Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлына арналған ғылыми еңбектердің таныстырылымы өтті. Бірегей жаңа зерттеулер ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтында 9 серия бойынша жарық көрді. Ғалымдар ойшылдың «Толық адам» тұжырымдамасына да терең зерттеулер жүргізді.
ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ҒЗИ-дің зерттеу жұмыстарын белгілі ғалымдар мен абайтанушылар дайындады. Атап айтсақ, Е.Сыдықовтың «Абай әулетінің тарихы», Т.Жұртбайдың «...Бір кемел», Е.Құрманғалиеваның «Батыс елдеріндегі және Түркиядағы абайтану», Е.Тілешовтің «Ынталы жүрек сезген сөз...», Б.Тұрсынбайұлының «Абайдан қалған арман», А.Салқынбайдың «Абайдың даналық әлемі», Ұ.Үмітқалиевтің «Абай және оның заманы тарихи-этнографиялық мұра», Ж.Әубәкірдің «Абай және ұлттық болмыс», Ж.Дәдебаевтың «Абай ілімі», Д.Ысқақұлының «Абай – дала данышпаны», Қ.Кемеңгердің «Абай мұрасы: 1891–1896», Т.Қыдырдың «Абай мұрасы және ортағасырлық түркі жазба жәдігерлері: әдеби компаративистикалық талдау» атты 12 жаңа кітап тоғыз сериямен жарық көрді. Авторлар өз зерттеулерінде қоғамның, ғылымның, әдебиеттің, тілдің өзекті мәселелерін Абайдың дүниетанымы мен мұрасы арқылы қарастырды.
«ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» абайтанудың көп қырлы аспектісінде жан-жақты ғылыми, сараптамалық және әлеуметтанулық зерттеулер жүргізеді. Ұлы ойшылдың бай мұрасын шетелде кеңінен насихаттау белсенді жүргізіліп жатыр. Кейінгі төрт жылда ақынның рухани мұрасы мен өмірінің әр саласы бойынша 80-нен астам кітап жарық көрді. Қазақ ойшылының өмірі мен шығармашылығына қатысты ғылыми еңбектер Мемлекет басшысының тұжырымдамалық идеяларымен үйлеседі. Абайдың ойлары мен тұжырымдарының терең философиясында жалпыадамзаттық құндылықтар сабақтасқан. Олар қазіргі қоғамның дамуымен өзара байланысты қарастырылады», деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
«Абай ілімі» кітабының 3-томының авторы, профессор Жанғара Дәдебаев Абай ілімінің өзекті мәселелерін жан-жақты қырынан талдады. «Абайдың «Толық адам» ілімі туралы тұжырымдамасы», «Абай ілімінің негіздері», «Абай ілімінің тоғысуы» атты үш бөлімнен тұратын зерттеу нәтижелерін оқу үрдісінде, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды дайындауда және Абай ілімі саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде пайдалануға болады. Айтулы еңбек «Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы және қоғамдық сананы жаңғырту» сериясымен жарық көрді.
Ал «Абайдың даналық әлемі» кітабының авторы Анар Салқынбай: «Абайды тану үшін әлем әдебиетін білу керек. Мұны Шекспир, Гете, Пушкинді зерттеген қазақ ғалымдары жақсы біледі. Біз кітабымызда Абайды тілдік-философиялық бағыт арқылы зерделеуге тырыстық, оның әрбір сөзін мұқият талдап, ақынның әрбір туындысындағы сөздердің мән-мағынасын сараптадық», деп зерттеу еңбегінің қыры-сырын баяндаса, ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ҒЗИ директоры Жандос Әубәкір: «Абайды зерттеу – бір күн немесе бір жылдың ісі емес. Ең басты мақсат – Абай мұрасын жас ұрпаққа жеткізу. «Абай академиясы» ҒЗИ тек ғылыми-көпшілік зерттеулермен ғана емес, сонымен қатар Абайды зерттеудің жаңа әдісін насихаттаумен де айналысады. Біз «Абай мұрасы және қазақстандық қоғамның мәдени құндылықтары», «Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы және қоғамдық сананы жаңғырту», «Абай шығармашылығы және қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуы», «Абай шығармаларының тілі және қазіргі тіл білімінің өзекті мәселелері», «Абай мұрасы контексінде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» атты 9 арнайы серия бойынша кітаптар шығардық», деп аталған жобаның мән-маңызына тоқталды.
Сонымен қатар «Абай Құнанбайұлының мұрасы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» бағытында 50-ге жуық танымдық мақала, 22 әлеуметтік-танымдық кейс, заманауи мультимедиалық технологиялар көмегімен «Толық адам» ғылыми-танымдық кешені дайындалды.
Айта кету керек, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан ақынның өмірі мен шығармашылығын жүйелі түрде тереңдетіп зерттеу мақсатында ашылды.