Алматыдағы №51 бөбекжай балабақшасы тәрбиеленушілерінің топтағы баланы жабылып ұрған бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, жаға ұстатты. Орын алған жағдайға байланысты қалалық білім басқармасы тәрбиешінің қатаң сөгіс алып, меңгерушісіне тәртіптік жаза қолданылғанын хабарлады. «Ұлымызды балалар бес минуттай аяусыз соққыға жыққан. Балалар ол кезде тәрбиешінің қарауынсыз қалған. Баламыздың миы шайқалған, қазір ауруханада жатыр. Бейнежазбаны көргелі бері есімізді жия алмай жүрміз. Тәрбиеші баланың соққыға жығылғанын бірден байқамаған», деп мәлімдеген ата-ана балалардың осыншама қатыгездігіне қапалы.
Расымен де, ойын баласының бойында қатыгездік қайдан пайда болады? Қоғамды осы мәселе толғандырса керек-ті. Кейінгі жылдары балабақша, мектептерде балаларға қатысты жасалатын күш көрсету, зорлық-зомбылық фактілерінің өте жиілеп кеткеніне деректер дәлел. Елімізде балаларға қатысты былтыр екі жарым мыңға жуық қылмыс тіркеліпті.
Бүгінде республика бойынша 16 өкілдігін ашып, отбасы құндылықтары бағытында нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, идея авторы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов болған жағдайға байланысты былайша пікірін білдірді:
«Отбасында мейірім көрген бала қоғамда кешірімді болып өседі. Мейірімнен жұрдай болған ұрпақ қоғамда қатыгез болары хақ. Болашақты ұран етіп, тілмен сайрап үміт күтетін, тірлігі жоқ ұлтты алда не күтіп тұрғанын балабақшадағы жағдайға қатысты тараған бейнежазба соқырға таяқ ұстатқандай етіп баяндап тұрғандай. Тәрбиешіге кінә тағып, директорға шара қолданудың пайдасы шамалы. Мәселенің төркінімен емес, түйткілдің өзімен айналысу қажет. Ынтымақ пен бірліктің анасы – адамгершілік, әкесі – әділдік! Қасиет – анадан, өсиет әкеден дариды. Қасиеттен жұрдай бола отырып, өсиетті өркендетеміз деу – бекер сөз».
Иә, қоғамға сырттан келетін идеология жат екеніне көз жеткізе отырып, керісінше, құндылықты сырттан іздеп келеміз. Осыған орай Нұркен Асанов: «Қазақ қоғамына үлгі болар қайраткер тұлғаларымыз қаншама. Олардың артында қалған өсиет болар, тәрбиеге тәлім етер құнды мұрасын бағалай алмай келеміз. Мәшһүрдің шапанын, Абайдың қарасөзін қадірлей білмек керек бізге. Талшыбықтың мәуелі ағаш болуы бағбанның бабына байланысты десек, баланы мәпелеп өсіретін де оның ата-анасы. Өсиетпен өскен бала қоғамда қайырымды, мейірімді болатыны хақ. Мейірім көрмеген, құндылықтармен болмысы қалыптаспаған баланың қатыгез болатынына дәлел қажет емес. Балабақшада орын алып, дауға айналған мәселенің шешімі заңмен тыйым салу емес. Мұндай олқылықтардың орнын ожданмен толықтыратын кез келді. Бала тәрбиесіне жауапты мамандар да, ата-ана да өзінің ішкі түйсігі, ар-ожданы арқылы бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін түсінуге тиіс. Әр ата-ана күніне бес-он минут баласымен тілдесіп, оның ішкі әлеміне үңіліп көрсінші. «Қауіпсіз қоғам» қалыптастырамыз десек, әр азамат өзінің отбасы, ошақ қасын ретке келтіргені жөн. Баланы балабақша, мектеп, мұғалім тәрбиелейді деген болымсыз ойдан арылуымыз қажет. Яғни бірінші жауапты – ата-ана. Баланың тамағын тойғызып, киімін бүтіндеумен ата-ананың парызы өтелмейді. Қазіргі қоғамда ата-аналардағы педагогикалық, психологиялық білім жеткіліксіз болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, ата-ана бүгінгі альфа ұрпаққа тәрбие беруде тығырыққа тіреліп қалды. Сондықтан мәселені мемлекеттік деңгейде қолға ала отырып, ата-ананың тәрбиедегі түйсігін оятып, бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін дамытатын кез келді. Біз емес «кім», бүгін емес «қашан» деген сұрақтарға қоғам болып жауап іздеуге шақырамын», деген ойын ортаға салды.
– Қоғамдағы, әсіресе балалар арасындағы қатыгездіктің салдарын тереңнен іздеу керек. Әлімжеттік, зорлық-зомбылыққа қатысты қандай да бір факті орын алғанда жұмыстан шығару, заңды шара қолдану арқылы жазалаумен шектеліп келеміз. Алайда оның түп-тамырына, мейірімсіздік пен қатыгездіктің пайда болу себептеріне үңіле бермейміз, – деп атап өтті психология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессоры, практик-психолог Бақыт Жігітбекова. Психолог маманның айтуынша, балалар бойындағы қатыгездіктің туындауына себеп болатын бірқатар фактор бар.
Біріншіден, өткен ғасырдың 90-жылдарында өмірге келген балалар қазір 30-дан асып, ел экономикасының әртүрлі саласында еңбек етіп жүр. Сол жылдарда экономикалық тұрақсыздық, материалдық тәуелділіктің салдарынан олардың ата-анасы ала дорбасын арқалап, күнкөрістің қамымен кетті. Баланың тәттісі жеткілікті, ойнайтын ойыншығы болғанымен, ата-анасымен эмоционалдық байланыста бола алмады. Баланың ішкі ойы, сезімі, пікірі жылдар желісінде бейсаналы түрде қалыптасып, есейе келіп, сыртқы әлеммен ықпалдаса бастайтынын қаперге алатын болсақ, балалар бойындағы теріс пиғыл күш көрсету түрінде сыртқа шығатыны заңдылық.
Екіншіден, 2000 жылдары өмірге келген толқынның өмірі басқаша өрбіді. Олар ақпараттық ғасырдың, гаджеттердің құрбанына айналды. Гаджеттерде түрлі ойын пайда бола бастады. Осылайша, ата-ана мен бала арасындағы эмоционалды байланыс гаджеттегі ойындармен алмасты. Бала туыла салысымен ата-анасынан дене және эмоционалды байланыстан алшақтады. Бала ойынға, ата-ана бизнесіне, айналасына алаңдап, негізсіз ойлар жетегінде кетті.
Үшіншіден, қоғамда адамдардың экономикалық ниеті өзгерді. Өзін өзгелермен салыстырып, бақталастық пайда болды. Ал әлеуметтік желідегі шынайы өмірден алшақ жатқан әдемі бейнелерді көрген сайын балалардың бойында «Менің де өмірім осындай болуы керек» деген идентификация пайда болды. Соның нәтижесінде «Мен неге ондай емеспін?.. Оның өмірі сондай керемет» деген ойлар қоғамға тән бола бастады. Керісінше, «Мен тұрмысқа шығып жатырмын. Өмірге бақытты ұрпақ әкелемін, отбасым бақытты болады» деген ой кейінге ығысып қалды.
Психолог ғалымның пікіріне сүйенетін болсақ, бүгінде қоғамда эмоционалды интеллект, әлеуметтік дағды деген ұғым қалыптасып келеді. Бұған дейін ата-ана IQ деңгейге, яғни «Баламыздың миы жақсы жұмыс істесе болды» дегенге басымдық беріп келген болатын. Бала өмірге келгеннен бастап ата-анасының қамқорлығына бөленіп, махаббатына рахаттанып, оны болашақта көрсете алатындай дәрежеде есебі қажет еді. Эмоционалды интеллект бала үш жасқа келгенде қалыптасады. Ал бала бойында базалық эмоция қалыптасқан кезде ата-анасына деген сенімі де нығая түседі. Дәл осы кезеңде «Маған ата-анам қандай жылулық берді. Мен оны есейгенде қалай қайтарам?» деп қабылдауы бейсаналы түрде сана қатпарында бұғып қалады. Егер ол қалыптаспаса, баланың бойында сенімсіздік, ал салдарынан агрессия пайда болады.
– Қазіргі кезде ұжымдық психологиядан гөрі өзімшілдік, тоғышарлық айқын көрініс беріп отыр. Қоғамда меншік психологиясы қалыптасты. Яғни «Менің мәртебем биік болса, мен керемет болсам» деген түсінік орнықты. Оның бастауы балабақшада да көрініс беріп отырғанына куәміз. Мысалы, ол «Менің балам жүргізуші болсын, неге балама дауыс көтеріп сөйледіңіз, қандай тамақ бердіңіз?» деген сияқты тіркестермен жалғасын таба береді. Сондықтан қоғамда балабақшадағы тәрбие ісін жолға қою уақыт күттірмейді. Ал ата-ана балабақшаға сілтей салмай, бала тәрбиесіне өзі жауапты болуы қажет. Қазіргі кезде тәрбие бағытында халық қалаулылары да жақсы бастама көтеріп, жұмыс істеліп жатыр. Дегенмен осы іске тәжірибелі психологтерді тартып, тәжірибе алмасып жатса құба-құп. Өйткені балабақша, мектептерде балалардың эмоционалды интеллектіні дамытуға, әлеуметтендіруге, бір-бірімен дос, бауыр болуға үйрететін жүйе шашырап кетті. Осы түйткілді мәселенің барлығы Үкіметтік деңгейде қолға алынса деймін. TikTok сияқты әлеуметтік желілер қоғамға, әсіресе балалардың санасына кері ықпалын тигізіп жатыр. Балалар бір-біріне бақталас болып барады. Қоғамда әркім өз көрпесіне қарай көсілуде, – дейді Бақыт Дастанқызы. Ал оның басты себебін билік пен жұртшылық арасындағы байланыстың біраз жылдар бойы үзіліп қалғандығымен байланыстырып өткен ғалым билікке деген сенімін жоғалтқан қоғам наразылығын агрессия түрінде көрсететіні заңдылық екенін алға тартты.
Психолог ғалым қоғамдағы әлеуметтік дағдарыстың салдарын білім мен ғылым саласына жеткілікті көңіл бөлінбей келгендігімен де байланысты дейді. Оған қазіргі кезде ақшасын төлеп диплом алудың салдары, психологтердің өз деңгейінде даярланбауы, білім ошақтарында психологтердің жеткіліксіздігі сияқты мәселелер дәлел. Ал айлығы мардымсыз, дұрыс білім алмаған психологтен өз дәрежесінде нәтиже талап етудің өзі артық. Өз ісін дұрыс білмегендіктен де, психологтер қоғамда туындап отырған негізгі мәселемен айналыса алмайды.
«Әлеуметтік желінің қоғамға дендеп енуімен ақша табуды ғана көздейтін «жалған психологтер» жасөспірімдердің санасын улап жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары шетелден оқып келген, қазақы ұғымға жат, қоғамда сараптамадан өтпеген дәрістерді амалсыз көруге, естуге мәжбүр. Оларды тыңдайтындардың дені балалар мен жасөспірімдер екенін ұмытпайық. Ал ұлттық тәрбиені ту етіп ұстаған қазақ қоғамы ешқашан жетімін жылатпаған. Қызын төрге оздырып, ұлын батыр етіп тәрбиелеген. Кейінгі жылдары пайда ойлаған жалған психологтердің салдарынан қоғамда ажырасу деректері көбейді. «Сен бақытты болуға тиіссің» деген жалаң ұран көптеген қазақ отбасының шаңырағын шайқалтты. Қоғамда әкенің рөлі төмендеп, ер балалардың тәрбиесі әлсіреді. Дамитын қоғамда баланы сүю, бауырына басып, махаббатына бөлеу арқылы ғана мейірімді ұрпақ тәрбиеленеді. Ал оған әрбір ата-ана мүдделі. Ол үшін кешенді игі жобалардың іске асқаны қажет», деп атап өтті Б.Дастанқызы.
АЛМАТЫ