Дамыған елдер 2017 жылдан жасанды интеллект саласын ілгерілету стратегиясын бекіте бастады. Бұл бүкіл әлемдегі жасанды интеллект технологияларының жетілуі мен қолданылуын жеделдетті. Елімізде де осы салаға мән беріліп отыр. Енді арнайы тұжырымдама қабылданбақ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жасанды интеллект саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі жоспарын жасады. Жоспарға сәйкес қадамымыз қандай болады, сараптап көрдік.
Жасанды интеллект қарқынды дамып келе жатқандықтан салаға қатысты ұлттық саясаттың болуы маңызды. Тұжырымдама қабылдау – нақты жоспар құрып, қадамымызды айқындап, жаңа дүниенің игілігін көруге, сондай-ақ ықтимал сын - қатерге дайындалуға мүмкіндік беретін бағдарларды құру деген сөз.
«Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» құжаты ашық НҚА сайтында жарияланды. Онда министрлік нейрожелінің жай-күйін талдап, іс-шаралар жоспарын ұсынған.
Негізгі жоспарларға тоқталатын болсақ, биыл шілде айында «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесі іске қосылады. Онда мемлекеттік органдардың 90-нан астам ақпарат жүйесінен дерек жиналады. Жасанды интеллект платформасы соның негізінде шешімдер қабылдауға, оқытуға, орналастыруға, басқаруға мүмкіндік береді. Ал қыркүйек айында жасанды интеллект бойынша оқыту курсын бастау жоспарланса, жыл аяғына дейін ұлттық жасанды интеллект платформасы құрылады, есептеу қуатымен қамтамасыз етіледі, цифрлық кодекс жобасы әзірленеді, сонымен қатар қазақ тілінде үлкен тілдік модель жасалады. Маман даярлау ісі де күн тәртібінде. 2025 жылы кейбір жоғары оқу орындарда арнайы білім беру бағдарламасы енгізіледі.
Инвестиция – игілік
Oxford Insights жүргізген Үкіметтің 2023 жылға арналған жасанды интеллектінің дайындық индексі зерттеуіне сәйкес, еліміз 193 елдің арасында 72-орында, сондай-ақ Үндістан мен Түркиядан кейін оңтүстік және Орталық Азия бойынша өңірлік рейтингте 3-орында тұр.
Әлемдік көшбасшылар – АҚШ пен Қытай. Өйткені олар алпауыт ІТ компаниялардың нейрожеліге қатысты зерттеуі мен әзірлемелеріне қомақты инвестиция салып отыр. ЭЫДҰ елдері, соның ішінде Жапония, Швеция, Германия және Франция мемлекеттері жетекші инвесторлар қатарында. Ал еліміз тұжырымдамадағы жоспарға сәйкес, жасанды интеллектіні дамытуды ынталандыру мақсатында жыл сайын, 2024 – 2 млрд тг, 2025 – 3,7 млрд тг, 2026 – 3,7 млрд тг, 2027 – 3,7 млрд тг, 2028 – 3,9 млрд тг, 2029 – 4 млрд тг көлемінде гранттық қаржыландыруды арттырмақшы.
Америка жасанды интеллект стартаптарында табиғи тілді өңдеу, машиналық оқыту, компьютерлік көру және визуализация бағыттарын негізге алса, Қытай компьютерлік көру, визуализация, интеллектуалды роботтехника, табиғи тілді өңдеуге басымдық берген. Қазір әлемдік нарықта Google, Amazon, Meta, Apple, Microsoft, IBM, NVIDEA, Open AI сияқты АҚШ компаниялары, сондай-ақ Қытайдың Baidu, Alibaba, Tencent, Huawei, Xiaomi компаниялары өз өнімдерін белсенді түрде қолданысқа енгізуді қолға алып, ауқымды зерттеу жұмыстарын бастады. Канада, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция және Германия сияқты басқа елдер де жасанды интеллект технологиялары бойынша өз бастамаларымен алға жылжып, қарқынды жұмыс істеп жатыр.
IDC бағалауы бойынша былтыр жасанды интеллекті жүйелеріне жұмсалған әлемдік шығын 154 млрд долларды құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 26,9 пайызға көп. Осы ретте Bloomberg Intelligence бағалауынша генеративті жасанды интеллект нарығы шамамен 40 млрд доллар көлеміне жетіп отыр. 2025 жылға қарай бұл сан 217 млрд долларға дейін өседі, ал 2032 жылы шығыс 1,3 трлн доллар болады деген болжам бар.
Сарапшылардың пайымдауынша, жасанды интеллект өріс алған сайын дамыған және дамушы елдер арасында алшақтық пайда болады. Өйткені жасанды интеллект технологияларының дамуы инвестициялық капиталға, мықты кадрлық әлеуетке, зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін дамыған инфрақұрылымға тікелей тәуелді.
Маман даярлау
Мемлекет басшысы Жолдауында: «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», деп тапсырма берген еді. Осы міндеттерге сәйкес Қызылордадағы университет базасында жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі жұмысын бастады. Мұндай мүмкіндік Қорқыт ата университеті мен Оңтүстік Кореядағы Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті арасындағы «Халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университеттік жоба» аясында жүзеге асып отыр. Бұл – ынтымақтастықтың алғашқы кезеңі. Екінші кезеңде 4 қыркүйектен бастап, Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің филиалын құру жоспарланған.
«Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында да» сала бойынша озық мамандарды даярлауға жоспар жасалған. Соған сәйкес еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында машиналық оқыту, data science, кибернетика, жасанды интеллект, роботтехника сияқты білім беру бағдарламасын енгізу көзделген. Бұған қоса машиналық оқыту және жасанды интеллект мамандарының қауымдастығы құрылады. Мектептерде де оқу бағдарламасына жасанды интеллект модульдері енгізілуге тиіс.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, елімізде жасанды интеллект саласындағы қандай да бір зерттеулермен немесе әзірлемелермен айналысатын 24 жоғары оқу орындары мен ғылыми орталық бар. Соның ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті қазақ тілі корпусын әзірлеу бойынша жұмыс атқарып жатыр. Ал «Астана халықаралық университеті» табиғи тілді өңдеу, қазақ тіліндегі білімді семантикалық өңдеуді, Ә.Бөкейхан университеті «Abai IT Valley» технологиялық кластері жасанды интеллект элементтері бар сайтты әзірлеуді, Nazarbayev University ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты қазақ тілін қолдануға қатысты 4 жобаны іске асыруды қолға алған.
Бүгінгі таңда еліміздегі 4 жоғары оқу орны ғана, атап айтқанда, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Назарбаев университеті деректерді өңдеуге және терең зерттеу алгоритмдерін оқытуға арналған тиісті жабдықтармен қамтылған.
Өндірістегі өнім
Жасанды интеллекттің қарқынды дамуына бірнеше негізгі фактор әсер етті. Бірінші, үлкен деректердің жинақталуы мен желілердің дамуы. Екінші, нейрожелі технологияларының дамуындағы күрт серпіліс. Үшінші, 2022 жылы OpenAI компаниясының ChatGPT-ді шығаруы.
Еліміз жасанды интеллект саласына енді ене бастағанымен, мүлдем қалыс қалған жоқпыз. Оған дәлел – түрлі салаларда іске асырылған жобалар. Мысалы, медицинада инсульт белгілерін диагностикалауға көмектесетін «Cerebra», ортодонттарға жақтың компьютерлік томографиясын жедел оқуға жәрдемдесетін, «ортодонтиялық талдау», электрокардиограмманы қашықтан декодтайтын «Smart ECG» құрылғылары іске қосылды. Сондай-ақ «Smart City» тұжырымдамасындағы көлік, экология, энергетика, деректерді талдау, нөмірлерді, тұлғаларды тану жүйесі және жол қозғалысы ережесін бұзушылықтарды тіркейтін TargetAI ақылды бейне аналитика платформасы жұмыс істеп тұр. Өнеркәсіп саласында жер қойнауын пайдаланушылардың өндірістік үдерісін оңтайландыруға арналған brains.app жасанды интеллект өнеркәсіптік платформасы, оқиғаларды көп факторлы талдау негізінде геологиялық-техникалық іс-шараларды іріктеуге арналған «Neuron Oil» платформасы бар.
Айта кетейік, 2021 жылы DSGI зерттеуінде еліміз цифрлық дағдылар деңгейінде 134 елдің рейтингінде 43-ші орынға ие болды. Бұл елдегі қолданыстағы цифрлық технологияның сенімділігін, тұрақтылығын, жеделдігін көрсетеді.
Кедергі
Әлем елдері жасанды интеллектіні дамытуда көбіне сапалы деректер жиынтығының болмауы, деректердің қол жетімсіздігі, цифрландырудың төмен деңгейі, интернет сапасының нашар болуы, елді интернетпен толық қамтымау, есептеу қуатының болмауы секілді мәселелерге тап болады. Бұл проблемалардың біразы бізде де бар. «Speedtest Global Index» дерегі бойынша еліміз мобильді интернет жылдамдығы бойынша 67-орында (35,90 Мбит/с) болса, кеңжолақты интернет желісі жылдамдығы бойынша 99-орында (47,53 Мбит/с) тұр. Сондықтан жасанды интеллектіні дамытамыз десек, интернет жылдамдығы жоғары болу керек. Тұжырымдамада «5G желісі бірінші кезекте Астана Хаб өңірлік орталықтары орналасқан жерлерде, «TechGarden-де», жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының жасанды интеллект зертханаларында қамтамасыз етілетін болады», деп көрсетілген.
Сондай-ақ жаңа үрдістерге ілесіп, озық технологияларды бірден меңгеріп кете қоймайтынымыз да жасанды интеллектінің дамуына үлкен кедергі. Елімізде технологиялық, цифрлық сауаттылық деңгей төмен. IT мамандар да жаңа қосымшалар жасағанымен, сұраныстың аз болатынын айтады. Өйткені көбі олардың қандай артықшылығы бар екенін, технологияның қалай жұмыс істейтінін, оларды әртүрлі салаларда қалай қолдануға болатынын білмейді.