Алматыдағы қуыршақ театры спорт тарихында өшпес із қалдырған ұлт мақтанышы, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттарханның бейнесін кішкентай көрермендерге «Чемпион» атты жаңа қойылыммен таныстырды. Алғаш рет сахналанып отырған чемпион туралы туынды Бекзаттың дүниеге келуінен бастап, оның Олимпиада жүлдегері атануына дейінгі тұтас ғұмырын жігерлі баяндайды.
Жиырма жасында қыршынынан қиылған белгілі былғары қолғап шебері Бекзатты қуыршақ бейнеде кейіптеген режиссер мақсаты айқын. «Чемпион» спектаклі арманға адалдық, мақсатқа жету жолындағы табандылық, туған ел мен жерге деген махаббатты жырлайды. Бекзаттың ауылда асыр салып ойнап, «Ол кім? Бұл не?» деп білмекке ұмтылып жүрген шағында бұтадан-бұтаны қуалап, соңынан қалмай, білегіне қонақтайтын ақ құс арманшыл баланың досы әрі періштесі іспетті. Өндірдей ұл-қыздардың бойында қайрат-жігер, батылдық, төзімділік сияқты құрыш мінезді қалыптастыруды көздейтін қойылымда жас көрерменді қызықтыратын мұндай ұтымды сахналар көп-ақ. Жалы төгілген аппақ арғымақ ауыздығымен алысып, аспанға секіріп сахнаға шыққан сәт қарсыласқа дес бермей, рингте ойнақ салар бокс тарпаңының болашақтағы тұлпар тұрпатына ишара жасап өткендей.
Сиднейдегі Олимпиаданың ашылу сәті – баланың ақыл-ой қабілетін ұштап, білім көкжиегін кеңейтуге арналған көрнекі пәннің өзі дерсің. «Германия, Бразилия, Франция, Қытай, Ресей, Өзбекстан» деп төрткүл дүниені дүр сілкіндірген дүлдүл жарысқа қатысушы елдерді атап таныстырған сайын сол мемлекеттер туының жарыса желбіреп өтуі – бала танымын биіктетуге қажет таптырмас тәсіл. Бокспен бес жыл ғана шұғылданып, қас-қағым ғұмырында 143 жекпе-жек өткізіп, Олимпиада чемпионы атанған батырдың есімін бүгінгі ұрпақ білсін деген мұратпен қойылған спектакльде жан сергітер ұтымды сәттер көп болуы – режиссерлік ізденіс нәтижесі. Бекзаттың батыл жекпе-жегін әртүрлі символикалық образдарды пайдалана отырып, қазақ халқының әр дәуір тарихындағы жеңістері мен жеңілістерін шендестіре баяндаған тұста көрермен спектакль емес, кино тамашалағандай күй кешеді. Сидней шаршы алаңындағы ақтық кездесуде америкалық тәжірибелі боксшы Рикарду Хуарестің соққысынан қазақ ұлының тізесі бүгілгенімен, қайраты, намысы бүгілмейді. Керісінше, жасақ жинап, жауға шапқан, елге қорған, ұрпаққа ұран болған батыр бабаларының жалғасы екені есіне түскендей, жігерін жанып, қарсыласқа қарсы атой салады. Содан да болса керек, Қазақ елі жиырма жыл күткен жеңісті жиырма жастағы жігіт қарсыласының қолынан жұлып алған сәт алматылық балдырғандардың кішкентай жүрегіне кедергісіз өтіп, атқақтаған ең асқақ сезімін жасыра алмай, қолға ұстаған көк жалаушаларын көкке көтеріп, «Бекзат, Бекзат» деп шулап кетті. Жан толқытар аяулы мезет «жасөспірімдерге «еліңді сүй, тіліңді сүй» деп құрғақ ақылды күніне он рет қайталап айтқаннан гөрі отаншылдық сезімін оятып, отты жігер беретін «Чемпион» сияқты қойылымды бір рет тамашалаған анағұрлым пайдалырақ болар ма еді» деп ой түюге жетелейді.
Б.Саттархан туралы спектакльдің қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразалы Ақжарқын – Сәрсенбек, пьесаның авторы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, драматург Әлібек Байбол нағыз Қуыршақ театрының сахнасына лайық жауынгерлік рух, патриоттық сезімге толы спектакль ұсынды. Спектакльді музыкамен көркемдеген Бақберген Байшығаштың еңбегі де ұжымдық туындының бағасын арттыра түскен. Сахна суретшісі Юлия Чернова, Әнуар Бүркітбаев, хореограф Анна Цой қойылымның шынайы қабылдануы жолында аз жұмыс атқармаған. Тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықты ту ететін қойылым премьерасына Бекзаттың анасы Сырлыкүл Түркістан облысынан арнайы келіп қатысты. Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Арман Халбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан спорт шебері Тұрсынғали Еділов, қойылым авторы, драматург Әлібек Байбол спектакль соңында ой-толғамдары, пікірімен бөлісіп, жылы лебіздерін арнады.
«Біз бүгін «Чемпион» деген ғажайып туындыны көріп, көңіліміз көкке самғады. «Мен қазақ жерінде туғанмын, менің елім – Қазақстан, мен Отаныммен мақтанамын», деп, 2000 жылы көк байрағымызды әлем көгінде желбіреткен, бауырын енді көтеріп, еңсе тіктей бастаған, қаз-қаз қадамын жасап, жаңадан егемендік алып жатқан жас мемлекетті, халқын, елін, жерін дүние-шартарапқа таныстырған Бекзат болатын. Мен баламмен мақтанамын, мақтай да беремін, мақтана да беремін. Әрине, анасы болғаннан кейін «әттең...» деп аһ ұратын арманды сәт те болмай тұрмайды. Бірақ «шүкір» деймін. «Чемпионды» жазған авторға алғысымды айтамын. Спектакльдің «ата-бабаларымызды құрметтейік, аруақты сыйлайық, солардың алғысы мен батасымен жүрейік» деген сахнасы жүрегіме көбірек қонақтады. Жастарымыздың жүрегіне иба, мейірім ұялап, елін сүйіп өссе, мемлекетіміз де көркейе бермек», деді чемпионның анасы Сырлыкүл.
Күрмеуге келмес қысқа ғұмырында жай отындай жарқылдап өткен Бекзаттың мәңгілікпен жалғасқан жарқын жолы дүниеге келер талай ұрпақтың өр рухын жанып, жаңғыртып отыруы үшін дәл осы іспетті қойылымдар кезең сайын сахналанып отыруы керегін көрсетті. Бұл – ұлтына ұлы жеңіс сыйлаған қыран ұлдың есімін ұмыттырмайтын қадам.
АЛМАТЫ