Тентегін тыймайтын, қылмыскерін құрықтамайтын қоғам болмайды. Сонымен бірге күрделі кезеңде талай арыстар нақақ абақтыда отырғанын ұмытпайық. Мәди ақынның «Абақты қатар-қатар болады екен» деп келетін жыры сол шындықты айғақтаса керек. Қазақстанда қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 1500-дей ғимарат бар екен. Темір тордың арғы жағындағы әлемнің көп көзінен қалтарыс кейбір мәселелерін жақында Парламент Мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан жария етті.
«Қырықтұрба» құлағалы тұр
Депутаттың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері пенитенциярлық жүйеге қатысты мәселе назардан мүлдем тыс қалған. «Егер біз дамыған елдер қатарына қосылуды мақсат тұтсақ, онда адамның ең негізгі құқықтарын сақтау жөніндегі халықаралық шарт талаптарын орындауға ұмтылуымыз керек. Бұған тұтқындалған және сотталған, яғни арнайы контингентке арналған мекемелер мен тергеу изоляторлары, көпшілікке түсінікті тілмен айтсақ, түрмелердің де жағдайы кіреді. Қазақстанда қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 1500-дей ғимарат болса, соның 60%-ның (900-дей ғимарат) жағдайы қанағаттанарлықсыз, ал 20%-ы (338 ғимарат) – апаттық жағдайда», дейді депутат.
Тәуелсіздік алғалы елімізде жаза өтейтін бірде-бір жаңа мекеме салынбаған. Депутаттың пікірінше, жаңа, халықаралық стандарттарға сай келетін ғимараттар салу аса қажет. Өйткені жаза өтейтін мекемелер негізінен жүздеген сотталушы бірге жататын барак типті болып келеді. Бұл түрмелік субмәдениет пен теріс діни ағымдардың кеңінен таралуына жағдай тудырады.
Депутаттың «елдегі түрмелердің жағдайымен жете таныстым» деген сөзінің жаны бар. Жаңа жылдың басында Абзал Құспан Орал қаласындағы мекемелерді аралаған кезде біз де бірге болған едік. Сол көргенімізбен бөлісейік.
ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты №74 мекеме Орал қаласының дәл ортасында тұр. Бүгінде тергеу изоляторы қызметін атқарып тұрған ғимарат – қаладағы көне тарихи нысанның бірі. XVIII ғасырда, II Екатерина патшайымның тапсырмасымен құрылысы басталып, 1858 жылы пайдалануға берілген түрмені қазақтар «Қырықтұрба» деп атап кеткен. Дәл осы түрмеде қылмыскерлерден бөлек, әйгілі күйші, күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы, халық батыры Аманғали Кенжеахметұлы да жатыпты. 1916 жылы Шыңғырлаудағы халық көтерілісінің жетекшілері Дәужан Елубайұлы, Қожа Қазыұлы, Тәжі Шотайұлы, Баймолда Тәжімқұлұлы дәл осы түрменің ауласында дарға асып өлтірілген. Ал 1926 жылы «банды» Аманғали осы түрмеден үш адам болып қашып шыққан.
– Екі ғасырға жуық тарихында бұл жерден қашып шыққан жандар саусақпен санарлық. Әу бастан түрмеге арнап, мұқият салынған ғимарат қой. Дегенмен әбден тозығы жетті. Апат жағдайында тұр. Ғимараттың жертөлесін, кейбір камераларды мүлдем кіруге болмайтындай етіп жауып қойдық, – дейді БҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы, әділет полковнигі Манарбек Ғабдуллин.
Расында да, «Қырықтұрбаны» ішінен де, сыртынан да аралап көрдік. Іргетассыз салынған, жерге жартылай жұтылып, қабырғасы бірнеше жерден жарылып тұрған түрме ғимаратының ішкі «аурасы» тіпті сұмдық. Жарық тапшы, ауа тарлығы өз алдына, кей камераларының төбесі опырылып, тіреу салынған. Облыс бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы режімдік корпусқа тексеру жүргізіп, «тірек конструкцияларының 60%-ы тозған» деген қорытынды жасаған. Камералардың бір бөлігі апаттық жағдайға байланысты мақсатына сай пайдаланылмайды. Өйткені олар арнайы контингенттің өміріне қауіп төндіреді. Режімдік корпустың бірінші жалпы қабатындағы камераларының үй-жайы, сондай-ақ құрылыс конструкциясы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Қазірдің өзінде 340 адамға арналған тергеу абақтысында бос орын жоқ.
№74 мекемедегі тағы бір күрделі мәселе – мұндағы дәрігерлік амбулаторияның жағдайы. Мұнда тұтқындарға толыққанды медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік жоқ. Мекеме жанынан жаңа медициналық ғимарат салуға қаржы бөлінгенімен, оны салатын орын жоқ. «Осының кесірінен кейбір бөлімді аша алмай, лицензия ала алмай отырмыз», деген еді №1 қалалық емхананың басшысы Шыңғыс Сәрсенғалиев.
Түрме және жаңаша көзқарас
Әу баста шаһар шетінде салынғанымен, екі ғасырға жуық уақыт бедерінде қаланың қақ ортасында қалған «Қырықтұрбаны» жабу, абақтыны басқа жерге көшіру – күн тәртібінде күйіп тұрған мәселе. Бұған осы маңда тұратын қала тұрғындарының шағымын қосыңыз: арнаулы орындағы шектеулердің кесірінен ұялы байланыс, интернет жүйесі жиі тоқырайды. Түрлі оймен түрме маңайлайтын бұзақы да бала-шағаға қауіп. «Қырықтұрбаның» ендігі тағдыры репрессия тарихынан сыр шертетін музейге айналып, екі ғасырдай жұмбақ болған мекеменің құпиясына жалпақ жұрт қанықса, дейді жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар.
Обалы не керек, Батыс Қазақстанда бас бостандығынан айырылғандарды ұстайтын арнайы орын салу әу баста жоспарланған. 2013 жылы облыс бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Орал қаласында 1500 орындық тергеу изоляторы кешенін салуға байқау өткізіп, оны «БураСтрой» ЖШС жеңіп алған. Жобаға түрлі түзетумен 9 млрд 666 млн теңге бөлінді. 2013-2018 жылдар аралығында құрылыс жүріп, 70 пайызға жуық жұмыс атқарылды. 6 млрд 161 млн теңге игерілді. Алайда 2018 жылы БҚО прокуратурасы 1,5 млрд теңге бюджет қаражаты ұрланды деген айыппен қылмыстық іс қозғады. Сот үкімімен жергілікті ҚАЖД басшысы қызметінен кетіп, мердігер мекеме жетекшісі сотталды. Түрме құрылысы тоқтап қалды. Қаңырап қалған кешенді күзету үшін ғана кейінгі үш жылда 35,3 млн теңге жұмсалыпты.
– Елімізде құрылысы әлі бітпеген нысандардан қаржы жымқыру қылмысын тауып, сотқа тартудың пайдасынан гөрі зияны басым болып тұр. Мердігер мекемеге құрылысты аяқтатып, содан кейін ғана жауапкершілікке тартқан жөн болатын еді. Рас, қылмыскер сотталды, бірақ жұмыс қаңтарылып қалды. Енді бұл құрылысты аяқтау үшін бюджеттен қосымша тағы шамамен 6 млрд төңірегінде қаражат керек. Себебі құрылыс нысаны осы он шақты жыл көлемінде тозып әрі тоналған, – дейді Абзал Құспан.
«Қазіргі таңда тергеу изоляторының аяқталмаған құрылысы облыс әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілген. Қала шетінде 23 га аумақты алып жатқан кешенге арнайы барып көрдік. Шынында да, әу бастан түрме ретінде жобаланып, қауіпсіздік шаралары ескеріліп салынған кешеннің негізгі ғимараттары толық бой көтерген. Айқыш түрінде салынған абақтылар, әкімшілік ғимараты, жатақхана – бәрі бір-бірімен өзара жалғасқан. Кейінгі жылдары осы кешенді кардиоаурухана, т.б. әлеуметтік нысан ретінде пайдалану жөнінде ұсыныстар болғанымен, ең дұрысы – қылмыстық атқару жүйесіне қайтару», дейді мамандар.
Еліміздің 2024-2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасына сәйкес 2027-2028 жылдарға қарай Орал қаласындағы тергеу изоляторының құрылысын аяқтау жоспарланған екен. Еліміздің жалпы батыс өңірінде (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау) қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме болмағандықтан, қазіргі таңда 800-ден аса сотталушы жазасын өзге өңірлерде өтеп жатыр. Сондықтан Оралдағы тергеу изоляторы құрылысын 1500 адамға арналған қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме ретінде қайта жобалап, құрылысты аяқтау қажет. Бұған шамамен 6 млрд теңге керек.
Абақты: жұмыс беруші кәсіпкерлер
Осы сапарда Парламент депутатымен бірге Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің №28 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесіне де кірдік. Мекеменің мәжіліс залында сотталғандар және оларды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлермен кездескен Абзал Құспан көптеген сұраққа жауап беріп, кейбір мәселелерді қойын дәптеріне түртіп алды.
Айта кетейік, осы №28 мекемеде жатқан 700-дей азаматтың 185-і ақылы еңбекпен қамтамасыз етілген. Мекемеде 4 жеке кәсіпкер және 1 ЖШС жұмыс істеп, сотталғандарды жұмыспен қамтып келеді. «Бұдан бөлек, сотталғандар «Еңбек-Жайық» республикалық мемлекеттік мекемесінде және мекеменің шаруашылық қызмет көрсету жұмыстарында еңбек етеді», дейді Манарбек Ғабдуллин.
Біз түрме жанындағы шаруашылық цехтарын аралап көрдік. Есенаман Жарылғасов басқаратын «Нұрдәулет», Ақерке Бертілеуованың «Хайыр», Гүлдана Асанова басқаратын «Әлия Servise» фирмасы, Серік Бектұрғановтың «Іңкәр» атты жеке кәсіпкерлік мекемесі дәнекерлеу жұмыстарымен, металл пластик есік-терезе, жылу қазандығы, металл есік, тор, қоршау, балалар әткеншегі, ағаш пен былғарыдан түрлі бұйым, кәдесый, т.б. көптеген бұйым шығарады.
– Бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқан адамды еңбекке тартудың тиімді жағы көп. Сотталған адам пайдалы іспен айналысады, еңбекақы табады, бұл, ең алдымен, оның отбасына көмек, екіншіден, мойнында тұрған материалдық шығындарды жабады. Сондықтан бұл бағыттағы бастамаларды барынша қолдау, кәсіпкерлерді ынталандыру керек. Мен Оралдағы осы игі үрдіспен жақсы таныспын. Жергілікті ҚАЖД басшысы Манарбек Ғабдуллиннің ұсынысымен жақында еліміздегі «әлеуметтік кәсіпкерлер» тізіміне осындай жабық мекемелерде бизнес нысанын ашып, қызмет етіп жатқан кәсіпкерлерді қостық. Сол арқылы бұл кәсіпкерлерге енді түрлі салық жеңілдігі жасалады. Әрі түрлі тендерге қатысқанда, өнім өткізу кезінде артықшылыққа ие болады, – дейді Абзал Құспан.
Темір тордың ар жағындағы әлемде біз байқаған тағы бір жаңалық – жаппай камера қойыла бастағаны. Кей камералар бейне түсіріп қана қоймай, дауыс та жаза алатын мүмкіндікке ие. Әрине, бұл кей адамға тым артық, жеке өмірге қол сұғу болып көрінуі мүмкін. Бірақ мекеме қызметкерлерінің айтуынша, бейнекамера абақты ішіндегі түрлі заңсыздықты азайтуға, болған қылмыстарды тез ашуға әсер еткен.
Дәрігерді кім қорғайды?
Осы сапары барысында Орал қалалық №2 емхананың директоры Сержан Есенгөбеков өз сөзінде депутатқа мына бір мәселені жеткізді:
– Облыста дәрігер жетіспейді. Соның ішінде дәл осы қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің жанындағы амбулаторияларға маман келмейді. Өйткені режімдік мекеме болғандықтан олар күн сайын жұмысқа кіріп-шыққанда қатаң тексеруден өтеді, байланыс құралдарын пайдалану мүмкіндігі шектеледі. Оның үстіне бұл жердегі контингент ауыр, науқастармен жұмыс істеу оңай емес. Мұның бәрі жүйкеге де салмақ түсіріп, денсаулыққа теріс әсер ететіні түсінікті. Бірақ осыған қарамастан түрме дәрігерлеріне ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Еңбекақысы да әдеттегі дәрігердің табысымен бірдей. Сондықтан түрме жанындағы медициналық мекемелерде маман дәрігерлер қызмет етуге мүлдем құлықсыз. Жоғарыдағы мәселелерді ескеріп, бұл саладағы мамандарға үстеме өтемақы төленгені, басқа да жеңілдіктер қарастырылғаны дұрыс болар еді, – дейді дәрігер.
Дәрігер бекер алаңдамапты. 30 қаңтар күні Оралдағы №28 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде оқыс оқиға болды. Сотталған адам фельдшерді балағаттап, үш қызметкерге қол жұмсаған. Осы оқиғадан кейін дәрігерлер мекемедегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етті.
Батыс Қазақстан облысы