• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 20 Ақпан, 2024

Ақырғы сөз ақиқаты

203 рет
көрсетілді

«Өмір мен өлім арасы – бір-ақ қадам». Бала күнде «Ата-анам да өле ме? Олар өлсе, мен не істеймін?» деп қай­ғырып жас төккенім есімде. Тағы бірде Құдай деп елес­теткен адамымыздың құлап жатқанын көріп, мұң­ға батыппыз. Жалған дүниенің жалқы ақи­қаты өлім десек, ұлы адам­дардың ажал алдын­дағы ақырғы сөзі қалай бол­мақ? Не толқытты, не сезінді?

Омар Хайям

Шығыс жұлдызы, ақын, математик, астро­ном, ғалым Омар Хаям­ның өлімі туралы дерек замандасы әл-Байхаки, сонымен бірге бажасы, имам Мұхаммед әл-Бағдадидің келтірген де­ректері бо­йынша жеткен. Бір күні ақын тісін тазалап әрі Ибн-Синаның кітабын оқып отырады. Кітаптың әлдебір маңыз­ды бөлігіне келгенде тіс шұқығышын қос парақтың ортасына қойып: «Ізгі жандарды шақыр, өсиет қалдырамын», – дейді. Соңыра намаз оқып, құлшылықтан соң ішу мен жеуден тыйылады. Кешкі күннің қызыл шапағы шашырап, тағы бір құлшылығын аяқтаған соң, етбетінен сәжде жасап:

«О, Раббым, өзің білесің ғой, ғұмыр бойы мүмкін­дігімше өзіңді тануға талпындым. Кешір мені, саған деген білімім – бұл менің саған бастаған жолым еді..,  дейді кеудесі көріктей қайнап. Бұл аңыз адамның соңғы сөзі болатын.

 

 

Лев Толстой

1910 жылы 28 қазан­да Л.Толстой Ясная По­ля­­­надан құпия түрде бой жа­сырады. Қызы Та­тьяна­ның айтуы бо­йын­­ша, жа­зушының ке­туі­не әйе­лімен арасын­да­ғы кикіл­жің себеп­ші бол­ған. Жол үс­тін­де жа­зу­шының өкпесі қа­бы­нып, төсек тартып қала­ды. 31 қазаннан бастау алған соңғы жеті күнін Астапова начальнигінің үйінде өткізеді. Дәрігер мен қаламгер туыстары бірінен соң бірі бөлмеге келіп әрі журналистер қауымы ғимаратты қорып алай-дүлей болады. 1 қараша күні жазушы қызына: «Ақиқат тек Құдай ғана. Оның жаратылысы – адам, уақыт және кеңістік» деп тіл қатады. Ақырғы күндері әртүрлі сөз айтып, сандырақтай бастайды. Қызы Александраға айтқан сөзінде: «Іздеу, барлық уақытта іздеу...» десе, Чертковқа: «Міне, сабазым, бәрі бітті... Шеше, өкпелемеңіз... Бәрі қарапайым әрі жақсы...» – дейді жүйесіз. Сонымен қатар соңғы сөзінің бірінде: «Лев Толстойдан басқа жер бетінде қаншама адамдар бар, ал сіздер тек бір ғана Левке қарайсыздар»...– дейді. Талқаны таусылар тұста ұлы Сергейді шақырып: «Сережа, мен ақиқатты сүйемін! Ақиқатты қатты жақсы көремін!», – дейді жан сала. Бұл алып жазушының ақырғы тынысы болатын. Толстой жетінші қараша күні таңертең ажал құшып, Ясная Полянаға жерленеді. Ресейде тұңғыш рет ұлы тұлғаның жерлеуі діни рәсімсіз өтеді.

 

Рюнеско Акутагава

Рюнеско Акутагава – жапон прозасын жаңа әлемдік биікке шығарған сиректің бірі. Жазушы «Киелі адам» әңгімесінде ақ адал қиялына сенген адамның мүмкін еместі де мүмкін етер құдіретін бейнелейді. Алайда не­бәрі отыз жасында қалам­герді өз-өзін өлтіру жайлы тұнжыр ойлар шырмауына алады. 1927 жылы «На­құрыстың өмірі» атты автобиографиялық эссесінде: «Адам өмірі Бодлердің бір тармағына да тұрмайды... – деп жазады. Әрмен қарай: «мен өлім жайлы армандамаймын, бірақ өмір сүру жалықтырады...», – деп ойын жалғайды. Жиырмасыншы шілде күні Акутагава «Нақұрыстың өмірі» еңбегінің қолжазбасын студент шағынан таныс досы, жазушы Кумэ Масаоға жолдайды. Араға төрт күн салып ұйық­тататын дәрінің өлімге апарар дозасын қолданады. Со­лайша небәрі отыз бес жасында кеудеден көкала үйрек жаны ұшып, бақи дүниемен қош айтысады. Масаоның мекенжайына шығармасының қолжазбасымен бірге «Ескі досыма хат» атты ақырғы сөзін қалдырған еді: «Мен өзгелерге қарағанда көбірек сүйе алдым, түсіне алдым. Басымнан кешкен қаншама қайғы-мұңды айтпа­ғанда, мұның өзі жаныма демеу... Ұғыңдар, өмір –  өлімге бастайтын соғыс...».

Иә, өлім ақиқаты – ащы, аяусыз. Онда адамның боя­масыз болмысы, жиған қазынасы көрінеді. Ажал алдында әйеліне «қайырлы түн» тілеп, бөлмесінде атылып өлген Хэмингуей ғұмыры, ақын Александр Блоктың жан тапсырар тұста «мен өте шаршадым...» дегені ой қозғарлық. Француз жазушысы Анатоль Франс ақырғы демінде «Шеше!» деп елжіреген екен. Ал атақты Блез Паскаль «Мені тастамашы, Тәңірім» деп Құдайдан медет күтіпті. Сірә, өлім – ең дана ұстаз. Онсыз өмірдің мәні ашылмас еді.