Жастар арасында кеңінен танымал болған "Жездуха" сериалының толықметражды фильмі үлкен экранға жол тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.
“Хабарlike” бағдарламасына қонақ болған жобаның авторлары – “Миллион” командасы фильмге қанша қаражат жұмсалғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ең қымбат қаламақы алған актерлардың да атын атады.
- Арқадан ауыр жүк түскендей күйде жүрміз. Бір жағы қуанамыз. Уайым да басым. "Жасаған дүниеміз елдің көңілінен шығар ма екен?” деген күдік те бар. Енді ғана үлкен экранға жол тартты, бастамасы жаман емес секілді. Шымкенттіктерге ұнады деп естіп жатырмыз. Өнер ордасы Алматы мен Астана қалай қарсы алады екен? Толықметражды фильм түсіру идеясын көрерменнің өзі ұсынды. 170 миллион теңгеге түсірдік. 70 миллионды қарызға алдық. Бизнесте жүрген ағаларымыз демеуші болды, – деді команда мүшесі Қанат Тасхан.
Сонымен қатар, фильмге түскен гонорары ең қымбат актер Тұңғышбай Жаманқұлов екен. Ол 10 секундтық сахна үшін 800 мың теңге алған.
- Түсірілім бас-аяғы 30 минутқа созылды. Ол фильмде 10 секундтық көрініс болды. Қанша жылдан бері өнерде жүрген адам болған соң, қанша теңге айтса да, беруге дайын болдық. Ең қызығы, сол ағамыздың айтқан әзіліне халық қатты күлді. Фильмге атсалысқан барлық әртісті ренжітпеуге тырыстық. Салтанат Серкебаеваға 1 миллион 800 мың теңге төледік, Нышанбек ағамыз 2 миллион теңгеден жоғары алды. Өйткені, ол түсірілім алаңында көп еңбек етті, – деді жоба авторлары.