• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Наурыз, 2024

Қалқанша безін емдеудің инновациялық әдісі жүзеге асты

285 рет
көрсетілді

Медицинадағы заманауи жетістіктер аса күрделі оталардың өзін пышақсыз жасауға мүмкіндік беріп отыр. Әлемнің озық елдерінде кеңінен пайдаланылатын тың әдістер соңғы жылдары елімізде де қолданыла бастады. Күні кеше Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында уытты емес бір түйінді зоб анықталған екі бірдей науқасқа аз инвазивті операция жасалды.

Қалқанша безін емдеудің бірегей инновациялық әдісін жасауға Астана қаласынан арнайы келген интервенциялық онкорадиолог Нияз Малаев жетекшілік етті. Бұған дейін мұндай отаның бірнеше түрін жасаған білікті маман өз тәжірибесімен бөлісіп, институт мамандарына тың тәсілдің артықшылықтары туралы дәріс өткізді.

Ота жасалған науқастардың бірі 47 жастағы түркістандық болса, екіншісі Жамбыл облысының 43 жастағы тұрғыны. Мамандар қалқанша безінің түйіндік түзілімдерін емдеудің айрықша әдісі сәтті өткенін, алдағы уақытта институт қабырғасында мұндай оталарды жасау қолға алынатынын жеткізді.

«Біздің клиникада терапиялық бейіндегі пациенттер, соның ішінде қант диабеті, қалқанша безінің аурулары және т.б. науқастарға медициналық көмек көрсетіледі. Қалқанша безінің қатерсіз түйіндерін емдеудің бірегей, аз инвазивті әдісі - радиожиілікті аблацияны енгізу біздің пациенттерге хирургиялық араласусыз  қалқанша безінің түйіндік түзілімдерінен арылуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Біз Астана қаласының Ұлттық ғылыми медициналық орталығының дәрігері, әріптесіміз Нияз Бейсенұлына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз», дейді ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, екі науқасқа да уытты емес бір түйінді зоб диагнозы қойылған. Бұл функцияның бұзылуынсыз қалқанша безінің қатерсіз патологиясы. Симптомдар түйіннің көлеміне және оның орналасуына байланысты өрбіп, косметикалық ақау, тыныс алу мен жұтудың қиындауы, тамақ ішу кезінде ыңғайсыздық сезіну, дауыстың өзгеруі сияқты қолайсыздықтарды туындатуы мүмкін. Ал жарты сағат ішінде жүзеге асатын инновациялық әдістен кейін науқас дертінен құлан таза айығады.

«Денсаулықтың адамға берілген үлкен нығмет екенін денемізді дерт дендегенде ғана білетініміз өкінішті. Мұндайда үміт артарымыз – ақ халатты абзал жандар. Осынау ерекше әдісті жасатуға арнайы Түркістан облысынан келдім. Бәрі сәтті өтіп, көңілім жайланған жағдайы бар. Дәрігерлерге, медбикелерге, маған қолдау білдірген әрбір жанға шын көңілден алғыс айтам», дейді Түркістан облысының тұрғыны Ойдин Туреханова.

Осы уақытқа дейін Қазақстанда қалқанша безінің қатерсіз түйіндік ісіктерін хирургиялық алып тастауды қамтитын стандартты терапия қолданылған. Қалқанша безін аблациялау процедурасын науқастар жақсы өткереді. Процесс шамамен 30 минутқа созылады. Процедурадан кейін шамалы ауырсынудың пайда болуы қосымша ауырсынуды басуды қажет етпейді.  Радиожиілікті аблация қауіпсіз. Бұл әдістің артықшылығы – аз инвазивтілік және процедураның қысқа мерзімділігі, жақсы терапиялық әсер және асқынулардың болмауы.

«Радиожиілікті аблация - ісік тініне әсер етудің заманауи әдістерінің бірі. Оның мақсаты - ісікті толығымен жою, осы әсердің нәтижесінде қалқанша без түйіндерінің патологиялық жасушалары жойылады, бездің сау тіндері зақымдалмайды. Бұл әдіс қалқанша безінің түйіндерін хирургиялық алып тастауға  тамаша балама болып табылады», деп атап өтті Нияз Бейсенұлы.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ эндокринология кафедрасының меңгерушісі м.ғ.к., MD PhD Лаура Даньярованың айтуынша, науқас хирургиялық араласудан бас тартқан кезде, қалқанша безінің қатерсіз түйіндері 3,0 см-ден асқанда, қысылу белгілері мен эстетикалық проблемалар туындағанда инновациялық әдістің көмегіне жүгінген абзал. Сондай-ақ аталған әдісті құрамында 70%-дан астам кисталық компонент, іргелес органдардың қысылуын тудыратын өсіп келе жатқан түйіндер бар барлық дерлік қатты және аралас қатты кисталық түйін түзілімдеріне жасауға болады. РЖА процедурасының алдында түйіндік түзілім биопсиясы және цитологиялық зерттеу қажет.

Алдағы уақытта ҒЗИ бұл бағытта арнаулы  мамандар даярлауды және көрсеткіштер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, қалқанша безінің қатерсіз түзілімдерін РЖА жүргізуді жоспарлап отыр.

АЛМАТЫ