• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Ақпан, 2024

Жаңа мектеп қайда салынады?

113 рет
көрсетілді

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша тұрғы­зы­латын 1 200 орындық білім ұясы үшін шамамен 3-3,5 гектар жер қажет. Павлодардағы зағип­тар қоғамының тігін цехы орналасқан аумақ құрылыс үшін ең қолайлы орын саналып отыр.

Павлодардың Усолка және Затон шағын аудандарындағы 1 200 оқушыға арналған білім шаңырағының құрылысы биыл басталуы тиіс. Әуелі ғимаратты ауданның өзінде тұрғызу жоспарланған екен. Бірақ ол жерде бос орын табылмай, әкімдіктегілер білім беру саласына жауапты ұйымдармен ақылдаса келе, Ертіс өзенінің дәл жағасынан саламыз деп ұйғарған. Ол үшін былтыр кеме жөндеу зауытын өзге жерге көшірмекші болып, үлкен шу шыққан еді. Бұл туралы өткен жылдың қараша айында газетімізде «Қос кәсіпорынға қауіп төніп тұр» деген мақала да жариялаған едік. Ақыр-соңы қоғам өкілдерінің араласуымен кеме жөндеу зауыты орнында қалдырылды. Одан кейінгі нұсқа – Затон шағын ауданындағы 48 жер үйді сүріп тастап, сол жерге тұрғызу еді. Бірақ үй иелерімен келісу, сатып алу көп уақытты алатын болғандықтан, шенеуніктер ол идеядан да бас тартты. Ең соңында жергілікті әкімдік «Қазақ зағиптар қоғамының» Павлодардағы филиалы тұрған жерге саламыз деген байламға келді.

Өткен аптада облысқа жұмыс сапа­ры­мен келген Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау министрі Светлана Жа­­қы­пова бұл мәселеге көңіл аударып, әкім­діктің жоспарымен танысты.

«Облыс басшылығы зағиптар қоғамы үшін өзге жерден жаңа ғимарат беріліп, ті­гін цехы үшін жаңа тігін машинкала­ры сатып әперілетінін айтып отыр. Әрі қазір­гі кешенге жақын тұратын жан­дарды жа­ңа орынға тегін тасымалдай­тын автобус ұйым­дастырылады. Меніңше, бұл қо­лай­лы жағдай. Аталған кәсіпорында 40 адам жұмыс істейді. Ал жаңадан салы­на­тын мектептің қызығын 1 200 оқу­шы кө­ре­ті­н болады», деді Свет­лана Жа­қы­пова бұ­қа­­ра­лық ақпарат құрал­да­ры­на бер­ген сұх­ба­тында.

Қалалық білім беру бөлімінің бас­шы­сы Қуаныш Қыдыралиннің сө­зін­ше, Усол­­ка мен Затон шағын аудан­да­рын­дағы оқу­­­шылар орнының жетіс­пеу­ші­лі­гі мың жа­­­рым­ның үстінде. Ке­йін­гі үш жыл­да оқу­­­шылар саны еселеп артып, жа­ңа мек­теп салу жобасын тездетуді қа­жет етіп отыр.

 

ПАВЛОДАР