Қарулы күштер жасағының балалары «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарына барды. Олар арнайы бөлімшелерде үш апта бойы мәдени және сауықтыру іс-шараларынан бөлек мектеп бағдарламасы бойынша білім алады. Мұндағы мақсат – келешек буынның бойына әскери-патриоттық тәрбиені сіңіру.
Кейінгі жылдары әскери салада бой көрсеткен мәселенің бірі – патриоттық тәрбиеде жүйелі тәсілдің болмауы. Түйткілдің тиімді шешімі ретінде былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қорғаныс министрлігі 2030 жылға дейінгі арнайы тұжырымдамасын әзірлеген-ді. Құжатта төрт негізгі мазмұндық ұғым бар. Олар: тәрбие, білім, патриотизм және Отанды қорғау.
«Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бірлік пен тұрақтылықтың, әділдік пен ынтымақтастықтың, заң мен тәртіптің, сенім мен жауапкершіліктің ұлттық құндылықтарына негізделуге тиіс. Бұл – Жаңа Қазақстанның құрылуының көрінісі. Ең алдымен, жеке тұлғаның ең маңызды қасиеттерінің бірі – оның жері мен еліне деген құрмет сезімі бағалануы керек. Әскери-патриоттық тәрбие үдерісінің негізгі локомотиві елдің Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен білім беру мекемелері», делінген құжатта.
Елімізде бүгінде әскери-патриоттық клубтардың саны 9 мыңға жуықтайды. Қозғалыс тәрбиеленушілерінің саны 260 мыңнан асып жығылады. Жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны да өткізіледі. Оған әр кезеңде екі мыңнан астам әскери-патриоттық клуб, сондай-ақ 55 мыңнан астам бала қатысады.
Сондай-ақ Қорғаныс және Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен «Балдәурен» орталығында биыл мыңнан астам бала әскери-патриоттық тәрбиеден өтеді. Таяуда ғана жасөспірімдердің біразы Түркістан, Щучинск және Балқаш, Қонаев қалаларына барды. Бұл – Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың биыл қаңтар айында өткен кездесуі кезінде қол жеткізілген уағдаластықтың нәтижесі.
– Келісім аясында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдірудің бірлескен жоспары жасалды және кейіннен бекітілді. «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында әскери қызметшілер мен Қарулы күштер қызметшілерінің балаларына квота бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Баланың тәрбиесі бесіктен басталады дейді. Сондықтан ынтымақтастық әскерге шақырылғанға дейінгі жастармен жұмыс істеуге бағытталған. Жалпы, қоғамның әскерге деген жаңаша көзқарасын қалыптастыру, әскери істің негіздерін зерделеу бойынша тәжірибелік сабақтарды қамтитын тиісті оқу бағдарламасы енгізіліп отыр. «Жас сарбаз», «Smart sarbaz» сыныптары ашылады, басқа да іс-шаралар жоспарланады. Әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері үшін бірыңғай нысанды енгізу мәселесі шешіліп келеді. Осы іс-шаралардың барлығы 2030 жылға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасын іске асыруға қызмет етеді, – деді Балқаш қаласындағы «Балдәурен» РББО филиалы директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Тілеухор Битілеуова.
Мұндай демалысқа бірінші кезекте шалғайдағы гарнизондарда әскери қызмет өткеретін, толық емес және көпбалалы отбасыларда тәрбиеленетін әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың балалары жіберілді. Олардың денсаулығы басты назарда.
Айта кетейік, министрліктердің бірлескен жоспарында «Балдәурен» РҚҚ ведомстволық тиесілілігіне, штат кестесіне, «Алтын Емел» кешенінің инфрақұрылымын жетілдіруге, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, спорт қалашығын және аудитория жабдықтарын тұрғызуға қатысты бірқатар ұйымдастыру іс-шарасын өткізу көзделген.