Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті. Саладағы өнім көлемін ұлғайту туралы Президент тапсырмасынан соң Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп саласына кеңейтілген талдау жүргізіп, тиісті Жол картасын да әзірлеген. Бұл туралы министр Айдарбек Сапаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте журналистерге баяндады.
Министрдің айтуынша, агроөнеркәсіп саласына жүргізілген талдауға салалық бизнес-қоғамдастық өкілдері де қатысқан. Соның нәтижесінде бірқатар жүйелі мәселе мен кедергі болып тұрған факторлар анықталыпты. Соның біріншісі – статистиканың бұрмалануы. Бұның салдарынан сала бойынша дұрыс есептелмеген деректерге сүйене отырып, шешім қабылданып келген.
– Біз енді сенімді деректерге сүйеніп, заман талабына сай есептеудің жаңа тәсілдерін қолдануымыз қажет. Осы бағытта жұмысты бастап та кеттік. Арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелеріне ауыл шаруашылығындағы деректерді ретке келтіру міндеті жүктелді. Екінші мәселе – өсімдік шаруашылығындағы әртараптандыру негізінен қағаз жүзінде жүреді. Үшінші мәселе – қолданылатын агротехнологиялардың деңгейі мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынының төмендігі. Осылардың нәтижесінде біздегі өнімділік төмен және өндірілген өнімнің құны жоғары, – деп мәлімдеді министр.
А.Сапаров сондай-ақ суармалы егіншіліктің әлеуеті толық пайдаланылмайтынын, мал шаруашылығы өнімділігінің төмендігін де баса айтып өтті. Аталған мәселелер оң шешімін табуы үшін алдағы жоспарлы жұмыстарды айтып берді.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы үшін ең өзекті мәселе – саланың толыққанды қаржыландырылмауы. Бұл жоғарыда аталған көптеген мәселенің негізгі тамыры. Қарызға берілетін қаржының тапшылығына байланысты фермерлер тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын тиісті мөлшерде пайдаланбайды, ескірген техникамен жұмыс істейді. Бұл саладағы тиімділік пен өнімділіктің төмендігіне бірден-бір себеп. Мәселені толығымен шешу үшін фермерлерді өз уақытында қолжетімді несие қаражаттарымен қамтамасыз ету маңызды. Президент тапсырмасы бойынша биыл ауыл шаруашылығына қаражат тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізілетін болады. Бұған бюджет қаржысы ғана емес, басқа да көздерден, оның ішінде екінші деңгейлі банктердің капиталы да қарастырылады, – деді ол.
Министрдің сөзінше, жыл сайын көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына жеңілдетілген 1,5 трлн теңге несие бөлініп, бұл қаржы қажеттілікті толық қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс. Сондай-ақ 450 млрд теңге қаражат ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жөніндегі тапсырманы орындау үшін 8-10 пайызбен жеңілдетілген лизингке бағытталады. Ал инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 800 млрд теңге қажет. Қазір қаржыландыру көздері қайта пысықталып жатқан көрінеді.
– Бұл қаражаттың барлығы қайтарымды. Дұрысы, фермерлер қолжетімді несие алуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы отандық ауыл шаруашылығын көтеру – ортақ міндетіміз. Бұл бағытта жалғыз министрлік қана емес, облыс әкімдіктері де Президент тапсырмасын орындау үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барынша қолдау көрсетулерге тиіс. Ал жеңілдікпен несие, жалпы мемлекеттік қолдау алған фермерлер нақты нәтиже көрсетуі керек. Өндіріс көлемін ұлғайтып, өнімнің құнын көтермеуге тиіс. Бұл – елдегі шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігін де арттырады, – деді министр.