• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жастар 22 Ақпан, 2024

Цифрландыру үдерісі: Жастар үлесі қандай?

325 рет
көрсетілді

Цифрлы медиа қоғамды қалай өзгертіп жатыр? Оның жастарға тигізетін ықпалы қандай? Цифрлы болашақтың жастарға пайдалы тұстары бар ма? Қауіп-қатер неде? Бұл сұрақтар кез келген адамға ой салары анық. Осы туралы ой тарқатып, өз тарапымыздан жауап іздеп көрсек.

Елімізде цифрландыру үдерісіне ерек­ше басымдық беру заманауи цифрлы технологияларға негізделген ең дамыған 30 елдің қатарына кіру бастамасымен тікелей байланысты. Осы мақсатта 2017 жылы елдің Үшінші жаңғыруы аясында 2018–2022 жылдарға арналған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаның негізгі бағыты – ел экономикасын дамытуды жылдамдату арқылы бәсекелестікті арт­тыру және келешекте цифр­­лы технология­ны қолданудың есебі­нен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ел эко­­номикасын дамыту үшін цифрлы тех­нологияларды белсенді ендірудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Соңғы рет өткен жылы шетелдік инвес­торлар кеңесінде Президент цифрландыру үрдісіне Қазақстан үшін ұлттық деңгейдегі басымдық деген баға берді. Президенттің айтуынша, алдағы бірнеше жылда еліміз Еуразия жүрегінде ең ірі және алдыңғы қатарлы цифрлы хабтың біріне айналуды мақсат тұтып отыр. Цифрлы технологияларды ендіруге жұм­салған күш-жігер халық санасына тікелей әсер ете отырып, қоғамның бет-бейнесін түбегейлі өзгертіп келді.

Бүгінде заманауи цифрлы технологиялар әр азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді, олар күн өткен сайын өміріміздің түрлі саласын көбірек қамтып келеді. Ел жастары заманауи цифрлы технологияларды жылдам игеріп, жаһандық үрдістің барлық игілігін қолдануға шексіз мүмкіндік алып отыр. Атап айт­қанда, интернет және ұялы телефон­да қолжетімді Facebook, Twitter, YouTube сияқты әлеуметтік желілерді кең қолдану арқылы ақпаратты жылдам алу және түрлі салада жастардың өз бетімен білімі мен қабілетін арттыруына қолайлы жағдай қалыптасып келеді.

Дегенмен әлемдік сарапшылар мен саясаткерлер арасында цифрлы тех­нологиялардың өскелең ұрпаққа тигізетін ықпалы мен жасанды интеллек­тінің келешегі туралы біржақты көзқарас жоқ. Кейбір сарапшылар заманауи инновациялық технологияның қарыштап дамуын жарқын келешектің бір көрінісі ретінде қарап, қолдау білдірсе, кейбірі жастардың санасына тигізетін жағымсыз ықпалын алға тартып, мүлдем қарсы шығады.

Бүгінгі күні цифрлы кеңістікте жастар ерекше белсенділік танытып отыр. Себебі кейінгі жылдары Қазақстанда жастар арасында интернет қолданушылар саны артып, әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн-платформаларда белсенділік аясы кеңейіп келеді. TNS деректеріне сәйкес 2020 жылдан бастап елімізде әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны күрт өскен. 2021 жылдың қаңтарында жалпы саны 12 млн адамға жетіп, 2020 жылдың басымен салыстырғанда 26%-ға (2,5 млн адамға) артты. 2020 жылы әлеуметтік желілер өздерін кез келген аудиториямен байланыстың негізгі арнасы ретінде танытты. Оған бір жағынан әлемде орын алған постпандемиялық кезең де өзінің белгілі бір деңгейде ықпалын тигіз­генін айтпасқа болмайды. Жалпы, Қазақстанда 2021 жылы статистикалық деректерге сәйкес әлеуметтік желіні қол­данушылардың үлес салмағы 63,5% -ға дейін жетті.

Нәтижесінде, кейінгі жылдары ин­тер­нет кеңістігінде, әлеуметтік желі­лерде еліміздің күнделікті өзекті саяси мәселелерін талқылауда жастардың аза­маттық-саяси белсенділігі артып келе жатқаны байқалады. Өз кезегінде интернет кеңістігінде азаматтардың кері байланысы маңызды саяси мәселе­лерді шешуде билік пен қоғам арасын­дағы өзара әрекеттесудің жаңа формаларын қалыптастыруға жол ашады деген үміт бар. Осылайша, билік пен халық арасындағы заманауи комму­никациялық өзара іс-қимылда цифрлық технологиялардың рөлі басымдық танытып отырғанын көруге болады.

Жастар саяси оқиғаларды, бастамалар мен ұсыныстарды талқылауға оңай қатыса алады. Келешекте бұл кез келген ішкі немесе сыртқы саяси оқиғаға қатысты интернет пен әлеуметтік желі­лерде жастар өздерінің жеке пікірле­рін еркін білдіре алатын деңгейге жетелейді. Цифрлы технологиялардың көмегімен мемлекеттік органдардың қызметін, партиялардың бағдарламалары мен берген уәделерінің толық орында­луын, сот шешімдерінің ашық және адал іске асуын оңай бақылауға мүмкіндік туады. Сол арқылы келешекте елімізде «электронды демократияның» дамуына сөзсіз жол ашылады деген болжамдар айтылып жүр. Сонымен қатар экономика мен бизнесті дамыту саласында цифрлы технологиялар ел жастары үшін жаңа мүмкіндік тудырып отырғандығын баса көрсету керек. Жастар жаңа стартаптар арқылы еліміздің инновациялық және экономикалық дамуында қозғаушы күш ретінде танылып келеді

Алайда цифрлы әлемнің жастар­дың санасына, мінез-құлқы мен дү­ние­танымына тигізіп отырған теріс ықпалдарын айтпасқа болмайды. Өйт­кені қоғамдық өмірдің барлық саласына цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізу қоғамда қалыптасқан қатынастар жүйесіне сөзсіз өзгерістер алып келді. Интернетте бос уақытын көбірек өткізетін жастардың басым бөлігінің санасы мен мінез-құлқы түрлі ақпарат ықпалымен уақыт талабына сәйкес айтарлықтай өзгеріске ұшырап отырғандығын жоққа шығара алмаймыз. Нақты айтқанда, жастардың санасы мен дүниетанымына кері әсерін тигізетін көптеген заманауи ақпараттық арнаның кесірінен жастардың мани­пуляциялық ықпал ету объектісіне айналу қаупі артып отыр.

Оған мысал ретінде әлеуметтік желі­лер көмегімен инфлюэнцерлер деп аталатын желі қолданушылары түрлі көңіл көтеретін контенттер арқылы көпшілік санасына ықпал ететін саяси идеяларды да тарата алады. Жастар өздері қарайтын желілердегі танымал тұлғалардың ық­палына қалай түсіп, санасына қандай идеяларды сіңіріп жатқанын байқамай қалуы да мүмкін. Осылайша, әлеуметтік желілерде кең көлемде өзіне лояльды аудиториясы бар белсенді қолданушылар түрлі қауесет пен болжамды айта отырып, қасақана арандату арқылы шын­­дықты әдейі бұрмалау сияқты ма­нипу­ляциялау технологияларын қол­данады.

Сонымен қатар деструктивті саяси көзқарастардың, «фейк» ақпараттардың әлеуметтік желілер мен БАҚ-та кеңінен таралуы, қоғамды бағдарынан адастырып қана қоймай, жастардың көңіл күйі мен мінез-құлқына кері әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде жастардың ел ішіндегі саяси жағдайды түсінудің шынайылығын бұрмалауы мүмкін. Салдарынан ақпа­раттық кеңістікте интернет белсен­ділердің саяси мақсаттарын, қоғамдық пікірін, наразылық көңіл күйін білдіре­тін құралына айналу қаупі бар. Ондай жағдайда әлеуметтік желілер тез арада түрлі наразылық, қарсылық білдіруші электоратты жұмылдыратын құралға ай­налып кете алады. Оны біз кейінгі жыл­дары еліміздің әр түкпірінде бол­ған этносаралық және әлеуметтік қақты­ғыстардан көре алдық.

Дегенмен цифрландыру үдерісі – жо­­ғарыда айтылғандай тоқтаусыз алға қарыштап дамып бара жатқан әлем­дік тренд. Бұл әлемдік трендтен еліміз тыс қала алмайды. Сондықтан жа­һан­дық трендке жылдам бейімделіп, еліміз экономикалық, инновациялық және технологиялық тұстарын жетік меңгеріп, пайдалы жақтарын барынша алуға тиіс. Ал жастардың ақпараттар ағымын сараптап, сыни ойлау қабілетін дамыту қажет. Жастар барлық мәселені рационалды және демократиялық тәсіл тұрғысынан қарастыруға тиіс. Мемле­кет осы орайда әлемде цифрландыру үдерісінен туындаған трансформация жағдайында ақпараттық қауіпсіздік саласына қатысты заңнамалық негіздерді қайта қарап, оларды уақыт талабына сай үнемі жетілдіріп отыруы қажет.

 

Нүркен АЙТЫМБЕТОВ,

Философия, саясаттану және дінтану институты

Саяси зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері