• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Үкімет 19 Ақпан, 2024

Халықаралық балама бағыттар қарастырылды

102 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин салалық ми­нистрліктер, ҚТЖ өкілдері және Қазақстан Парламенті Мә­жілі­сінің депутаты Болатбек Нажметдинұлының қатысуымен авто­мобиль арқылы жүк тасымалдау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Көлік министрлігінің дерек­­теріне сай 2023 жылы экспорттық-импорттық жүк тасымалдау көлемі 7,6 млн тоннаны (2,8 млн тонна – экспорт/4,8 млн тонна – импорт) құрады. Бұл ретте отандық тасы­малдаушылардың үлесі – 50,2%-ды, өзбекстандық тасымал­даушылардың үлесі – 10,6%-ды, түркия­лық тасымалдаушылардың үлесі – 5,5%-ды, ресейлік тасы­мал­­даушылардың үлесі –  3%-ды, тәжікстандық тасымал­даушы­лардың үлесі 2,5%-ды құрады.

Тасымалданатын жүктердің 1,6 млн тоннасы Еуропа елдеріне тиесілі. Сондай-ақ олардың жартысын біздің елдің тасымалдаушылары жеткізеді (50%). Польшадағы барлық халықаралық тасымалдау бекеттерінің жабылуы және Ресей мен Беларусь шекарасында бір ғана өткізу бекетінің болуы мемлекетаралық сауда-саттық бағыттарына кері әсерін тигізеді.

Қолданыстағы халықаралық бағыттарға балама ретінде депутат Б.Нажметдинұлы Түрікменстан арқылы өтіп, Түркия мен Парсы шығанағы елдеріне апаратын бағытты қарастыруды ұсынды. Ол үшін Түркіменстанмен арадағы визалық рәсімдерді жеңілдетуде мемлекеттің көмегі қажет. Сон­дай-ақ ЕО елдеріне тауарларды жеткізудің баламасы ретінде Латвия арқылы өтетін бағытты пысықтау ұсынылды.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин қатысушыларға баламалы халықаралық автокөлік бағыттарының барлық нұсқа­сын пысықтауды және бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, оларды дамыту бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды.