Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Ұлттық құрылтай, Ғылым және техника жөніндегі Ұлттық кеңес, сондай-ақ жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары арасынан іріктелген көшбасшы ғалымдар ғылымды дамытумен қатар сараптамалық-зерттеу қызметін жүзеге асырады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен жиында ҰҒА басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, Ұлттық биотехнология орталығы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, PhD Мақсат Жабағинді таныстырды. Бұл кездесуге республиканың түкпір-түкпірінен онлайн және оффлайн режімде 400-ге жуық ғалым қатысты.
– Елімізде ғалымдардың жалпы саны 22 мыңнан асады. Ғылыми дәрежесі бар қызметкерлердің орташа жасы – 57. Ғалымдардың 15 пайызы зейнет жасында. Бұл көрсеткіш ғылым саласындағы мемлекеттік саясатқа басымдық бере отырып, ғылымға жас таланттардың келуіне қолайлы жағдай жасау қажеттігін көрсетіп отыр. Ұлттық ғылым академиясы ел экономикасының дамуына зияткерлік үлес қосуға қабілетті және ғылымға құштар дарынды жастардың орталығына айналуды мақсат ете отырып, экожүйені дамытумен қатар ғылыми зерттеулердің басым бағыттары бойынша жас ғалымдардың ұсынысын басшылыққа алып, түйткілдерді шешуге атсалысады. Мұнымен қоса ғылымды басқару саласындағы олқылықтардың орнын толтырып, тәуелсіз автономды, беделді сараптамалық ұйымға айналуды көздейді, – деді Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев.
Академия ғылыми әкімшілендіру саласында алғаш рет жас ғалымдардың құқығын қорғау үшін омбудсмен, төралқа мүшесі, жас ғалымдар кеңесінің лауазымына, жас ғалымдардың мәртебесін көтеру миссиясына мән беріп отыр. Жетекші жас ғалымдар академияның сараптамалық-талдау қызметіне, ғылымды насихаттауға, форсайттық зерттеулер, ақпараттық жұмыстар жүргізуге, сондай-ақ ғылым жөніндегі Ұлттық баяндама дайындауға ұсыныстарын енгізбек.
Жастардың ғылыми-шығармашалық мүмкіндіктеріне, әлеуметтік жағдайына қолдау көрсету ғылымның дамуына тікелей әсер ететіні анық. Осы орайда жас ғалымдар мүддесін қорғаумен айналысатын омбудсмен міндеті Maqsut Narikbayev University профессоры, PhD, заңгер-ғалым Мүслім Хасеновке жүктелді. Кеңес төрағасының орынбасары болып Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жас зерттеушілер кеңесінің төрағасы, қауымдастырылған профессор, PhD Шахислам Лайсханов сайланды.
Кездесуде жаңа құрылған Жастар кеңесінің алдағы ісіне сәттілік тілеп, ғылымдағы маңызды мәселелерге тоқталған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек министрліктің бір жарым жыл мерзімде атқарған жұмысын аз-кем сөз етті. Министрдің айтуынша, аталған ведомство заңнамалық базаны реттеу саясатына басымдық бере отырып, ғылым саласына қатысты қауымдастықтардың ішкі жұмыстарын ұйымдастыру, өзін-өзі басқару ісінен бейтарап ұстанымда Мемлекет басшысы ұсынып отырған «көрінбейтін үкімет» қағидатында жұмыс істеп келеді. Ғалымдарды біріктіру, өзін-өзін басқару, ашықтыққа негізделген қауымдастық жұмысын нығайтумен айналысып, жүйелі диалог, тиімді әріптестікті дамытуды көздейді. Саясат Нұрбек осы орайда ғылымды қаржыландыру тетіктеріне де тоқталып, осы саланы қайта түлетуде іске асып жатқан ілкімді қадамдар туралы айтып берді. Ведомство басшысының айтуынша, 2024-2025 жылдары жас ғалымдарға арналған зерттеу гранттарына 18 млрд теңге қарастырылған болса, былтырдан бастап ғылымды дамытуға 643 млрд теңге бөлінген. Қаржы көзін тағы да 15 пайызға ұлғайта отырып, алдағы үш жылда 715 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Десек те, бөлінген қаражатты игере алмай отырған институттар бар. Осы ретте ҰҒА-мен бірлесіп басым бағыттарды анықтау, ғылыми форсайттарды ілгерілету, жаңа механизмге көшу уақыт күттірмейді. Бұл бағытта Корея, Сингапур, Ресей, Түркия сияқты елдердің тәжірибесіне назар аударған маңызды.
Жиын барысында Мақсат Жабағин жас ғалымдар кеңесінің құрылымы және міндетімен таныстырды. Оның айтуынша, жаңа бекітілген президиум қазіргі құрамдағы 23 ғалыммен шектелмейді. Төрт бағыт бойынша жұмыс істейтін жастар кеңесінде әр саланың қосымша ғылыми бағыттары анықталады. Ғылыми бағыттарды әрі қарай зерттеу үшін өңірдегі үздік жас ғалымдарды жұмыс топтарына тартып, құрылымын кеңейтуді көздейді. Өңірлерде өкілдіктер, тұрақты немесе уақытша эксперттік комитеттер құрылады. Ғылымда жаңа көкжиектерді бағындыру жас ғалымдар алдында тұрған биік меже екенін алға тартқан Мақсат Жабағин «Ұлттық ғылым академиясында аға буын негізін қалаған алғышарттар тәуелсіз елдің жас ғалымдар кеңесінің жұмысына серпіліс беретіні сөзсіз», деп атап өтті.
Жиын барысында республиканың әрі өңірінен келген жас ғалымдар ғылымды қаржыландыру, деректер базасын жетілдіру, ғылыми зертханалар әлеуетін көтеру, студенттерді ғылымға баулу, мектептер мен колледждерде ғылымды насихаттайтын үйірмелер, музейлер ашудың өзекті екеніне тоқталды. Осы түйткілді мәселелерді шешу үшін жас ғалымдар кеңесінің жылдық жұмыс жоспары алдағы уақытта бекітілетін болады.
АЛМАТЫ