Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕО) мәліметі бойынша жыл сайын өндірісте 374 миллионға жуық адам зардап шегіп, 2,78 млн өндірістегі өлім жағдайы тіркеледі екен. Салдарынан жаһандық ішкі жалпы өнім 4 пайызын жоғалтады. Әр мемлекетте қызметкерлерді міндетті сақтандыру бойынша жеке жүйе қолданылады.
Freedom Life ӨСК мамандарының айтуынша, кей елден өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру медициналық сақтандырумен үйлестірілген, біраз елде корпоративтік сақтандыру жаңадан пайда болған және даму кезеңінде. Мәселен, АҚШ өндірісінде 2022 жылы 4,5 млн-ға жуық жарақат пен ауру жағдайы тіркеліпті. Жұмыс берушілер өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бағдарламасынан басқа, қызметкерлердің денсаулық ахуалын анықтауға және созылмалы ауруларын емдеуге көмектесетін бағдарламаларын қолданады. Аталған бағдарламалар денсаулық тәуекелін бағалауды, биометриялық скрининг және денсаулықты нығайту бағдарламаларын қамтиды.
Қытайда 2021 жылы тек 354 млн адам қызметкерлерді әлеуметтік сақтандыру бағдарламасына қатысқан. Өндірісте жарақаттанған немесе кәсіби ауруға шалдыққан қызметкерлер толық еңбекақы алуға және емделу кезеңінде ай сайын төленетін жеңілдіктерді пайдалануға құқылы. Әлеуметтік сақтандыру медициналық, сауықтыру және тамақтану шығындарын өтейді.
Францияда еңбекке орналастырылған халықтың 96 пайызы қызметкерді міндетті сақтандыру полисін иеленген. Қызметкерлер үшін жұмыстағы сақтандыру жағдайларын қамту, соның ішінде, медициналық қызмет көрсету бойынша кең ауқымды қамтулар ұсынылады. Жеңіл жарақаттар немесе ауру кезінде, пациенттерге емделу және қалпына келу шығындары 70 пайызға дейін қайтарылады. Денсаулығы ауыр жағдайларда шығындары 100 пайыз өтеледі.
«Біріккен Араб Әмірлігінде қызметкерлерді сақтандыру жақында пайда болды. Бұрын компаниялар әрбір жалдаған қызметкері бойынша банк кепілдемесін 3 мың дирхам (366,2 мың теңге) көлемінде төлейтін. 2022 жылдың маусымынан бастап заңнамаға өзгертулер енгізілді. Аталған кепілдеме орнына жұмыс берушілерге қызметкерлерді сақтандыру шартын жасасу мүмкіндігі берілді (WPP Insurance). Ал Уругвайда еңбекке қабілетті халықтың 90 пайызынан астамы сақтандырылған. Қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі жиынтық түрде қолданылады және өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру, жұмыссыздықты сақтандыру, медициналық сақтандыруды қамтиды», делінеді зерттеуде.
Ал біздегі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметі бойынша, 2023 жылы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасына сәйкес 16,6 млн адам сақтандырылды. Қазіргі сәтте қызметкерлерді міндетті медициналық сақтандыру мөлшерлемесі еңбекақы мөлшерінің 3 пайызын құрайды. Аталған сома қызметкердің еңбекақысынан шегерілмейді, оны жұмыс беруші төлейді.
«Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңға сәйкес әр жұмыс беруші өз қызметкерімен сақтандыру шартын жасасуы керек. Сақтандыру мерзімі – 12 ай. Құны жеке белгіленеді және экономикалық қызмет түрі мен жылдық еңбекақы төлем қорына байланысты.
Ұлттық банк статистикасына сәйкес, қызметкерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша 2023 жылы сақтандыру сыйлықақысының көлемі 87 млрд теңгені құраған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22,9 пайызға артық. 2023 жылы сақтандыру жарнасының көлемі 14,9 млрд теңге болды (2022 жылмен салыстырғанда, 145,7 пайызға көп).