Қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрған уақытта негізгі азық-түлік өнімдері бағасының жөн-жосықсыз көтеріліп кетпеуіне жол бермеу аса маңызды. Жыл басынан бері облыста бірқатар өнім түрі бойынша бағаның төмендегені байқалған.
Айталық, макарон өнімдері (0,8%-ға), күріш (1,1%-ға), қарақұмық жармасы (1,5%-ға), күнбағыс майы (0,6%-ға), сүзбе (0,6%-ға), картоп (0,5%-ға), сәбіз (4,8%), пияз (5,2%), қырыққабат (0,9%) арзандаған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бағытында тауар интервенциясы, күзгі көкөністер мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ассортиментін ұлғайту, тауар өндірушілермен тікелей сауда байланыстарын жолға қою, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу шаралары жасалды. Облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы облыс тұрғындарына «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) есебінен беріліп жатқан азық-түлік өнімдерін арнайы белгісі бар чек арқылы сатуды ұйымдастыруды тапсырды.
«Қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қорынан беріліп жатқан өнімдердің баға айырмашылығы тұтынушыларға көрініп тұруы қажет. Бұл бағаны негізсіз көтерудің алдын алады», деді аймақ басшысы.
Қазір облыс орталығында және Сәтбаев қаласында тұрақтандыру қорынан бөлінетін өнімдердің бағасын көрсетіп, қандай сауда нүктелерінен алуға болатыны халыққа кеңінен хабарланып жатыр.
Баға бұғалыққа көне бастады ма? Әлде уақытша ма? Әрине, мұны уақыт көрсетеді. Бірақ облыс басшылығы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бірқалыпты ұстап тұру мақсатында бұған дейін қолға алынған шараларды жалғастыра бермек. Жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу арқылы бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруға тастүйін бекініп отыр.
Ұлытау облысы