Назарбаев университетінде «Абай тағылымы: «Толық адам» және Әділет» атты семинар-тренинг өтті. Тағылымды іс-шараның тізгінін осы оқу орны ұлттық мәдени орталығының директоры, профессор Гүлтас Құрманбай ұстады.
Назарбаев университеті – еліміздегі тарихы жөнінен ең жас әрі халықаралық жоғары оқу орны. Әлемнің ең үздік ғалымдарынан, оқытушы-профессорларынан білім алып жатқан студенттер университетте жүріп-ақ ғылыми жаңалықтар ашып, тырнақалды еңбектерін халықаралық ғылыми басылымдарда жариялап жүр. Әлемдік деңгейдегі білім алған университет түлектері ертең ел ісіне араласқанда, олардың бойында ең бастысы адамгершілік қасиет болуы қажет. Осы мақсатта Назарбаев университеті тәрбие жүйесін Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасымен жүргізуді қолға алды.
Жиын барысында Гүлтас Құрманбай ұлы ақынның тұжырымдамасын кеңінен тарқатып, бұл қасиеттер жаңа заманда да ұлттық ұстанымға, өмірлік мақсатқа айналуы қажеттігін тілге тиек етті.
«Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректі өлшейтін таразы – әділет. Толық адам болу үшін осы үш қасиет жиналып, әділетке сын артуы керек», деді ол. Сонымен қатар профессор білім алушыларға ұлы ақынның шығармашылығын қалай және қай өлеңдерін оқыту керектігі жөнінде өз жобасын таныстырды.
Семинар соңында «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүйсебек Әділхан еліміздің орта білім беру жүйесі ұлттық модернге көшірілу керектігін, ал соның негізгі тұғыры – Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы екенін айтты.
Абай философиясының терең тамырларын ашып көрсеткен жиын өз мақсатына жетті деп ойлаймыз.
Бекзат ҚҰЛШАР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті