• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 22 Ақпан, 2024

Күлкіден классика жасаған

152 рет
көрсетілді

Оның көркінен бұрын көзі ойнап тұрады. Ал күлкісі ше? Күні бүгінге дейін Әминаға ажар берген күлкінің құпиясы ашылған жоқ. Себебі онда сиқыр бар. Сенбесеңіз, Шәкен Аймановтың әйгілі «Тақиялы періштесіне» тағы бір мәрте ден қойып көріңізші. Сондағы Тана әжейдің бейнесін тамсанбай тамашалау мүмкін емес. Ал күлкісі – классика!

Иә, 1968 жылы экранға шық­­қан Шәкен Аймановтың «Тақия­лы­ періште» фильмі көптің көз­айымына айналды. Арада жарты ғасырдан артық уақыт өтсе де, туындының көрермені көбеймесе, титтей азайған емес. Тіпті қай­талап көретін көрушісінің өзін алғаш тамашалап отырғандай таң­ғажайып әсерге бөлеп, экран алдынан тапжылтпайтын коме­дия­ның бар құпиясы оның шына­йы­лығында жатса керек.

Бірі білсе, бірі білмес, Тана апа – КСРО халық әртісі Әмина Өмірзақова үшін арнайы жазылған рөлдің бірі. Оны Шәкен Аймановтың: «Әминажан, мен әдейілеп тұрып саған сценарий жаздым. Бұл – комедиялық туын­ды. Басты рөлде сен ойнайсың. Осы күлкіңнен айырылма!» деп жазған хаты да растайды.

Шынымен де, фильмдегі Әмина­ның күлкісі – киноның көркін ашқан ұтқыр кадрлардың бірі. Сол ғажайып күлкісімен, сол шынайы бейнесімен көп есінде мәңгілік жатталған актриса экрандағы күллі аналардың эталонына айналғандай.

Бір қызығы, айтулы фильм ешқандай дайындықсыз түсірілді. Көп ішінен талассыз таңдалған ­актриса Шәкен Аймановқа жал­ғыз-ақ өтініш айтады. Ол сцена­рий­дің қазақша мәтіні еді. Бірақ па­йым-парасаты ерекше режиссер: «Ештеңе етпес, бұған дейін де орысша фильмдерде ойнадың ғой. Осы жолы да ойнайсың», деп кесіп айтқанымен, Әминаға: «Басты рөлді қалай сом­дағың келеді, солай ойна!» деп толықтай еркіндік береді. Осылайша, Өмірзақова фильмдегі Тана апаның бейнесін өзі жанынан шығарып ойнап, кейіпкеріне өлмес өмір сыйлады. Ал күлкісі классикаға айналды.

Десе де сахна мен экранда­ кемелдігі келіскен керемет бей­нелерді кейіптеп, есімі аңыз­ға­ айнал­ған актрисаның ә деген­нен өнер әлеміндегі жолы ашық болды десек, қателесеміз. Тең­дес­сіз Тана бейнесіне дейін өнер­дің талай кедір-бұдырын кө­ріп, саясаттың салқынын сез­ді. Ленинград мемлекеттік театр инс­­титутын ойдағыдай тәмам­дап, табақтай дипломы­мен алып-ұшып Алматыға келген кезде оны халық жауы атанып, жазықсыз жазаланған аға­сы үшін ешкім жұмысқа қабыл­да­мады. Ал жаны өнерден алыс кете алмаған актриса амалсыз киностудияның монтаж бөлі­міне жұмысқа орналасуға мәж­бүр болды. Бірақ бір ғана сәт Өмір­­за­қованың өмірін түбегейлі өз­гер­теді. Ол Әминаның әйгілі режис­сер Григорий Рошальмен кездесуі еді.

Оқиға былай болыпты. 1945 жылы Григорий Рошаль «Абай әндері» деп аталатын картинаны түсіруге кіріседі. Үміткерлерді іріктеу басталған. Басты рөлден екі үміткер дәмелі. Бірі – Шара Жинеқұлова болса, екіншісі – Нұрсұлу Тапалова. Бірақ атақты кинорежиссер бірде киностудияда жүрген көзі өткір көрікті қызды көреді. Ол Әминаның «Қаһарлы Иван» фильмінің монтажымен әлек болып жатқан кезі болса керек. «Мұндай өткір көз шұбатылған кинотаспаларға тесіле қарап, оларды қиып, желімдеу үшін жаратылмаған. Бұл көз кино үшін жаралған», деп түйеді. Сөйтіп, режиссер оның суретін бірден сценарий авторы Мұхтар Әуезовке көрсетеді. Сөз зергері суреттегі бейнені жақтырмай: «Манауың тіпті пұшық мұрын ғой», деп жаратпайды. Сол кезде режиссер фотодағы Әминаның бетін қолымен басып, көзін ғана ашық қалдырады да: «Бізге мұрын емес, көз керек», дейді. Осылайша, көркемдік кеңес Әминаны жаңа картинаның бас­ты рөлін сомдауға бекітеді. Ол сәтті актрисаның өзі былайша еске алады:

«Менің мұрнымды арнайы қарашірікпен қатырып тастады. Тек камера түсіретін кезде ғана сөйлеуге рұқсат берілген. Қалған кезде сөйлеуге болмайды. Тіпті тамақ іше алмай, күні бойы аш жүрдім. Себебі аузыңды қимылдатсаң болды, жасап қойған мұрның шытынап кетеді».

Өнер әлеміне келу жолы осын­дай түрлі қиындыққа толы болғанына қарамастан, актриса­ «Абай әндері» фильмінің бас­ты кейіпкерінің кілтін адас­пай тапты. Кинодағы міндетін мінсіз атқарып шыққан соң, ол көрерменіне ұнап, Әмина Өмірзақова есімі көпшілікке танылды. Бұл рөл актрисаны үлкен жетістіктерге бастады. Оның өнеріне көптеген режиссерлер тәнті болды. Осылайша, кино мен сахна актриса өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. «Абай әндерінен» кейінгі тудырған «Ана туралы аңыз», «Тақиялы періште», «Гауһартас», «Мама Роза» сынды картиналардың барлығы да бүгінде қазақ кине­матографиясының құн­ды­ қазы­на­сы. Ал Өмір­за­қованың өзі болса, шынайы­лы­­ғы­мен шығар­ма­шы­лық­тың шыңын бағын­дырып, кере­мет күлкісімен аңызға айналды.