• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Мереке 29 Ақпан, 2024

Сарбаздар алғыс жолдайды

144 рет
көрсетілді

Алғыс  айту  күні - алмағайып шақта алашапқын күй кешкеннің  қайта өркен жаю жолында тіреніш болған жандарға айтар ризашылығы рәуіштес.  Алғыс айту күні  – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні екендігі бесенеден белгілі.  Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген бұл мереке Ұлттық ұлан қатарында азаматтық борышын өткеріп жатқан мерзімді әскери қызметшілер үшін де құнды әрі тағылымға толы.  Осы орайда  «Шығыс»  өңірлік  қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердегі  өзге ұлт өкілдері  мерейлі мереке аясында  айшықты көзқарас танытып, пайымды ойға негізделген пікірлерімен бөлісті, деп жазады Egemen.kz.

Ибрагим Хакимов - 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері

Осыдан жиырма екі жыл бұрын менің  отбасым Қазақстанға  Шешенстандағы  азаматтық  соғыстан  бас сауғалап  келген еді. Әрине,   туған  елін тастап  кету менің  ата-анам  үшін  оңайға соқпады.  Ішкі қақтығыстардан  күйісі кетіп, берекесі қашқан олардың тығырықтан шығар басқа жолы болмаса керек-ті.  Неге екенін  білмедім,  ел  шығысындағы  Семей  қаласына қоныс аударыпты. Тарғыл   тағдыр тауқыметі  тар жол, тайғақ кештіргенімен тамырын тереңге жайған таңсық өлкеде тыныстары тарылмапты.  Шаруада  шашау шығармайтын  әкешім  қиюын қиыстырып  бір  істі  дөңгелетіп әкетсе керек. Әйтеуір, мен көйлегі көк,  қарыны тоқ  отбасыда өмірге келдім. Семей жұртқа бірден бауыр басып кеттік. Бұл  кеудемізден  итермей, құшақ  аша қарсы алған  жергілікті  жұрттың  даладай кең пейілінен болса керек. Сондықтан қиын-қыстау шақта қолдау танытқан семейліктерге айтар менің алғысым шексіз. Өз баласынан кем көрмейтін қала тұрғындарына ризашылықтан басқа алып-қосарым жоқ. Мен қоршаған қарашаның қайырымдылығынан болар, менің де Отанға деген махаббатым сондай ыстық. Сондықтан болар, бұғанам бекіп, қабырғам қатайған тұста, белімді бекем буып  Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышымды өтеуді жөн санадым.  Дархандығы даласынан дарыған қазақ жұртымен алғыс  күнін  атап өтіп,   бейбіт елдің аспанында мамыражай күн кешейік.

Бекзат Шерматов - 5511 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері        

Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы,  алып ойдың иесі, хакім Абай Құнанбайұлы «қарны тоқтық, көйлегі көктік, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын дейді» Иә, жегені алдында, жемегені артында қалған жанның   тоғышарланып, өмір сүруге деген  құлшынысынан айырылары хақ.  Дегенмен,  көйлегің көгермей, жұмыссыз жүрсең – қу тұрмыстың күйбеніне түскенің болып есептеледі. Міне, менің әке-шешем  де  Қырғызстанда бала-шағасын асырауға лайықты, мардымды нәпақа  алатын  жұмыс  таппай сенделді.  Ол жақтағы біздің ауыл тұрғындары табысты боламын деп Мәскеуге сабылса, ал біз Қазақстандағы  Павлодар қаласына табан тіредік. Анамды таңқалдырған бұл шешімді әкем қабылдапты. Алғашында пәтер жалдап күнелттік. Содан кейін саудамен айналыстық. «Еңбек етсең емерсің» демекші, ешкімді танымайтын өлкедегі  шелектеп төгілген тер соңында өз жемісін берді. Бүгінде әке-шешем Павлодар қаласындағы бірнеше кәсіптің иесі атанды.  Енді Астана қаласынан да  бизнес көздерін ашып, елордаға ойысуды жоспарлап жүр. Менің ойымша Қазақстан мүмкіндіктер мекені. Егерде өзің талпынсаң, мемлекет әрбір талпынысыңды бағалайды. Менің ойымша,  ежелден бір-біріне етене жақын қазақ пен қырғыз достығы жыл санап артып келеді.  Сондықтан бірлігіміз жарасқан жерде мағыналы ғұмыр кешуді Алла нәсіп еткендей. Осы орайда,  отбасымды аяғынан нық тұрғызып, әкемді атпал азаматқа, анамды іскер әйелге айналдырған Қазақстанға айтар алғысым зор.  Бұйығы күйде бөтенсіп келген қаймананы, қапсыра құшағыңа алғаның үшін қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығың үшін қазақ халқына тағы да бір мәрте алғыс айтамын. Мен әулетімнің әлеуетін арттырып, өсіп-өнген елдің шекарасын жаудан қорғап, тыныштығын күзетуге дайынмын.

Ильдар Гайнетдинов - 6699 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері

Мен башқұрт ұлты болсам да, Қазақстанда өзімді суда жүзген балықтай сезінемін. Өйткені, мен тұрмақ, менің әкем де кіндік қанын Екібастұз қаласында тамызған. Кешегі тарихқа үңілсек, те  қазақ елімен бауырластық қарым-қатынас ғасырлар бойы жалғасын тауып келеді.  Мысалы Уфадағы Ғалия медресесі талай қазақ жастарының сауатын ашқаны әмбеге аян. Бұл қала Алашордаға бас қосар құтты орын болды.  Әлихан Бөкейханов Орынборды ортақ астана қылып, башқұрт-қазақ біртұтас автономиясын құрмақшы болғанын да біреу білсе біреу білмес. Жалпы, түркітілдес халық болған соң да тілегіміз бір.  Сондықтан тілектес елдің туын тік ұстау мен үшін үлкен абырой.  Бүгінде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылғына қарасты 6699 әскери бөлімінде  ел алдындағы азаматтық борышымды өткерудемін. Біздің жауынгерлік міндеттің басым бөлігі Өскемен қаласындағы түзеу мекемелерін күзетуге негізделеді.  Қаруластар арасында дараланып, кез келген әскери сынақтан сүрінбей, қойылған тапсырмаларды дер кезінде орындауға әрдайым барымды саламын. Өйткені, мен осылайша, туған елге деген өз алғысымды білдіргім келеді.

 Сержант

Рүстем Мұхамет-Рақым

 

Өскемен қаласы