Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды еңбекпен қамту халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты екенін Үкіметтің есіне салды. Былтыр еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілгені, оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс екенін айтқаны да жадымызда.
«Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 млрд теңге бөлінді. Осы қаржы арқылы, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ халықты, жастарды жұмыспен қамту Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін, әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек екенін де ескертті. Яғни жұмыс істеймін деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Бүгінде жастардың жұмыссыз жүруі ұят тірлік немесе нағыз масылдық пен жалқаулық екенін айтушылар аз емес. Өйткені еңбек етіп нәпақа тапқысы келетін жанға ауылда да, қалада да жұмыс табылады. Осы орайда мемлекеттік қолдау тарыққанға балық емес, қармақ беру екенін ескеріп, табандылық таныта еңбек етіп жүрген, табысын молайтқан жандар да аз еместігін айта кетелік. Мысалы, Түркістан қаласының тұрғыны Сапарбек Маханов бөдене өсіруді қолға алған. Бүгінде оның шаруашылығында 3 500-ден аса құс бар. Кәсіпкер күн сайын 1 300 жұмыртқаны 30 теңгеден өңірдегі мейрамханалар мен сауда орындарына өткізеді. Осыдан 6 ай бұрын ғана бөдене өсіруді қолға алған ол алдымен Шымкент қаласынан 2 мың дана бөдене жұмыртқасын сатып алып, оны арнайы инкубаторда өсірген. Қазір онда бөдененің 4–5 түрі өсіріліп жатыр. Мамандардың айтуынша, бөдененің еті де, жұмыртқасы да пайдалы. Сондықтан аталған өнім нарықта үлкен сұранысқа ие. Сапарбек Маханов бұл кәсіпті өз қаражатымен бастаған. Ендігі кезекте шаруашылығын кеңейту мақсатында мемлекеттік қолдауға сүйенбек.
Ал Арыс қаласының Ақдала елді мекенінде тұратын Есенқұловтар шаңырағы ұлттық қолөнерді кәсіп етіп, шағын шеберхана ашқан. Отбасылық кәсіпті қолға алған Алмагүл Шереханқызы мен Нартай Есенқұлов «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен 555 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болған. Басында тек жүн өндірумен айналысса, кейіннен ерлер мен әйелдерге, балаларға арналған ұлттық нақыштағы киімдерді тіккен.
«Анамның жанында жүріп қой қырқып, жүн сабап, ұршық иіріп, киіз басып, алаша тоқып өстім. Үлкен ұлым Ерболат отбасылық кәсібімізді ағаш өңдеумен толықтырып, ыдыс-аяқ және ұлттық аспаптар жасай бастады. Ол да кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік грант иегері атанып, екінші шеберхана аштық. Ал кіші ұлым Ердәулет Түркия елінде былғарыдан бұйым жасауды үйреніп келіп, бізді де сол кәсіпке баулыды. Қазір былғарымен айналысып жатқанымызға үш жылдай уақыт болды. Сонымен қатар былтыр 900-ге жуық үміткердің арасынан жеңімпаз атанып алған 5 млн теңгелік гранттың көмегімен былғарыдан кебіс, аяқкиім түрлерін тігуді де қолға алдық. Бұған қоса кенжеміз сазбалшықтан бұйым жасауды үйреніп жатыр. Жалпы, өнімдерімізге деген сұраныс өте жоғары», дейді шебер ана Алмагүл Шереханқызы.
Бүгінде шеберханада 6 азамат жұмыспен қамтылған. Қосымша жұмыс күшін тарту үшін мансап орталығы ұсынатын «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» сынды бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланған.
Сонымен қатар Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінің кәсіпкері Альберт Муслимов «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 7 млн теңге несие алып, шағын цехта кондитерлік өнімнің 10 түрін шығарып жатыр. Тәтті нан өнімдерін пісіруге арналған технологияны Ираннан арнайы алдыртқан. Қажетті маманды жол шығындарын көтере отырып, сол елден шақырған. Ирандық маман ең бірінші кезекте 10 күннен аса уақыт ауыл азаматтарына тәтті пісірудің тәсілдерін үйреткен. Қазіргі таңда аталған цехта жергілікті 10 тұрғын жұмыс істейді. Тәтті нан өнімдерін пісіруге ең қажет шикізаттың бірі сүт болғандықтан, кәсіп иесі оны ауыл ішіндегі сүтті бағытпен айналысатын отбасылардан сатып алады. А.Муслимов енді цехты кеңейтіп, жұмысшы санын 20-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Кейінгі жылдары Жетісай ауданында тауарлы балық шаруашылығымен айналысуға деген қызығушылық артып келеді. Бұған дейін мал шаруашылығымен, диқандықпен айналысып келген Өмірзақ Әскерұлы жеке қаржысы есебінен 10 млн теңгеге жуық инвестиция салып, балықтың дөңмаңдай, амур, сазан сынды түрлерінің 500 мың дана шабағын Шардара ауданынан алып келген. Бүгінде аумағы 10 сотық, тереңдігі 2 метрді құрайтын тоғанда өсіріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 1 кг-ға жетеді.
Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 35 кәсіпкерге 249,5 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021–2030 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 24 тоғандық балық өсіру шаруашылығы тіркеліп, 68 жұмыс орны ашылды. Осы арада айта кетелік, 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында Шардара ауданында 3 474 адам жұмысқа орналастырылған. Аудандық «Мансап орталығы» ұсынған мәлімет бойынша өткен жылы 4 408 тұрғын жұмыспен қамту жобаларына қатысқан. «Ауыл аманаты» жобасының 50 пайыздан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға беріледі. Биыл бұл мақсатта республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде, облыстың 62 ауылдық округінде жаңадан 62 кооператив құру жоспарланып отыр. 2 640 жоба қаржыландырылып, 4 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ өңірде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы қарқынды жүзеге асып келеді. Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуды көздейтін жоба арқылы жастарға қолдау көрсетілді. Былтыр облыста осы жоба аясында тұрғын үй салу немесе сатып алуға 2,6 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлініп, 497 маман баспаналы болды. Маманға 1 500 айлық есептік көрсеткіш немесе 5 млн 175 мың теңге көлемінде несие берілді. Сонымен қатар аудан, қала бюджеттері есебінен 1390 маман жалпы 479,5 млн теңге бір реттік көтерме жәрдемақыға ие болды. Бір маманға 100 айлық есептік көрсеткіш немесе 345 мың теңге қолдау көрсетілген.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жуырда Президент тапсырмасының орындалуына қатысты өткен жиында инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу өңірдің басты бағыты екенін атап өтті. Бұл орайда өткен жылдың қорытындысында өңір экономикасына 972 млрд теңге инвестиция тартылып, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 126,1%-ға артқан. Сондай-ақ былтыр облыста 126,9 млрд теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. Әрбір жобаның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Алдағы үш жылда агроөнеркәсіп, машина жасау, білім, денсаулық, өнеркәсіп және құрылыс, туризм мен энергетика салаларын қамту жоспарланып отыр.
Түркістан облысы