Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолдау көрсету керек екенін міндеттеген. Бұл ретте өңірлерде психоневрологиялық аурумен ауыратындарды бейімдеуге бағытталған орталықтар ашу маңызды. Аталған жайт облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тұрғындармен кездесуінде де жиі көтеріледі. Енді, міне, Жетісу облысында алғаш рет психоневрологиялық аурулармен ауыратындарға қызмет көрсететін күндізгі бөлімше ашылды.
«Жыл басында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан адамдарға жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін «Жан шуақ – Жетісу» қоғамдық бірлестігімен 3 жылға келісімшарт жасалды. Мақсатымыз мүгедектігі бар жандарды әлеуметтендіру және қоғамға, тәуелсіз өмірге бейімдеу еді. Осыған орай жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Қолданысқа берілген бөлімше 18 жастан 35 жасқа дейінгі мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде», дейді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Орталықтағы емдік дене шынықтыру залы велотренажер, жүгіру жолы құрылғыларымен бірге үстел теннисі, гантель, гир, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, гимнастикалық доп, тігін машинасы, тоқуға арналған жиынтықтар, жаттығуға арналған жгут, массаж креслосы, мәдени іс-шаралар өткізуге арналған музыкалық аппаратура, маркер тақтасымен жабдықталған. Медициналық көмек көрсетуге және арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандарға арналған кабинеттер заманауи құрал-жабдықпен толыққан.
«30 орынға арналған бөлімшеге 18 қызметкер жұмысқа алынды. Оның ішінде психолог, дефектолог, мұғалім, жаттықтырушы, әлеуметтік қызметкер бар. Қызмет алушыларға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқық саласы бойынша қызмет көрсетіледі. Оларды тасымалдау үшін 16 орынды автокөлік жалға алынды. Алдағы уақытта ауланы қоршап, жазғы демалыс орындары мен бассейн құрылысын салуды жоспарлап отырмыз», дейді «Жан шуақ – Жетісу» қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлназ Тілеуберлинова.
Шынында, психоневрологиялық аурумен ауыратын жастарды үйде қараудың өзі отбасы мүшелеріне салмақ түсіреді. Бұған қоса олардың өмір сүру сапасы, қоғам өміріне қатысуы да қиын болары анық. Қаншама ата-ана мамандығы болса да ауру балаларды қараймыз деп жұмысқа шыға алмай үйде отырғанын есептей беріңіз. Аталған бөлімше ата-аналардың сол қиындығын жеңілдетеді.
«Ата-ана ретінде алғысым шексіз. Бала қараумен үйде отырғаныма 15 жылдан асты. Олардың жүрегі таза, көңілі пәк болғанымен ортаға бейімделуі қиын. Көп нәрседен бас тартуға тура келеді. Мамандығым мұғалім, бірақ бала қараумен жұмыс істей алмадым. Қазір зейнеткермін, жұмыс өтілім болмағандықтан зейнетақым да мардымсыз. Қазір қаншама жас ата-ана мен секілді күй кешіп жүр. Сондықтан осындай орталықтар көбірек ашылса, олардың да өз қалауымен жұмыс істеуіне мүмкіндік болар еді», дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Ләззат Арыстанова.
Жетісу облысы