• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Мәселе 23 Ақпан, 2024

«Достық» тұрғындары үйін жекешелендіруді қалайды

995 рет
көрсетілді

Көпшілік көтерген мәселелерге жүрдім-бардым қарап, сөзбұйдаға салып, аяқсыз қалдыру – біздің қоғамның олқылығы. Мақаланы бұлай бастауымның себеп-салдарына қысқаша тоқталып өтейін.

Әңгімеміздің әлқиссасы Жеті­су облысы Алакөл ауданына қа­расты «Достық» бекетіндегі ше­шімін таппай келе жатқан тұр­ғын үйлер туралы болмақ. Қытай мемлекетімен шекарадағы аталған бекеттегі үйлердің алғаш­қы­сы (екіқабатты хрущёвкалар) өткен ғасырдың 60-жылда­ры пайдалануға берілген. Одақ ке­зін­де­гі Қытаймен болған қыр­ғи-­­қабақ салдарынан шекара жабылып, бұл бекеттегі үйлер түгелдей қаңырап бос қалған. Бірен-саранында застава адамдары тұрды демесек, кейбірі малшылардың атқорасына айналған. Иә, еліміз егемендік алғаннан кейінгі отыз жылдан аса уақытта көрші Қы­тай­мен арадағы жабық қақпа айқара ашы­лып, теміржол бойына қан жүгіре бастады.

Мыңдаған адам егемен еліміз­дің түкпір-түкпірінен келіп, темір­жол салаларына, кеденге, тағы басқа мекемелерге жұмысқа орналасты. Оларға арналып үй салынып, аурухана, мектеп, сауда орындары, банк, балабақша ғи­мараттары бой көтерді. 1 500-дей ауласы, 7 мыңдай тұрғыны, 150 зейнеткері бар бекет үшін мұның бәрі – атқарылып жатқан игі істер. Әрине, сауда орындары, асханалар – тұрғындардың өз есе­бінен салынған құрылыс ны­сандары. Көңіл тоғайтар көп жұ­мыс атқарылғанымен, шеші­мін таппаған түйткілді тұстар әлі де жетерлік.

Сол түйткілдің түбірі – тұр­ғын үйлер мәселесі. Анығырақ айтсақ, оның жекешелендірілуі тура­сында. Жалпы, тұрғын үй­лер­ді жекешелендіру Қазақ­стан­дағы теміржол аумағының қай қиырында болса да жүзеге асырылған. Ал «Достық» бекетіне келсек, Қазақстан темір­жо­лын­дағы шенділердің шеші­мін­ше шекара аймағындағы үй­лер жеке­ше­лендірілмейді-міс. Осылай дей тұра, жол картасын желеу етіп, 5 – 6 жылдан бері сөзбұйдаға салып, 283 ескі үйдің 100-ін жекеге өткізіп, қал­­ғанын сарсаңға салып келеді. Сондай-ақ жұртшылық үйінің жарығына, суына, жылуына ай сайын ақысын төлеп келе жатса да, олардың мойнына айлық есептік көрсеткіш (АЕК) іліп отыр. Бұлай ету «Қазақстан темір жолы» тарапынан халыққа көрсетілген қолдау емес, қанау десек, еш қа­те­леспейміз. Жоңғар қақ­па­сын­да­ғы жыл он екі айдың жарымы жел, жарымы бет қарат­пас аяз бен шіліңгір ыстық. Қыс бастала автожолда шекараға жете ал­май, боранда апталап жатып, кө­ліктері қатып, сарсаңға тү­­сер жағдайлар аз емес. Дәл осындай қыстаяң шақтарда бекет тұрғындары мен олардың бала-шағаларына азық-түлік пен түрлі тауар жеткізу «Қазақстан темір­жо­лындағылардың» емес, сол жердегі тұрғындардың пеше­не­сіне жазылған.

Меніңше, осынау қордаланған мә­селелердің түйінін шешіп, тұр­ғындардың қамын ертерек ойлап, теміржол шенділерінің қақпақылына тосқауыл қойылуы керек. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы тоқтаусыз өсіп, импорт, экспорт пен транзиттің артуы – сол жердегі еңбекшілердің арқасы. Мемлекет басындағылар да осындай түйткілді мәселелерге салғырт қарамағаны абзал.

Бекеттегі жұмысшылардың, зейнеткерлердің атқарған шаруалары адал бағалануы қажет. Арысы алпыс, берісі қырық жылға таяған тұрғын үйлер кезең-ке­зеңі­мен жекешелендірілгені жөн. Мұндағы халықтың үйле­рін же­кешелендірсе, үдере көшіп ке­теді деген пікір қисын­сыз. Тұр­ғындардың ісін жалғас­ты­ра­тын ағайын-туыс, бауыр-қарындастары баршылық. Олар да өмір сүріп, тіршілік етуі үшін аяғын аспанға көтеріп жатпасы анық. Тіпті күндердің күнінде жекешеленген үйлерін сатып кетті делік, сонда жаңа қоныстанған жандар бұл мекенге ойын-сауық үшін келмейтін шығар.

Он шақырым жердегі көрші Қытай кейінгі 30 жылға тарта уа­қыт ішінде Алашанькоу атты көрікті қала тұрғызды. Салын­ған жол­дарынан бейнелерін көріп, банк, вокзал, жұлдызды қо­нақ­үйлеріне қарап, аузын ашып, таңдайын қағып қайт­қан­дар қаншама? Бұл – түс емес, өңіміздегі жағдай. Оларда қала­сын көріктендіру көшілгері кет­кен. Осылай болудың басты себебі теміржолдарынан түскен табыстың белгілі бір па­йызын қаласын көркейтуге бөледі.

Иә, біздің «Достық» бекетіндегі абат­тандыру жұмыстары айтар­лық­тай емес. Көшелердің көбі – жамау-жамау, шұрық-тесік. Қоқыс төгетін орындардан талға­жау іздеген тайынша-торпақ пен қаңғыбас иттерді жиі көресің.

30 жылдан аса уақытта елді үзіл­діріп барып спорт кешені берілмек. Бұған дейін күрес­тен аталған бекеттегі мектеп оқу­шылары арасынан облыс, рес­публика, Азия және әлем чем­пионаттарының жеңім­паз­дары шыққан. Олар мек­теп­тің шағын спортзалдары мен кеден үйлерінің астындағы жер­төледе жаттықты. Бекет жұрты не көрмеді? Үшарал қала­сынан шекараға дейінгі 170 ша­қырымдық автожолдың да толық­тай берілгеніне бір-екі жылға таяды. Оған дейін қыста көліктері қатып үсіп қалғандар, жазда шаңға көміліп, ой-қырларды орағыта жол салғандар қаншама?

Сөзімізді түйіндей келгенде, «Достық» тұрғындары небір қиындықты бастарынан өткерді. Осының бәрі уақытпен ілесіп, сынаптай сырғып өте шықты. Алайда жекешелендіру сияқты түйінді мәселелердің түбі­не ешкім жеткен жоқ. Келген «комиссиялар елге» бәрі орындалады деп құрғақ сөзбен уәде беріп, кері аттанып кетеді. Тоқетерін айтқанда, екі мемлекет арасындағы тауар айналымының жыл­дан-жылға қарқын алуы үшін жаңадан тұрғын үйлер салып, жұмысшыларды бас­панамен қамтамасыз ету мерейлі іс болар еді.

 

Сейіт Омаров

 

Жетісу облысы