бар-жоғын, спортзалы жоқ мектептердің санын және басқа өзекті мәселелер бойынша білім бөліміне сауал жолдағанымызда төмендегідей жауап алдық.
«Қазіргі уақытта 7 орта білім беру ұйымдарында (Б.Момышұлы о/м 26.08.2023 ж, Бірлес о/м 16.08.2023 ж, Қ.Сәтбаев о/м 09.03.2023 ж, Малдыбай о/м 12.10.2023 ж, №5 о/м 26.08.2023 ж, №6 мектеп-гимназия 06.11.2023 жылдан бастап ашылды, Қ.Сұлтанбеков о/м 18.12.2023 жылдан бері директорлық лауазымының 5 жыл болуына орай директордың міндетін атқарушы отыр.
Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығының 2,3-қағидасына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары арасындағы лауазымдық орын ауыстыру және бірінші басшыларды ротациялау заңның 44-бабы 5-1-тармағының 2-абзацына сәйкес бір елді мекен шегінде жүзеге асырылатындықтан, мектеп басшылары ротация қағидасына сәйкес келмейді.
Сондықтан Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының 89-тармағына сәйкес Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебі мен Ш.Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектебінің директорлары өз келісімдерімен ауыстырылды.
Бірлес шағын орталықты орта мектебінде оқушы саны – 190, 2022-2023 оқу жылында 1 түлек «Алтын белгі» төсбелгісін алса, ҰБТ қорытындысы – 79,9 орташа балл. Ш.Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектебінде оқушы саны – 306, шағын орталықта 69 тәрбиеленуші. 2022-2023 оқу жылында 1 түлек «Алтын белгі» төсбелгісін алды. ҰБТ қорытындысы – 66,3 орташа балл.
Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінде оқушы саны – 1 729. 2022-2023 оқу жылында 1 түлек «Алтын белгі» төсбелгісін алды. ҰБТ көрсеткіші – 73,6 балл.
Аудан бойынша орташа балл – 77,7. Бүгінге дейін аудандық білім бөліміне қарасты 11 мектептің (Р.Смаилов о/м, Ақыртөбе о/м, Бірлес о/м, Ы.Алтынсарин о/м, №4 о/м, Болтай батыр о/м, М.Горький о/м, М.Әуезов о/м, Абай о/м, Ақбұлақ о/м, Ақтоған о/м, Т.Әубәкіров н/м, А.Байтұрсынов о/м) орынбасарлары өздері қызмет атқарған мектептеріне директор болып тағайындалды.
Ауданда үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім ошақтары жоқ.
Спортзалы жоқ 10 мектеп (Малдыбай о/м – 102 , №2 о/м – 133, Т.Әубәкіров н/м – 48 оқушы, Тасшолақ б/м – 38, Ғ.Мұратбаев б/м – 26, Мамайқайыңды б/м – 24 , Шолаққайыңды б/м – 37, Бәйтелі б/м – 13 , Сөгеті б/м – 12 , Көкарық б/м – 55,), асханасы жоқ 5 (Шолаққайыңды б/м, Сөгеті б/м, Бәйтелі б/м, Мамайқайыңды б/м, Тасшолақ б/м) бар», делінген аудандық білім бөлімі жолданған жауапта.
Аудандық білім бөлімі жолдаған жауапта біз қойған сауалдың біразы қамтылғанымен, екілік алған мектептердің бар-жоғы, білім сапасына қатысты тағы біршама мәселеге толыққанды жауап берілмеді. Сондықтан бұл аудандағы осы және өзге де мәселелерді тағы бір пысықтап жазатын күн алыс емес.
Жоғарыда айтқанымыздай, өңірдің елуден астам мектебі директорға жарымай отыр. Директор тағайындау қиын ба, әлде басқа да себеп бар ма? Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев бұл мәселеге қатысты не айтады?
«Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы ақпандағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» №57 бұйрығына сәйкес бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымдарына конкурс жұмыстары жүргізіледі. Қазір министрлік тарапынан ұйымдастырылатын біліктілік тесті уақытша тоқтап тұр. Осы себепті біздің ұйымдастыратын конкурс жұмыстарымыздың уақыты ұзап жатыр», дейді ол мәселенің мәнісін түсіндіріп.
Шыны керек, білім ордаларының директорсыз қалғаны туралы ақпарат жыл сайын тарап жатады. Алайда бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш өңірде едәуір төмен болса, биыл арта түскен. Қалай десек те бұл жақсы үрдіс емес. Өйткені кез келген мектептің білім сапасы үшін бірінші басшы тікелей жауап беретіні анық. Қысқасы, Жамбылда директор дегеніңіз дефицит болып тұр. Жауапты басқармадағылар өткір мәселе аз уақытта шешімін табады дегенді алға тартып отыр. Сол «аз уақыттың» қаншаға созыларын кім білсін...
Жамбыл облысы