Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, кез келген уақытта науқастарға жедел жетіп, бастапқы медициналық көмек көрсететін жедел жәрдем стансасы қызметкерлерінің еңбегі зор екені анық. Оған желтоқсан айында Шу, Қордай аудандарында, қаңтар айында Жуалы ауданы аумағында болған ат құлағы көрінбейтін боран кезінде де көз жеткіздік. Автокөлік жете алмаған мекенжайларға жаяу барған ақ халатты абзал жандардың еңбегі елеулі.
Саршұнақ аязда жолда қалған жолаушылар мен жол апатынан жарақат алған азаматтарға жедел көмек көрсеткен мейірбикелердің еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Өңірдегі алғашқы медициналық көмек ұйымдарына 40 жедел жәрдем көлігінің кілті табысталды. Осылайша, тозығы жеткен техниканың орнын су жаңа автокөліктер алмастырды. Бұл, әрине, сала қызметкерлеріне көрсетілген зор қамқорлық екені даусыз.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, өңірдегі жедел жәрдем көліктерін жаңарту жұмыстары осы жылы қарқынды жүргізілмек. Нәтижесінде, ескірген техниканы едәуір жаңартуға мүмкіндік туады. Жыл басында 40 автокөліктің кілтін тапсырған жергілікті атқарушы билік 2024 жылы сала қызметкерлеріне тағы 30 бірлік қызметтік көлік табыстауды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, техниканың тозу көрсеткіші 47 пайыздан 17 пайызға дейін төмендемек. Осылайша, жергілікті атқарушы билік жылдар бойы қордаланған мәселені шешуді қолға алмақ. Бұл – әрине, құптарлық қадам.
«Қай деңгейде болсын, өңір халқының денсаулығына баса назар аударуымыз керек. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының басым бағыттарының бірі. Өңір тұрғындарының денсаулығын жақсарту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әрбір тұрғынның тілегі назардан тыс қалмауы керек деп есептеймін. Сол үшін жұдырықтай жұмылып еңбек етуіміз керек. Сондықтан да медицина саласын өркендетуге ерекше ден қойып отырмыз. Сала қызметкерлері бірінші кезекте сапаға назар аударғаны абзал. Күн-түн демей еңбек етіп жүрген жедел жәрдем қызметінің еңбегі қай кезде де жоғары бағаға лайық. Мейірбикелердің тынбай тер төгіп жүргені баршамызға аян. Өңірде ақ халатты абзал жандардың қызметі сапалы әрі қолжетімді болуы керек. Біз сол үшін де сала қызметкерлеріне қолдан келгенше қолдау көрсетіп жатырмыз. Қазіргі уақытта медицина мекемелерінің ғимараттарын жаңартып, материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарын жалғастыруға ниеттіміз. Өйткені ұлт саулығы қай кезде де маңызы екені түсінікті», деді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жаңа автокөліктерді табыстау рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Жамбыл жедел жәрдем стансасы баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, облыс бойынша 93 жедел жәрдем бригадасы үзіліссіз жұмыс істейді. Оның 53-і аудандарда болса, қалған 40 бригада облыстық деңгейде еңбек етіп жүр. Жалпы алғанда, өңірдің медицина саласын өркендету жұмыстары соңғы уақытта қарқынды жүргізіліп жатқаны анық. Түрлі бағдарламалар аясында медицина нысандарын жаңартуға басымдық беріліп отыр.
2023 жылы облыс бойынша 3,2 млрд теңгеге 24 медициналық нысанға түрлі деңгейде құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бұл ғимараттардың 10-ның (1,7 млрд теңге) құрылысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында қолға алынғанын айта кеткен ләзім. Жыл қорытындысына сәйкес, жоғарыда айтылған 24 нысанның 19-ы пайдалануға берілген екен. Сондай-ақ 1,5 млрд теңгеге 11 нысан күрделі жөндеуден өткенін айта кеткен жөн.
Өңірде қатерлі ісік дертіне шалдыққан азаматтарға қолдан келгенше жағдай жасау мәселесі де маңызды болып тұр. Аты жаман аурумен сырқаттанған тұрғындар енді жаңа ғимаратта ем қабылдап жатыр. Былтыр жалпы құны 14,1 млрд теңгеге салынған облыстық онкологиялық диспансерде науқастарға көмек көрсетудің барлық алғышарты қарастырылған екен.
Қалай десек те өңірдің медицина саласының жұмысын өркендетуге кейінгі уақытта қолдан келгенше қолдау көрсетіліп жатқаны даусыз. Облыс әкімі Е.Қарашөкеевтің тапсырмасы негізінде салаға жауапты лауазымды тұлғалар да барлық бағыттағы жұмысты жүйелеп жатыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында биыл да ауқымда істер қолға алынбақ. Дерекке сенсек, осы жылы 20 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған.
Жамбыл облысы