Қатардың бас шаһары Дохада өткен су спортынан әлем чемпионатында 42 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Бақ сынаушылардың жалпы саны – 2 600 спортшы. Барлық құрлықтың мықтылары бас қосқан байрақты бәсеке Қытай құрамасының айқын жеңісімен аяқталды.
Парсы шығанағында Қытай елінің өкілдері 33 рет жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, олар 23 алтын, 8 күміс және 2 қоланы олжалап, жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Екінші орынды АҚШ құрамасы олжалады. Олар 23 жүлдеге (9 алтын+6 күміс+8 қола) қол жеткізді. Үздік үштікті Аустралия түйіндеді. Жасыл құрлықтың өкілдері 24 медальды (7+12+5) мойнында жарқыратты. Сондай-ақ ТОП-10-дықтың қатарында Нидерланд (5+4+0), Ұлыбритания (4+5+9), Италия (3+10+6), Канада (2+3+6), Оңтүстік Корея (2+1+2) және Жаңа Зеландия мен Швеция (2+1+1) құрамалары бар. Бұл жарыста 23 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 34 елдің туы көкте желбіреді.
Бір-бір алтыннан олжалаған Қазақстан мен Хорватияның спортшылары жалпыесепте 22-23-орындарды өзара бөлісті. Балқан түбегінен келген команданың абыройын асырған ватерполшы жігіттер болса, Қазақ елінің әнұранын шырқатқан – Наргиз Болатова мен Эдуард Ким. Олардың екеуі де – болашағынан зор үміт күттіретін жас өрендер. Наргиздің жасы – 20-да, Эдуард – небәрі 18-де. Әртістік жүзудің техникалық бағдарламасы бойынша аралас жұптар сайысында өнер көрсеткен отандастарымыз Қатардың астанасында небір мықтыларды артқа тастап, бас жүлдені иеленді. Бұл – Қазақстанның су спорты тарихындағы әлем чемпионатының тұңғыш алтыны. Болатова мен Кимге дейін бірде-бір жерлесіміз бұл белесті бағындыра алмаған еді.
Жарыс аяқталғаннан соң БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Наргиз бен Эдуард: «Төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыста жеңіс тұғырына көтерілу, әрине, оңай шаруа емес. Біз ерен еңбек пен жанкешті жаттығу арқылы орасан зор табысқа қол жеткіздік. Бұл ретте бапкерлердің де осы жеңіске қосқан үлесі сүбелі. Шыны керек, біз Дохада алтын аламыз деп еш ойлаған жоқпыз. Бірақ жеңіс тұғырына көтерілуді армандағанымыз рас. Кеуде түпкірінде бір үміт болды. Сол асқақ арман мен үкілі үміт көз арбаған биіктерге жетеледі. Ақыры бізге жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыста Қазақстанның әнұранын шырқату бақыты бұйырды. Бірақ бұл табысқа тоқмейілсіп, қол қусырып, бейжай отыратын жайымыз жоқ. Алда әлі де көптеген дүбірлі дода бар. Енді жатпай-тұрмай соған даярланамыз. Кейінгі кездері техникалық аралас жұптар сайысы Олимпиаданың бағдарламасына енетіні жайында әңгімелер жиі айтылып жүр. Бұл бекер емес шығар. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайтыны» белгілі ғой. 2028 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанатын жазғы ойындарға дейін осы мәселе оң шешімін тапса, тамаша болар еді. Бұл – осы спорт түрін серік еткен барша ұл-қыздардың арманы. Егер бәрі біз ойлағандай болса, онда жаһандық додада да даралану үшін еш аянып қалмайтынымыз анық», деп ақтарыла сөйледі.
Өткенге зер салсақ, су спортынан әлем чемпионаты 1973 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сол кезден бері 25 жарыстың жалауы желбіреді. Бірақ жарты ғасырдан аса уақыт аралығында Қазақстанның өрендеріне жалғыз қола медаль бұйырған еді. Соның өзіне былтыр ғана қол жеткізе алдық. Аталған жүлденің иегері – Алматы қаласында орналасқан Қаркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледждің оқушысы Эдуард Ким. Білікті маман Ернар Ыбырайымов жетекшілік ететін қазақ спортының қара шаңырағының түлегі Жапонияның Фукуока қаласында әртістік жүзудің техникалық бағдарламасының жекелеген сайысында қола медальды мойнында жарқыратты. Сондай-ақ күні кеше ғана Парсы шығанағында Киммен бірге жұптасып өнер көрсетіп, алтыннан алқа таққан қазақ қызы Наргиз Болатова былтыр дәл сол колледжді тәмамдаған.
Ал оған дейін нәтижелерге келетін болсақ, 2015 жылы Дмитрий Баландиннің жеңіс тұғырына көтерілуге зор мүмкіндігі болды. Татарстанның Қазан қаласында жалауы желбіреген жарыстың 100 метрге брасс әдісімен жүзу сайысында ол басты қарсыластарынан сәл ғана қалып қойып, төртінші орынды қанағат тұтты. Есесіне келесі жылы отандасымыз Рио Олимпиадасында айды аспанға бір-ақ шығарып, алтын тұғырдан қол бұлғады. Ел мақтанышына айналған Баландин 2015 жылы Қазанда алтыншы орын алса, 2019 жылы Кванджуда екі рет жетінші сатыға тұрақтады. Сондай-ақ 2017 жылы Будапештегі бәсекеде Қазақстанның тағы бір жүзушісі Виталий Худяков үздік жеті спортшының қатарынан көрінді. Міне, су спортындағы ең үздік нәтижелеріміз – осы.