• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Инфографика 28 Ақпан, 2024

Агроөнеркәсіп және азық-түлік қауіпсіздігі

250 рет
көрсетілді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің агроөнеркәсіп саласына және су ресурстарына қатысты нақты тапсырмалар беріліп, анық межелер белгіленді. Аграрлық сектордың даму деңгейі – қоғамның экономикалық және әлеуметтік-саяси тұрақтылығын анықтайтын фактордың бірі. Ел тұрғындарының 40%-на жуығының қызметі мен тіршілік көзі – ауылдық жер, олардың көпшілігі үшін жер – негізгі өндіріс құралы.

Ауыл шаруашылығы еліміз үшін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі болғандықтан, бұл саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздегі ауылшаруа­шы­лық саласы әлі де болса тәуекелі жоғары, табиғи-климаттық жағдайларға тәуелді. Оның негізгі себептері – тех­ни­калық және технологиялық артта қалу­шы­лық пен өндірістегі экстен­сив­тік әдіс­тердің басымдығы. Өсімдік шаруа­­шы­лы­ғын әртараптандыру жолға қойыл­май келеді. Ауыспалы егіс қағи­да­лары дұрыс сақталмайды, топырақ құнарлығы да төмен. Минералды тыңайтқыштар өте аз көлемде енгізіледі: бүгінгі таңда тек 679 мың тонна немесе қажет­тіліктің 21%-ы (3,2 млн тонна) ғана пай­даланылған.

Ал органикалық тыңайтқыштарды пайдалану туралы тек армандауға болады. Олардың жаңарған, тиімділігі әлде­қайда жоғары, зияны қоршаған орта­­ға тимейтін түрлерін енгізу қолға алын­ған жоқ. Мысалы, шетелде кең кө­лем­де пайдаланылатын биогумус сияқты органикалық тыңайтқыштарды пай­­далану үй шаруашылығы дең­гейінде қалып қойған. Селекцияның ескірген әдістеріне негізделген тұқым шар­уашылығы да уақыт талаптарына сай емес. Салдарынан тұқымдарда импортқа тәуел­ділік бар. Мысалы, Қазақстанда біре­гей тұқым­дардың үлесі – 0,8, элиталық тұқымдардың үлесі 7,1 пайызды құраса, Ресейде екі есе жоғары.

Сондай-ақ елімізде бидай тұқымына – 40, көкөністерге 100 пайыз импортқа тәуелділік байқалады. Салада 76%-ға тоз­ған және ескірген техника пайдаланылады; бүгінде жаңарту деңгейі тек 4,5%. Осы деңгейде қала берсе, барлық тех­ни­каны жаңарту үшін жиырма жылдай уақыт керек.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерін сақтау да өз деңгейінде емес. Сақтау инфра­­құрылымының тапшылығы – 900 мың тонна, бұл өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ла­рының бағасын тұрақтандыруға кері әсерін тигі­зіп отыр.

Мал шаруашылығының негізгі мәсе­ле­­сі – жемшөппен қамтамасыз ете алмау. Елімізде мал азығы зоотехникалық нор­мадан 2 есе аз өндіріледі. Жайылым­дар­дың 20%-дан 60%-ға дейінгі бөлігі тозған, ал жайылымдық алқаптардың 42%-ы суландырудың жоқтығы, елді мекендерден алыс орналасуына байланысты пайдаланылмайды. Салдарынан мал шаруашылығындағы өнімділік өте төмен. Ветеринария саласында да мәселе жетерлік. Ауылдық жерлерде ветеринарлық жұмыс сапасының төмендігі, маман­дар­дың жетіспеушілігі шешілген жоқ. Ветеринарлардың орта жасы – 59. Бұл салаға цифрландыру ісі әлі де жетпеген, мамандар қағаз­бас­тылықтан арыла алмай келеді. Елдегі мал басын есепке алуда да олқылық көп. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ве­тери­нарлық қызметтері арасында өкі­лет­­­тік­тердің аражігін толық ажырату қа­жет.

Президент ауыл шаруашылығы өнім­де­рін қайта өңдеу деңгейін 70%-ға дейін жеткізу туралы тапсырмасын бекерге қойып отырған жоқ. Қайта өңдеу сала­сын дұрыс жолға қойғанда ғана аг­рар­лық сектор шикізаттық бұғаудан шы­ғып, шаруалардың шаруасы сонда ғана түзелетіні анық. Ал бізде орта есеп­пен өнімнің 40%-ы ғана өңделеді, оның өзі әр өңірде әртүрлі. Қайта өңдеу кә­сіп­орын­да­рының жартысына жуығы бос тұр. Өңделген өнімінің сапасы төмен.

Жоғарыда көрсетілген барлық мәселе – агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың тежеуші факторлары. Қалыптасқан жағдайдан шығу үшін ауылшаруашылық саласын дамытудың Жол картасын іске асыру қажет. Жергілікті әкімдіктер үшін табиғи-климаттық, өндірістік факторлар мен өнімді өткізу мүмкіндіктерін ескере отырып, нақты индикаторлар бекітілуге тиіс.

Мемлекет басшысы Үкіметтің ке­ңей­тіл­ген отырысында: «Саладағы басты түйт­кіл – жылдар бойы қажетті қаржы­ның жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тап­­шылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шар­уа­шы­лығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қа­жет», деді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, бұл саланы субсидия­лау­ға кейінгі бес жылда 2 трлн теңге бөлінген. Тек 2023 жылдың өзінде агро­өнер­кәсіптік кешенге бағытталған субси­дия­лар сомасы 494,2 млрд теңгені құ­рады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көр­се­ті­ліп жатқан қолдау аз емес, қар­жысы да жылдан-жылға артып келеді. Ал енді сол қаржының тиімділігін арттыру, қажетті салаға жұмсалуын қамтамасыз ету, қазіргі уақытта өте маңызды. Бөлінген қаржының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі үшін нақты шаралар қабылдануға тиіс. Субсидия алу арқылы байып, шекара асып жатқандар да, өндірісті дамытудың орнына, өз тірліктерін жөндеп алғандар да жоқ емес. Субсидияға ғана иек артып, басқа инвестициядан бас тартып, бас ауыртқысы келмейтіндер де жетерлік. Шын мәнінде қаржыны қажетсініп отыр­ған шаруалар субсидия емес, төмен пайызбен ұзақ мерзімге несие берілсе деп жатады. Жалпы алғанда, барлық қаржыны орталықтан бөлу, министрлік деңгейінде субсидия бөлудің тәртібін бекіту, сол арқылы бір саланы қолдап, екінші саланы қолдамау сияқты мемлекеттік шектеу тәсілдерінен біртіндеп арылуымыз керек.

Германия, Франция, Аустралия, Нидерланд сияқты ауыл шаруашылығы қарыш­тап дамыған мемлекеттерде аграр­лық секторға қажетті деңгейде датация бөлінеді. Еліміз­де мемлекеттің қол­дауынсыз ауыл да, ауыл­ шаруа­шы­лығы да өмір сүре ал­майды. Бірақ мем­ле­кеттік қолдауды мем­ле­кеттік шек­­теумен шатастырмау керек. Нарық за­­манында аграрлық өндірісті орта­лықтан отырып басқарудың өзі тиім­сіз. Сондықтан мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржыларды бөлудің құ­қы­ғын­ да, жауапкершілігін де жер­гілікті органдарға беру қажет. Қай өңір­де не егу керек, қанша егу керек, қай саланы да­мыту керектігін жергілікті басшылар мен мамандардан артық кім біледі? Тіпті субсидия, арзандатылған несие бөлу­дің тәртібін де жергілікті мәслихаттар бекіт­сін. Сонда ғана жүйелі жұмыс болады, жауапкершілік артады.

Бүгінде ауыл шаруашылығына бөліне­тін қаржы шашыраңқы, түрлі бағдар­ла­маларға бөлініп кеткен. Берекесі жоқ. Әр бағдарламасының өз бағыты, тәр­ті­бі, талабы бар, қағазбастылық басым. Шаруаларға түсініксіз. Осы бағдар­ла­малардың басын қосып несиенің бір-екі түрін ғана қалдыру керек. Ол несие «Ауыл шаруашылығы несиесі» деп аталып, арзандатылған ұзақ мерзімге берілсе болды. Барлық жыртықты бюджеттің есебінен жабу мүмкін емес. Тағы бір мәселе – екінші деңгейдегі банктердің ауыл шаруашылығына қаржы салмауы. Олар да мемлекеттік субсидияға бай­ланып қалған.

Аграрлық секторға бөлініп жатқан қыруар қаржының барлығын бір жерге шоғырландырып, осы саладағы қар­жы институттарының басын бірік­ті­ріп, ауыл шаруашылығына қызмет ететін, фер­мер­лердің басын қосып, ауыл тұрғын­да­рына жұмыс істейтін «Агробанк» құрудың уақыты келді. Германия, Поль­ша, Ресей, Өзбекстан, т.б. аграр­лық салаға тәуел­ді мемлекеттерде ауыл шаруа­шы­лы­ғы банктері қалай өмір сүріп жүр? Ре­сей­дегі аграрлық сектордың өнім­ді­лігі 2 есе жоғары болып, өнім бағасының екі есе төмен болуы да сол банктердің бөліп жатқан қаржысының арқасы. Сол арқылы Ресейдің қай өнімі болсын біздің өнімдерді демпинг арқылы өтімсіз етіп жатыр. Сыртқы нарықтың басым бөлігін басқалар басып алды. Тіпті кәсіпорындар Ресейдің азық-түлігін алып, отандық деп сата бастады.

Ең үлкен мәселе – ауыл шаруашылы­ғын­дағы статистиканы реттеу. Бөлініп жатқан қаражаттың тиімділігі артып, нақты индикаторларға қол жеткізу үшін аграрлық сектордағы көрсеткіштер түгел шынайыландырылуға тиіс. Малдың басы, жер көлемі, алынатын өнім, өнімнің өнім­ділігі шынайы статистикамен нақ­ты­лан­­баса, ауыл шаруашылығының тұра­ла­ға­ны тұралаған. Бөлінетін субсидия, несие, ұрық, минералды тынайтқыш, су, барлық шығын малдың басына, жердің көлеміне қарай бөлінеді. Көп қаржы алу үшін, болмаса рейтингтің соңына ілесіп, мал басын да, жер көлемін де көбейтіп, артық ақша алып жүргендер жоқ емес. Сондықтан биыл ауыл шаруашылығының барлық көрсеткішін ревизиядан өткізіп, нақтылау қажет. 2024 жылдың көрсеткіші төмен түсер, бірақ алдағы жылдардағы көрсеткіштер шынайы болады.

Мемлекеттің қолдауымен іске асы­рылуға тиіс тағы бір мәселе – ауыл шар­уа­шы­лығы механизациясын жетілдіру. Біз цифрландыру, роботтехника туралы көп айтамыз. Ал аграрлық секторда көп нәрсе адамның қолымен жасалынатындықтан, оны механикаландырудың өзі кезек күттір­мейтін нәрсе. Сөз басында айттық, тех­никалардың 76%-ы ескірген. Нақ­тырақ айтсақ, тракторлардың – 80, ком­байндардың – 72, ал жер жырту, өңдеу, дән себу агригаттарының 75 па­йызы тозған. Ал егіс орағы кезінде ескі комбайнның есебінен 30% егістің өнім­ді­лігін жоғалтып жүрміз. Техниканы жа­ңар­тудың арқасында астықтың өнім­ді­лі­гін гектарына қазіргі 10 центнерден 13 цент­нерге дейін көтеруге болады.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту деңгейін жылына 10%-ға жет­кізсек, алдағы 6-7 жылда 60-70% жаңар­ты­луға тиіс. Олай болса ауыл­дар­дағы орталықтандырылған, МТС үлгісіндегі, сервистік орталықтар ашу туралы да ойланатын уақыт келді. Техникасыз ауыл­ шаруа­­шылығының бірде-бір саласы жұмыс істемейді, техникасыз бірде-бір агро­технология жүзеге аспайды. Егін, мал, су шаруашылықтарының бар­лы­ғын­да­ғы механизацияға өнімділік те, табыс та тікелей байланысты.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану – аграр­лық сектордың негізгі өзегі және бола­шағы. Әлемдегідей елімізде де су тапшылығы жылдан-жылға сезіліп келеді. Былтырғы жыл су тапшылығы елдің жағдайына қалай әсер ететінін көрсетті. Су ресурстарын ұтымсыз пайдалану, суды көп қажетсінетін ескірген өндірістік тех­­но­логияларды қолдану, каналдар ар­қылы ағатын су шығынының жоғары деңгейі, суды есепке алу жүйелерінің жеткіліксіздігі салдарынан суармалы егін­ші­ліктің әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайды. Баланстағы 2,2 млн гектар суармалы жерлердің іс жүзінде 1,5 млн гектары ғана игерілген, ал су үнемдеу техно­логиялары 312 мың гектар жерге ғана енгізілген.

Мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы ел аумағындағы өзендер ағындысы 1960 жылмен салыстырғанда, 12,5 км3-ке азайған. Оның 72%-ы – жергілікті, ал 28%-ы трансшекаралық өзендердің үлесіне тие­сі­лі. Жергілікті өзендер ағындысының қысқаруы «Балқаш – Алакөл» және «То­был – Торғай»-дан басқа барлық бассейндерде болды. Яғни біз алдағы уақытта бар суды үнемді пайдаланудың түрлі тәсілін қолдана отырып, халықтың тұрмыс-тір­шілігін қамтамасыз ететін жолдарды қарастыруымыз керек. Еліміздің транс­шекаралық өзендерге тәуелділігі мем­ле­­кеттік органдарға қосымша міндет арта­ды. Заңнамаларымыз да соған лайық болуға тиіс.

Бүгінгі күннің негізгі талабы – су шар­уа­шылығы мен су шаруашылығы құры­лыстарын дамытуды жақсарту, экономикалық тиімді тарифтік саясатты әзірлеу, минералдық-шикізат базасын дамытуға және гидро-геологиялық зерттеулер жүргізуге көңіл бөлу.

Қолданыстағы Су кодексінде су үнем­деу, үнемді пайдалануды ынталан­ды­ру туралы ешқандай норма жоқ. Су пайдалану үдерісінің барлық сегменті мен кезеңінде техникалық, эконо­ми­ка­лық мәселелер, сондай-ақ құқық­тық қатынастар, реттеу­ші­лік бақылау және оларды шешуді талап ететін даму стратегиялары мен жоспарларын қа­­лып­тастыруда кемшіліктер бар. Сектораралық өзара іс-қимылдың нақты заң­­­намалық тетіктерінің болмауы судың қауіп-қатерлерін азайтып, жүйелі іс-шара­­ларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырды. Уәкілетті мемлекеттік орган жаңа кодекстің жобасын әзірлеп, Парламентке енгізді. Бүгінде аталған кодекс жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Су кодексі жобасын әзір­леудің мақсаты су қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, болашақ ұрпақтың мүддесі үшін бірыңғай мем­ле­кет­тік саясатты іске асырудың құқық­тық не­гіздері мен тетіктерін жетіл­діру болатыны анық.

Парламент Сенаты еліміздің аграр­лық саласы мен су шаруашылығын дамытуды, Президент тапсырмаларын жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазір аграрлық салаға қатысты заң­дар­дың біразына ревизия жасалып, депутаттардың бастамасымен жаңа заң жобалары дайындалып жатыр. Кейінгі бір жылдың көлемінде Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты қорғау, ауыл-аумақ­тар­ды дамыту комитетінің мүшелері ауыл шаруашылығының проблемаларын талқылауға арналған 7 кездесу мен дөңгелек үстел өткізіп, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыс­тарында коми­теттің кеңейтілген көшпелі отырыс­тары ұйымдастырылды.

Қызылорда облысында облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарымен, су мамандарымен кездесіп, су нысандарын аралап, көшпелі отырыста тиісті ұсыныстар қабылданды. Комитет депутаттары өңірлерге шығып, тұрғындармен 62 кездесу өткізіп, Үкімет басшысына 19 депутаттық сауал жолдады.

Ауыл шаруашылығы, оның қазіргі жағдайы мен келешегі кімді де болса толғандырмай қоймайды. Сондықтан да осы салаға жанашыр барлық азамат пен қызметкер, Үкіметтік және жергілікті басқарушы орган мен өкілетті орган Пре­зидент айтқан аграрлық саладағы проб­лемаларды жүйелі түрде шешуде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жұмыла жұмыс істеуге тиіс.

 

Әли БЕКТАЕВ,

Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы