• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Сатира 29 Ақпан, 2024

Құлдық психология

115 рет
көрсетілді

Жекеменшік мал фермері Пықып бұдан гөрі оқып-тоқығаны бар, көзі ашық ағасы Ақалақ ауылға әкім болып бекігенде:

– Көке, әкім болдыңыз, әкімдігіңіз мем­лекеттік қызметке жатады, бұған дейінгі «бұрқыратып» келген сын-мініңізге абай бо­лыңыз, – деп қалып еді, ағасы алара қарап:

– Құлдық психологиядан арылар күнің болар ма екен сенің! Құлдық құлдырау ана қара­мағыңдағы малшыларыңа ғана жарасады, – деп алып, айда кеп лепірме «лекциясын» оқысын...

Ауыл жұрты да ағасының осы бір міншіл қызба мінезін бағалап, ауданға келген жаңа әкім ел-жұртты жинап ауылды басқаратын адамды өздеріне жүктегенде, бірауыздан осы Ақалақты ұсынып бекіттіріп алғаны бар.

Көп өтпей ағасы ауданда өткен алқалы жиылыста сөзін кіл сынап-мінеуге бағыштап:

– Құлдық психологиядан арылмай адам болмаймыз! Бастық атаулының қисынсыз іс-әрекетіне «ләббай, тақсыр!» деп бас шұл­ғып мәң­гіріп жүре берсек, күніміз қараң, бола­ша­ғымыз бұлыңғыр!.. – деп көсілгенінде бұл жер шұқып, жиынның артын күтпей, бірге барған ағасынан бұрын ауылға жетіп алғаны бар.

Не істесін, өз қолын өзі кесе ме... Айтқан бағы­тынан қайтпайтын ағасының қырсық мінезі бала кезінен бар. Айтып көрсін... қай­тарымы ағыл-тегіл болатынын біледі. Мұндайда «бүкірді мола ғана түзейді» деуші ме еді.

Аудандағылар да қарап жатпапты, онда да «көзіқарақтылар» жетіп-артылады, алты айлық қорытынды бойынша бұлардың аулы­н сын тезіне салып, Ақалақ ағасына сөгіс арқа­латып жіберіпті...

Ағасы да айылын жимай, кезекті облыстық басқосуда килігіп сөз алып, мінберден айда кеп көсіліпті деп естіді... Онысын тәуелсіз телеарна іліп алып, «ілгері» оздырыпты.

Облыс бұнысына «оқырына» қарап, екі ай өтпей ағасының «ой-шұңқырын» қазбалап... не керек, қай-қайда да бар кемшіліктің тізбесін тізіп, облыс әкімінің бұйрығымен ағасына «қатаң сөгісті» бұйыртты.

Ағасы да қарап қалмай, сары жағал басылым бұның «Құлдық психология құрдымға құлатады» атты көлдей мақаласын жариялап, айды аспаннан бір-ақ шығарғанын қайтесің...

...Бір-ақ күнде «Ауыл әкімі Ақалақ Асабас қызметінен босатылсын» деген бұйрық бұрқ етіп, ағасы «атынан» аударылып түсіп, баяғы таз қалпына түсе қалды.

Фермер Пықып үйлі-жанды Ақалақ ағасын бір-ақ күнде тау асырып, малы жайлаған жайлаудан бір-ақ шығарды... Сондағы қора-қопсыға қарайды, кезектесіп қой бағады... Естуінше, ағасы сондағы екі-үш қойшының басы қосылғанда ағыл-тегіл «Құлдық психология» туралы лекциясын анда-санда тау-тас­ты жаңғырта оқып қояды екен...

 

Берік САДЫР