• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тағзым 03 Наурыз, 2024

Ізтай ақынды еске алды

180 рет
көрсетілді

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында талантты ақын әрі аудармашы Ізтай Мәмбетовтің 95 жылдығы атап өтіліп, «Табанталдан шыққан талант» атты көрме ұйымдастырылды.

1974 жылы 45 жасында Алматыда дүниеден өткен лирик ақын поэзиямен қоса аударма саласында да өнімді еңбек етті. Ақын Ертай Ашықбаев ақпан айы туғанда поэзия сүйер жұрт­­тың Ізтай ақынның «Мен туыппын ақпандатқан боранда» өлеңін қайталап оқитынын, 1950-1970 жылдары қазақ өлеңіне ерекше жол салған Із­ағаңның соңынан ілескен інілері Сағи Жиенбаев, Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбаевтың қазақ әдебие­тінің тұғырын биіктеткенін атап өтті. Кезесуде С.Сейфуллин атындағы Қа­зақ агротехникалық университеті доценті, философия ғылымдарының кан­дидаты Тілектес Тоқсанбаева Ізтай Мәмбетовтің аудармашылығын терең зерттеуді ұсынды.

Іс-шараға Ізтай бауырларының балалары Рита Байта­сова, Гүлзия Қабиқызы, Гүлзира және Гүлнар Алғабайқыздары келді. Ізтай Тілеуліұлы 1929 жылы қазіргі Алға ауданы Бесқоспа ауылында дүниеге кел­ген. Оның азан шақырып қойған есімі Ізбасқан болса да, ата-анасы Ізтай атап кеткен. 1930 жылғы аштықта ата-анасы Ақтөбеге көшіп келіп, Тамды көшесінен екі бөлмелі қоржын үйде тұрады. Әкесі қарсы беттегі диірменге жүкші болып орналасқан. Ізтай бес ағайынды: ең үлкені Айман, одан кейін Ізтай, кейінгілері – Айжан, Дәния, Темірхан. Айман әжей Алға, Мұғалжар аудандарының мектептерінде ұзақ жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Былтыр 96 жасында өмірден өтті. Екі жыл бұрын Алғада апаймен тілдесіп, өмірдеректерімен танысқанбыз. Ізағаң 1947 жылы Ақтөбедегі №6 мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматыға оқуға кеткісі келсе де, бірден үйден кете алмай үш жыл жүрген. Соғыстан жүрегі шайлыққан әке баласына қасынан ұзатқысы келмеген сыңайлы. Талантты жігіт қарсылықтарға қарамастан 1950 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетіне оқуға түседі.

Лирик ақынның өлеңдерін жастардың сүйіп оқитыны осы іс-шарада байқалды. Ақтөбе гуманитарлық колледжінің сту­денттері «Мен туыппын ақпандатқан бо­ранда», «Табантал», «Тамды», «Ана­ма», «Қаракөз», «Балам Гүлшатқа», «Жұм­бақ дәрі», «Өгей шеше», «Со­қыр» және Қуандық Шаңғытбаевқа ар­налған «Ағалық» атты өлеңдерін, К.Симоновтан аударған «Жди меня, и я вернусь...», Гейнеден аударған «Гимн» өлең­дерін, М.Мәметова атындағы медицина колледжінің студенті Бер­дәулет Алламбергенов ақынның «Мен ақынмын» өлеңін оқыды. Ақтөбе музыка колледжінің студенті Айдана Айдарғалиқызы І.Мәм­бетовтің сөзіне жа­зылған Шәмші Қал­даяқовтың «Қара­көз» әнін шырқады.

Ізағаңның атында туған жерінде тек Алға аудандық балалар және жас­өспірімдер кітапханасы бар. Осы ме­кеменің директоры Ақшолпан Ізтілеуова кітапханаға ақынның атын беруге ұла­ғатты ұстаз Тыныс Ақболатованың ықпалы көп болғанын айтты. Тыныс апай 1965-1970 жылдары Алматы сту­денттері лирик ақынмен кездесуге асыға­тынын, енді осы дәстүрді тұлғаның туған жерінде жалғастыруға ұсыныс еткен. Талантты жанның есімі кітапханаға берілсе, әдебиетті сүйетін жастар шоғыры қалыптасар деген ой болған. Шынымен де, содан бері Ізтай Мәмбетов кітапханасы Алға оқу­шыларының танымдық кездесулер өткізетін сүйікті орнына айналды.

 

Ақтөбе облысы