• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Туризм 03 Наурыз, 2024

Жол азабы тұралатқан туризм

95 рет
көрсетілді

Туризм және спорт министрлігі 2019 жылдан бері топ-10 басым туристік аумақты дамыту бойынша жұмыс атқарды. Содан бері аймақтардың әлеуетін салмақтай отырып тізім ұзарып, туризм кластерін дамытуға таптырмас орындардың қатары екі есеге артты. Енді Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша туристік әлеуеті басым 20 аймақтың тізімі шықты.

Ішкі туризмнің тамырына қан жүгіртіп, туристердің қата­рын арттырудың қамы үшін жер­гілікті атқарушы органдар ин­фрақұрылымды дамыту бағы­тында жол картасын әзірледі. Был­тырғы 9 айдың қорытындысы бо­йынша ішкі туристердің саны 5,4 миллион адамға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда көрсет­кіш едәуір өскені байқалды. Ше­телдік туристердің саны былтыр 835 мыңға жуықтады. Туризм өрісін түлетуге 2022 жылы 40 млрд теңгеге 138 инвестициялық жоба іске қосылса, былтыр 288 млрд теңге бөлініп, 115 жоба қар­жыландырылған. Игілікті бастаманы жүзеге асыру арқылы 1,5 мың адамды тұрақты жұмысқа тарту көзделген.

Еліміздегі негізгі 20 ту­ристік аймақтың бірі – Батыс Қа­зақстан облысындағы «Хан ор­дасы» кешені. Ордалықтар өз­де­рін тұңғыштардың шоғыры орна­лас­қан көрікті мекен тұрғын­да­ры санайды. Олай болатын да жөні бар. Қазақ сахарасында ашылған алғашқы қазақ мектебі, қыздар училищесі, амбулаториялық емхана мен аурухана, банк ғимара­ты да бұл өлкеде 1850 жылдар­ға дейін салынып жұмыс істеген. Бүгінде осындай тарихи-мәде­ни ескерткіштер туристер жиі ат шалдыратын орынға айналып, жыл сайын келушілердің де қатары артып келеді. Жәңгірдің хан­дық құрған кезеңінде бой көтер­ген ғимараттардың бүлінбей бүгін­ге бүтін жетуі Батыс Қазақстан об­лысының несібесіне айналып отыр. Былтыр күзде ашылған визит орталықтың мәліметінше, 5 жыл бұрын «Хан орда­сын» көруге келушілердің саны 16 мың­дай болса, былтыр 25 мың саяхаттаушы табан тіреген.

«Бұл кешенде 1827 жылы салынған хан сарайы сақталған. Одан кейін тұрғын үйлері салына бастады. 1845–1847 және 1878 жылдары қабырғасы қаланған үйлер сақталған. 1832 жылы жәрмеңкеге келген көпестер өз­дерінің жай-күйіне жайлылық үшін базарлар ашып, тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді. 1841 жылы Жәңгір хан тұңғыш мектепті салдырды. 1883 жылы қазақ қыздар мектебі бой көтерді. 1852 жылы пайдалануға берілген аурухана мен 1872 жылы салынған амбулаторлық ғимараты бар. 1846 жылғы Тарғын мектебі, 1835 жылы Жәңгір ханның өзі салдырған мешіті де тұр. 1867 жылы салынған қазынашылық мекеме мен мешіт тастан қаланған. Қалған ғимарат ағаштан, бөренені бүтіндей, кейде қақ жарып қиыстырған. Мұ­ның барлығы да бүгінде еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштері са­налып, туристердің тамаша­лай­тын орнына айналып отыр. Алды екі ғасырға жуықтаған ғи­мараттардың бүлінбей бүгінге же­туі – құрылыс жұмыстары­ның өте ыждағатпен іске асуы­нан. Тарихи-мәдени ескерткіш­тер­дің басым көпшілігінде едені­нің тақтайы екі қабат төселген. Ғимараттардың төбесіне қыста жылу ұстау үшін және жазда салқын болсын деген мақсатта малдың тезегін де жайған. Былтыр облыс әкімдігінің қолдауымен туристерді қабылдайтын визит орталық ашылды. Хан ордасы аулына келетін туристердің алдымен ат байлар мекені – осы визит орталық. Келушілерге қан­дай кешенді тамашалайтынын, оған қалай жететінін осы визит орталықтағылар жөн сілтейді», дейді музей-қорық директоры Ғайса Махимов.

Оның айтуынша, Ресейдің Астрахан мен Волгоград облыстарынан да келушілер көп. Қоңсы қонған демалыс кешендеріне келгендер де ашық аспан астын­дағы мұражай «Хан ордасы» музей-қорығын тамашалауға бұ­рылады.

Азамат соғысының ардагері, еңбегі сіңген педагог Ахметпайыз Тәжетдинов 1962 жылы өзінің жеке қорындағы 55 экспонатпен тарихи-революциялық мұражайды ашқан. Ел ішінен экспонаттарды жинастыра жүріп ауқымын кеңейтті. 1967 жылы мұражай қа­зынашылық ғимаратына кө­ші­ріліп, 1969 жылы мемле­кет қам­қорлығына алынған соң штат бө­лінген. 2002 жылы ғима­рат­тар­дың саны артуына байла­ныс­ты Бөкей ордасы тарихи музей-кешеніне айналды. 2019 жылы 13 ғимарат, 3 кесене – барлығы 16 тарихи-мәдени ескерткіш облыста алғаш құрылған музей-қорықтың еншісіне берілді. Бұдан 62 жыл бұрын кітапхананың бір бөлмесінде ашылған музей бүгінде Батыс Қазақстан облы­сының тарихи-мәдени жауһары саналады. Сондай-ақ Хан сарайы­ның өртке оранған бөлігіне «Мәде­ни мұра» бағдарламасының шара­паты тиіп, қалпына келтірілді.

«Жол мұраты – жету» десек, «Хан ордасы» музей-қорығына келушілерді қинайтыны – тарихи орынға табан тірегенше жол­соқты болып шаршататын жол ауырлығы. Облыс орталығы Орал қаласынан 600 шақырым, аудан орталығынан 50 шақырым жырақта жатыр.

Келушілер ашық аспан астын­дағы музей-қорықтан 19 мыңнан аса экспонатты тамашалай ала­ды. Тарихи-мәдени ескерткіштер­дің құндылығы өз алдына, Иса­тай мен Махамбеттің сарбазына сыйға тартқан қанжары да Хан ордасы қорық-музейінде тұр. Өткен ғасырда батыс топырағында балмұздақ өндіретін аппараттар жұмыс істегенін осы қорық музейдегі экспонаттар әйгілейді.

Бұл өлкенің табиғаты да ту­ризмді өрістетіп, емдік қасиеті мол су көздері де емдеу-сауықтыру кешендерін салуға сұранып-ақ тұр. Инфрақұрылым мәселесі бір қайырылса, оның ішінде осы жолдың жайы жөнге келсе, ішкі туризмнің екпіні күш ала түсетіні сөзсіз. Шағын және орта бизнестің дамуы 3 мыңнан аса жергілікті тұрғынның да әлеу­меттік әлеуетінің нығаюына сеп­тігін тигізері анық.

Хан ордасы музей-қорығы – бір ауылдың бизнесін өрістетуге де таптырмас мүмкіндік. Ішкі туризм ағыны күшейіп, бұл ауыл­ға келушілердің қатары артады. Көлік жуатын орыннан бастап қонақүй, асхана, спорттық ойын кешені салынса, бір жоқты бір жоқ табары анық. Сырттан келген қонақ көлігінің батпағын жуғаны үшін де қалтасындағы қаржы­сын ауыл тұрғынының алақанына ­салып кетеді. Сиырын сауып, ма­йын шайқап, құртын кептірген аға­йын да әр келген туриске тауарын ұсыну арқылы кәсібін дөңгелетеді. Қонақтарды атпен серуендетіп, сейілге шығарып та пайда табуға болады. Этноауыл құру арқы­лы да ұлттық құндылығымызды дәріптеудің таптырмас мүмкіндігі туады. Көзін тапқан адамға ішкі туризмді өрістету – кәсіптің тұма қайнары.

Жергілікті тұрғындар респуб­ликалық маңызға ие Өнеге – Бисен – Сайқын жолынан Хан ордасы аулына жеткізетін 21 шақырым жолдың жасалғанын көптен күтіп жүр. Ойдым-ойдым жолдың бүтінделіп жасалуы көп жақсылықтың жаршысы бол­мақ. Жолдың жайы реттелсе, На­рынның ұйыса өскен қарағайлы алқабына сауықтыру кешенін салуға ықыласты инвесторлар да табылады. Инвестиция тартумен де емдеу-сауықтыру орындарын салып, жергілікті халықты тұрақ­ты жұмыспен қамтамасыз етуге болады.

Бес жылдан бері «Батыс Қа­з­ақ­стан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектура­лық-этнографиялық музей-қорығы» деп аталатын тарихи кешеннің кем-кетігі біртіндеп түгенделіп ке­леді. Республикалық маңызы бар та­рихи һәм мәдени ескерткіштер­дің тізіміне енгізілген кешен­нің барлығы да – мемлекет қор­ғауында. 7 ғимараттың келбеті қайта қалпына келтіріліп, жөндеу жұмыстарынан өтіп, халықтың тамашалауына барлық мүмкін­дік жасалған. Оның ішінде 172 жыл бұрын салынған аурухана ғи­мараты және ауыл мұғалімі­нен ұлт қайраткеріне дейін өскен Сейітқали Меңдешев мекен ет­кен үйі де жөндеу көрді. Келешек­те Жәңгір мектебінің мұғалім­дері тұрақ еткен үйі, «Ш.Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейі», Хан сарайы, «Хан мешіті», «Қыздар мектебі», «Баспахана музейі», «Қа­зынашылық мекеме» болған ғимараттарға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл ауылдан 4 шақырымдай шалғайда орын тепкен Жәңгір хан, Дәулеткерей күйші, ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов кесенелері де жаң­ғыртылады. Мұның барлығы да тарихи-мәдени орындарды тамашалау мақсатында Хан ордасы ауылына тоқтаған туристердің алдына сан салалы өріс ашары сөзсіз.