«Amanat» партиясының мобильді қабылдау тобының ауылдарға сапары жалғасып жатыр. Мобильді топ мүшелері жуырда Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қайназар мен Қаракемер ауылдарында болып, елдегі ағайынның мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірін тыңдады.
Қабылдаулар барысында ауыл тұрғындары қарабастың қамы емес, халыққа ортақ өткір де өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, Қайназар ауылында коммуналдық мәселелердің көптігі айтылды. Тұрғындар жылдар бойы елді мекенге ауыл мәртебесін ала алмай жүргендерін жеткізді. «Соның кесірінен барлық мәселені өз бетімізше шешуге мәжбүрміз», дейді күйінген жұрт.
Рахат ауылдық окургінің тұрғыны Тасбай Жәнібеков ауыл маңындағы саяжай халқының белгілі статусы болмағандықтан, зиратқа тиісті жер бөлінбейтінін айтты. «Ауылда зират жоқ. Бұл мәселені көтеріп жүргенімізге 2 жыл болды. Соның салдарынан халық өзге ауылдардағы зиратқа жақынын жерлеп, сабылып жүр. Осы күнге дейін қолданған жерлер санитарлық нормадан асып кеткен. Енді біз онда адам жерлей алмайды екенбіз. Мәселенің қашан шешілетіні белгісіз. Бірақ өлім күтіп отырмайды ғой. Біз «әне-міне шешіледі» деген жаттанды жауаптан, шыны керек, шаршадық», дейді ауыл тұрғыны.
Ауыл халқының басым бөлігі жаңа мектептер мен спорт алаңдарын салу, ішкі жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру, ауыл шаруашылығы, субсидия алу, ағын су, жайылым жер, ұялы байланыс пен интернет сапасының нашарлығы, дәрігерлік амбулаторияның жоқтығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыссыздық сынды тізе берсек, шешілгенінен шешімін күткені көп әлеуметтік мәселені көтерді.
Өткен жылы мұндай мобильді қоғамдық қабылдаулар аясында аманаттықтар 18 ауыл халқымен кездесу өткізген. Биыл 20-ға жуық елді мекенді қамтымақ.
«Өткен жылы партияға тұрғындардан 3 546 өтініш түсті. Бұл мәселелердің 65 пайызы қазіргі уақытта шешімін тапты. Алайда шалғайда орналасқан халық партияның аудандық немесе облыстық филиалына жол ұзақтығына байланысты әрдайым келе бермейді. Сондықтан біз тұрғындардың түйінді мәселелерін алға тартып келуін күтіп отырмай, өзіміз баруға тырысамыз. Мұндай кездесулер халыққа тиімді. Өйткені бұл мобильді қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – шалғай орналасқан елді мекендердегі тұрғындарды қабылдап, олардың әлеуметтік, қоғамдық және өзге де ортақ түйткілді мәселелерінің шешілуіне ықпал ету, бағыт-бағдар мен кеңестер беру», дейді облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Аслан Көбентаев.
Осы орайда топ өкілдері ауыл тұрғындары көтерген әрбір мәселені назарға алып, олардың заң аясында шешілуіне жұмыс істелетінін жеткізді. Кейбір сұраққа нақты кеңестер беріп, мәселені сол жерде шешуге ықпал етті.
Қоғамдық қабылдауға облыстық әкімдіктің жер қатынастары, цифрлық технологиялар, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, энергетика және ТҮКШ басқармаларының өкілдері де қатысты.
Алматы облысы