• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Ақпан, 2024

Этноспорт конфедерациясының ресми мүшесі болдық

109 рет
көрсетілді

Түркияның Анталья шаһарында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы ұйымдастырған VI Этноспорт форумы барысында Ұлттық спорт қауым­дасты­ғының президенті Исламбек Салжанов этноспортты халықаралық стандарт­тарға сай дамыту тәсілдерін жүйелеуге қатысты бірқатар ұсыныс айтты.

Форумның ашылуында сөз сөй­леген қауымдастық басшысы Исламбек Салжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда ұлттық спортты жүйелі дамытуға ерек­ше назар аударатынын атап өтті. Ұлт­тық спортпен айналысатын отандаста­рымыздың саны жыл санап артып келеді.

«Қазіргі таңда қауымдастыққа кіретін республикалық федерациялардың жартысы халықаралық мәртебе алды. Кейбірі бұрыннан бар халықаралық ұйымдардың құрамына енді. Олардың қатарында аударыспақ, көкпар, құсбегілік, жамбы ату, тоғызқұмалақ федерациялары бар. Бұл Қазақстанда ұлттық спорт түрлері дамудың жаңа деңгейіне қадам басып, күн өткен сайын танымал болып келе жатқанын айғақтайды», деді Исламбек Салжанов.

Форум барысында Ұлттық спорт қауымдастығы этноспортты дамытуға қатысты барлық регламент пен рәсім­дердің халықаралық стандарттарға сай болуы үшін бірқатар ұсыныс айтылды. Олардың қатарында Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының негізгі спорттық бағдарламасын біріздендіру, халықаралық жарыстардың бірыңғай күнтізбелік жоспарын жасау, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясымен бірлесіп алдағы 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында төрешілік ету сапасын арттыру үшін арнайы курстар ұйымдастыру және т.б. бар.

Этноспорт саласындағы ынты­мақ­тастықты нығайту мақса­тында Бүкіл­әлемдік этноспорт конфедера­циясының президенті Неджметтин Билал Ердоған Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановқа ресми мүшелік туралы сертификатты табыс етіп, этноспортты одан әрі жаһандық деңгейде дамытуға және біріктіруге сөзсіз серпін беретін алдағы 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізуде сәттілік тіледі.

Сондай-ақ форум барысында Бүкіл­әлемдік этноспорт конфедерациясы мен дәстүрлі спорт түрлерінің ұлттық қа­уымдастықтары арасында өзара тү­сіністік туралы меморандумға қол қойылды. Оның мақсаты – халықаралық жа­рыстарды өткізу кезінде жаһандық эталон ретінде қызмет ететін дәстүрлі спорт түрлері мен ой­ындары үшін конфедерацияның бірың­ғай ережелерін әзірлеу.

Әлемнің 60-тан аса елінен келген халықаралық қатысушылар үшін ал­дағы 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының бағдарламасы таныстырылды.

Форум соңында дәстүрлі спорт сала­сындағы 5-ші халықаралық сыйлық табыс етілді. Аталған сыйлықты еліміз­ден академиялық санатта – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының профессоры Елемес Әлімханов алса, спорт санатында – қазақ күресінен спортшы Зарина Сарипова марапатталды.