Қазақтың көркемсөз өнерінде өшпестей із қалдырып, әдебиеттің барлық жанрында бірегей шығармалар жазған Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев мұрасының бір саласы – оның поэзиялық шығармалары. Әдебиетке қадамын өлеңмен бастап, 1962 жылы «Алтын шуақ» атты жыр жинағын шығарған қаламгер алдымен ақын ретінде танылып, оқырманның көңілінен шықты. Сыншылар мен ғалымдар жоғары бағасын берді. Кейін прозаға бет бұрып, көптеген әңгіме-повесть, «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» секілді тамаша романдарды дүниеге әкелді. Публицистикалық, танымдық-зерттеу еңбектерін жазды. Аударма саласына да елеулі үлес қосып, көптеген әлемдік классиктерді қазақ тілінде сөйлетті. Тәуелсіздік кезеңінің айтулы шығармасы «Абылай хан» тарихи-драмалық дастанын жазды.
«Алтын шуақтан» кейін араға отыз алты жыл салып, 1999 жылы қаламгердің «Дүние ғапыл» деп аталатын екінші жыр кітабы жарық көрді. Оған автордың әр жылдары жазған өлеңдері енген. Демек жазушы поэзиядан біржола қол үзіп кетпей, ғұмыр бойы өлеңмен тілдесіп, әр кездегі көңілін тербеген, ой-санасына әсер еткен жайларды ақынның өрнекті тілімен, поэзияның нәзік иірімдерімен жазып жүргенін көреміз. «Алтын шуақта» ақынның жас шағында, негізінен студенттік кезінде жазған балаң жырлары жарық көрсе, «Дүние ғапыл» – қалыптасқан қаламгердің парасатты ойларымен суарылған, өмірден көргені мен түйгені мол ақынның адам мен қоғам сырларына терең бойлап, тебіреніспен ой қозғайтын сыршыл да сыншыл жырларының жинағы. Кітаптың «Көне дәптерден (1959–1969)» және «Жаңа дәптерден (1980–1999)» деп аталатын екі тарауы айналасы отыз жылдай уақытты қамтитын, әртүрлі тақырыпты қозғап, дүние бейнесіне түрлі ракурстан көз жіберетін ойлы жырлардан тұрады.
Ақындық тұлға – өмір бойы адамзат пен ұлт алдындағы азаматтық парызын айқын түсініп, поэзияға адалдығын сақтап өтетін айрықша қабілет иесі. Өйткені поэзия адамдық болмыстың ең жоғары құндылықтарын ұлықтап, оқырман санасына көркемдікпен егуді мақсат тұтады. «Поэзия – Жаратқан иенің әманда жалғыздық торындағы пенделерімен пейілдессін, пікірлессін деп әдейі жаратқан ақ қанат періштесі», деп Ә.Кекілбаевтың өзі айтқандай, ақындық қасиет қонған жан адамдық туын жоғары ұстап, Жаратқанның парыз артқан періштесіндей адам баласына ғұмыр бойы рухани қызмет етіп өтпек.
«Әбіш Кекілбайұлы – талант! Үлкен талант! Ал нағыз талант – бәрінен бұрын ақын. Әбіш әдебиетке өлеңдетіп келді. Мұнысы заңды еді. Егер тумыстан ақын болмаса, сан қырлы – әрі саңлақ суреткер, әрі ғұлама ойшыл, әрі сұңғыла шешен, әрі көреген көсем болмас еді. Осылардың бәрінің төркіні ақындықта жатыр», деп академик З.Қабдолов айтқандай, шынында да, поэзия Ә.Кекілбаев талантының поэтикалық алтын арқауы десек болады. Өйткені қай жанрда жазса да, қандай тақырыпты сөз етсе де, жазушының көркем мәнері өмір шындығын кеңінен қамтып, жинақтай пайымдайтын ауқымдылығымен, тереңіне тартатын ойшылдығымен, сыршыл да сыншыл сипатымен, ырғақты-ұйқасты мақамымен ерекшеленеді. Суреткер қолтаңбасындағы ақындық мәнер-мақам – Ә.Кекілбаевтың даралық стилін айқындаушы факторлардың бірі.
«Алтын шуақ» пен «Дүние ғапыл» жинақтарындағы өлеңдері кейін қаламгердің көптомдықтарына енді. Он екі томдық (1999, «Өлке»; 2019, «Жазушы») және жиырма томдық (2010, «Жазушы»; 2019, «Мереке») шығармалар жинақтарында сол екі кітаптағы өлеңдер қайталанып басылып келеді. Алайда одан кейінгі түрлі басылымда жарияланған және үстел дәптеріне жазып қалдырған ақынның біраз өлеңі тұтас жинақталмағандықтан, оқырман қауымға беймәлім болып қалып отыр. Осыған орай Ә.Кекілбаевтың ақындық шығармашылығын оқырман қауымға толықтыра ұсынудың қажеттілігі көрінеді.
Әбіш Кекілбаевтың әдеби мұрасы жан-жақты зерттелуде. Оның шығармашылығына деген ғылыми қызығушылық суреткердің көзі тірі кезінде басталып, көптеген еңбек жазылды, диссертациялар қорғалды. Ғалым-зерттеушілер мен қаламгерлер мақалаларын тұрақты жариялап келеді. Сол жақсы үрдіс қазір заңды жалғастығын тауып, «Әбіштану» атты кең арналы ғылыми салаға ұласты. Жазушының әдеби мұрасының әр қырынан, жаңа ғылыми парадигма мен теориялық-көркемдік талдау тұрғысынан зерделене беретіні сөзсіз.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті қаржыландыратын ғылыми жоба аясындағы ізденіс жұмысымыздың нәтижесінде суреткердің бұрынғы жинақтарына енбеген және еш жерде жарияланбаған өлеңдері мен балладаларын топтастырып, ақынның үшінші жыр жинағын дайындап, оқырманға ұсыну бақытына ие болып отырмыз. Ол жинақ «Дәурен кешкен» деген атпен жақында ғана «Мазмұндама» қорының баспасынан 2000 дана таралыммен жарық көрді. Осы орайда ақынның өлеңдерін жинастыруға қолұшын берген жазушының немересі, қаламгер мұрасының қамқоршысы Абыл Әулетұлы Кекілбаев пен кітапты басып шығаруды өз мойнына алған «Мазмұндама» қорының жетекшісі Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан бауырларымызға алғыс айтамыз.
Суреткердің ірілі-ұсақты әрбір шығармасы – оқырман үшін олжа, ғылым үшін құнды дерек. Ол қаламгердің шығармашылық зертханасын, шыңдалу эволюциясы мен динамикасын зерделеу үшін де маңызды. Сондықтан жазушының барлық туындысын жинақтап, оқырманға ұсыну – кезек күттірмейтін міндет. Тұлғатану мен мұратану, әдеби шығармашылықты зерттеу саласында дереккөздердің молдығы мен мейлінше толымдылығы аса маңызды.
Абыз суреткер әдебиетке қадамын өлеңмен бастап, өлеңмен аяқтапты. «Жан сырыңды тастау үшін ақтарып, Артық амал болушы ма ед өлеңнен», деп өзі жырлағандай, адамзаттың асыл ой теңізінен құныға сусындап, халқының арғы-бергі тарихы мен рухани қазынасын ұлықтап өткен, елінің тәуелсіздігін тіктеу мен халқының жасампаздығын нықтау жолында қайраткерлігімен де, қаламгерлігімен де қызмет еткен ойшыл тұлға ғұмыр бойы өлеңмен сырласып, ойлы шумақтарын қағазға түсіріп отырыпты.
«Дәурен кешкен» деп аталатын бұл жаңа жинаққа ақынның ешбір жерде жарияланбаған және әр жылдары баспасөзде жарық көргенімен, жинақтарына енбеген өлеңдері еніп отыр. Оқырман қауым бұл кітапты ақынның үшінші жыр жинағы ретінде қабылдап, ұлттық әдебиетіміздегі орны бөлек көрнекті сөз зергерінің мұрасын толықтыру бағытындағы қызмет деп бағаларына сенеміз.
Ә.Кекілбаевтың поэзиясы – дүние сырларын жіті бақылап, терең ұғынудан туған, өмір құбылыстарына суреткерлік түйсік, ақындық жүрек, азаматтық пайыммен қараған жасампаз өнерпаздықтың поэзиясы. Балалық шағы соғыс жылдарында өтіп, қазақ аулындағы ауыр кезеңнің небір қиыншылықтарын көрсе де, соғыс шыңдаған мыңдаған замандастары секілді өмірге деген ынтызарлығы алдағы күнге үміт артумен жетілген ақынның өлеңдерінде өмірсүйгіштік пафос, оптимистік рух ұдайы жолбасшы болып отырады.
Ақын өлеңдерінің тақырыптары әр алуан, ол туған жер мен ата-ананың қадірін, табиғаттың жарастығын, өмірдің жарқын сәттерін, жастықтың арман-аңсарын, адам ғұмырының сан алуан құбылыстарын шабыттана жыр етеді. Ақынның лирикалық толғаныстары өмірдің әр мезетін көзден таса қылмай, әсерлі бейнелеуге, одан философиялық ой түюге тырысады. Солардың бәрі, сайып келгенде, өмірдің мәнін пайымдау дейтін ақын біткеннің мәңгілік миссиясына жетелейді. Әдебиеттің міндетін терең пайымдап, жастайынан сөз өнеріне құмарлығын өмірлік парыз ретінде қалыптастырған қаламгер әдебиетке адалдықты ғұмыр бойы жоғары ұстап өтті.
Сонау жетпісінші жылдардың басында жазған бір мақаласында: «Лирика – адам жанын, сол арқылы қоғам келбетін аса жіті ұғып, аса нәзік бейнелейтін ең бір сезімтал өнер» (Кекілбаев Ә. Өлең көкжиегі. Жұлдыз. №12, 1971.), деп бағалапты. Оның өлеңдері сол кезден-ақ өмір көріністерін сырттай қызықтамай, ішкі мәніне үңіліп, елеулі-елеусіз жайлардың қай-қайсынан да сыр аңдып, ақындық интуициямен оқырманның алдына жайып салады. Осы мақаласында жазушы өнерді саясатқа байлап, көркемдіктің құнын түсірмек болған тұрпайы социологиялық танымды, кеңестік биліктің идеологиялық бағдарының кезеңдік құбылысын сыншылдықпен бағамдаған. Өзі де ақын ретінде өлеңді жаңа деңгейге шығарып, лириканың сыршыл табиғатына жан бітіруге тырысты.
Шынайы лирикада ой мен сезім, қиял мен сурет, түйсік пен пайым астасып жатады. Солардың бәрі адам жанын сарсаңға салып, көңілін толқытар жағдай тудырса, ақынға тізгін ұстатар таяныш – пайымшыл ой болса керек. «Терең ойсыз поэзия өзінің азаматтық парызын ойдағыдай атқара алмайды», деп тұжырымдаған ақын ойшылдығы – қашанда азаматтық позициясының тірегі іспетті. Жас кезінде жазған өлеңдерінде алдағы ғұмырдың бұралаң да соқтықпалы жолын болжап, қандай нәрсеге де тек ой-сана арқылы көз жеткізіп, әрекет етудің қажеттігімен болашаққа бағдар жасайды. Есейген, егде тартқан шақтағы өлеңдерінде өмір-тіршілікті метафоралық бейнелеу арқылы өмір мен өлім, тағдыр, төзім, үміт пен арман, бақыт сияқты ұғымдардың мәніне ой жүгіртеді.
Ақын өмір ағынын түрлі метафоралық бейнелеудің көркемдік ракурсында қарастырып, оқырманның көз алдына елестететіндей, көңілімен табысатындай ыңғайда бейнелейді. Алайда ол оқырманға бейтаныс, жұмбақ құбылыс емес, қайта ақын ишаралаған жайттар оқырманның да өмір тәжірибесінен пайымдаған ішкі ойларымен табысып, ортақ тұжырымға жетелейді. Адамды алға жетелейтін арман-мақсат болса, сол жолда талай кедергілер мен қиындықтар, алданыштар мен адасулар, уайым мен үміт алма-кезек түсіп, астасып жатқан өмір жолындағы қым-қуыт құбылыстар өлең өрімінен көрініс табады.
Ә.Кекілбаев поэзиясын оның жалпы шығармашылығынан, соның ішінде прозасынан бөлек қарастыра алмаймыз. Жазушының талай шығармасына өзек болған тіршілік сырына бойлататын «өмір философиясы» прозасы мен драмасында бірде кейіпкер ойымен, бірде авторлық толғаныстармен, енді бірде ішкі монолог пен авторлық баяндау астасып жататын «сана ағымының» ыңғайымен пайымдалып отырса, поэзиясында ақындық интуиция адамның рухани дүниесіндегі түрлі нюансты жинақтай қамтып, жасампаздықпен толғайды.
Ақын шығармашылығындағы басты ұстын – адамгершілік пен азаматтық. Ол өмір құбылыстарын, адам тірлігін құр қызықтамай, әр нәрсеге адамдық, азаматтық позициядан ой жүгірте отырып, өмірсүйгіштік пен жасампаздықтың тұрғысынан қарап тебіреніспен жырлайды. Әр өлеңінен автордың суреткерлік көрегендігі мен азаматтық өресінің желі есіп тұрады. Ақынның лирикалық кейіпкері өмірге құштарлығымен, сондай-ақ ешнәрсеге енжар қарай алмайтын елгезектігімен, алаңшылдығымен көрінеді, ақындық бар болмысымен танылады.
Бір қарағанда, Ә.Кекілбаевтың кейбір өлеңдері ауыр оқылатындай көрінетіні бар. Ақын өлеңде жібектей есілген жеңіл ұйқас пен бірден түйсікке жететін тура түсініктерден гөрі оқырманды ойшылдықтың тереңіне жетелейтін ордамды ойларды қол көреді. Оның өлеңдеріндегі кейбір күрделі тіркестер, түсінікке ауыр тиетін айтылымдар соны меңзейді. Әсіресе кейінгі жылдары жазылған өлеңдерінде қарапайым жайларды айтып отырғандай көрінгенімен, философиялық пайымға жетелейтін тұстары көбірек.
Ақынның біздер ұсынған жинақтағы бұрын жарияланбаған өлеңдері негізінен 2000–2010 жылдар аралығында жазылыпты. Бұл қаламгердің жоғары лауазымды қызметтерге белсене араласып, маңызды мемлекеттік істердің қызу ортасында жүрген жылдары болғаны белгілі. Бұл кезде жазған өлең-жырларының дені көңіл күй лирикасы болып келеді. Қолы қалт еткенде көңілдегі ойын көрікті өлеңге айналдырып, қағазға түсіріп отырған қаламгердің көңіл күй ауаны, ішкі сыры, өзі жан дүниесімен сезінген замана сипаты мен замандастарының аужайы айқын аңғарылады. Елінің болашағын ойлап, халқын сабыр мен бірлікке үндеп өткен жазушының жан дүниесіндегі алай-дүлей бұлқыныс та, замана жайын бажайлаған уайымы да, өмірдің ащысы мен тұщысын талмап, сенімі мен күмәні алма-кезек түсіп отырған алаң көңілі де сол тұстағы өлеңдерінің өзегін құрайды. Ойлы оқырман ақын өлеңдерін зерделесе, бұл жырлардан жүрек түкпіріндегі толғаныстары мен көңіл алаңындағы құбылыстарды ашық та, астарлап та өлеңмен өрген біраз жайтқа қаныға алады.
Ә.Кекілбайұлының парасатты поэзиясы – жан дүниесінің сыры, жүрегінің лүпілі, азаматтық үні, астарлы ақиқаты. Ақын шуақты жырлары арқылы уақыт межесін мойындамай, оқырмандарымен ұдайы тілдесіп отырмақ. Жылдарды көктей өтіп, өмір тынысы мен көңіл күйін жалпы адамзат проблемаларымен ортақтастыра толғайтын ақындық миссияның өміршеңдігі де осында. Демек ақын кестелеген ой мен сезім өрнектері – абыздан қалған аманат жырлар қашанда оқырманын табары сөзсіз.
Әділет ҚАБЫЛОВ,
Ш.Есенов университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты,
Бақтыбай ЖАЙЛАУОВ,
докторант, профессор ассистенті
АҚТАУ